Президент автомобиль өнеркәсібінің электрлі көліктерге көшуін жеделдету мақсатында бұрын-соңды болмаған ең қатаң ережелерді жариялады. Жоспар бойынша 2032 жылға қарай сатылатын жаңа көліктердің 56%-ы электрлі болуы тиіс.
Президент әкімшілігі халықты қымбат электромобиль сатып алуға көндіргісі келеді
Детройт автосалоны. Фото rg.ru сайтынан алынды
1,933
оқылды

BBC News басылымында 8 жылдан кейін АҚШ-та сатылатын жаңа көліктердің жартысынан көбі электрлі болатыны туралы материал жарияланды. Британдық басылымның хабарламасына сүйенген Aikyn.kz бұл шешімнің қабылдану себебін түсіндіреді.

Жаңа стандарттарға сай келмейтін көлік өндірушілерге үлкен айыппұл салынады. Фото aurora.network сайтынан алынды

Дәстүрлі автокөлік өндірушілерге қойылатын талаптар өткен жылғы жобамен салыстырғанда жеңілдетілген. Бірақ Байден әкімшілігі қабылданған ережелер климатты жылытатын парниктік газдардың шығарындыларын айтарлықтай азайтатынын айтуда.

Ал Қоршаған ортаны қорғау агенттігінің мәліметінше, сәрсенбіде (20 наурыз) Ақ үй қабылдаған ережелер 30 жылда көмірқышқыл газы шығарындыларын 7 миллиард тоннаға азайтады.

Жаңа шара жыл сайын дәстүрлі көліктерден шығатын зиянды газдардың рұқсат етілген ластану мөлшерін айтарлықтай шектейді. Жаңа стандарттарға сай келмейтін көлік өндірушілерге үлкен айыппұл салынады. Компанияларға бензинмен жүретін көліктерді шығаруға рұқсат етілгенімен, олардың жалпы көлемі жыл сайын азайып отыру керек. Мысалы, көлік өндіруші бір жылда 100 000 көлік құрастырса, оның ішіндегі бензинмен жүретін көліктер саны жыл сайын кеміп, электрлі көліктер көлемі өсіп отыруы тиіс.

Президент Байден Детройт автосалонында. Фото BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images

2035 жылдан бастап жанармаймен жүретін көліктердің барлық сатылымына тыйым салатын Еуроодақ пен Ұлыбританияға қарағанда бұл мәселе бойынша АҚШ-тың ұстанымы біршама жұмсақ. Ұлыбританияның премьер-министрі Риши Сунак өткен жылы бензин мен дизельмен жүретін көліктерге тыйым салуды 2035 жылға қалдыратынын мәлімдеді.

АҚШ-тың автомобиль өнеркәсібі электрлі көліктер (EV) сатылымының баяу өсуіне алаңдаулы, сондықтан мұндай көліктер 2032 жылы сатылған барлық жаңа көліктердің 67% құрауы тиіс деген өткен жылы қабылданған ережелер жобасына қарсы болған.

2023 жылы АҚШ-та электрмен жүретін көліктер барлық жаңа автокөлік сатылымының 8%-ын құраған. Автокөлік өнеркәсібі мен Автомобильдік инновациялар альянсы жаңа қабылданған ережелерді қолдағанымен, талаптардың әлі де қатал екенін айтуда. Қоршаған ортаны қорғаушылар да жаңа шараны жалпы құптаған, дегенмен кейбір белсенділер оны әлі күшейту қажеттігін мәлімдеген.

Байден әкімшілігі құптаған ережелерге мұнай өнеркәсібі қарсы болуы мүмкін. Фото auto.ru сайтынан алынды

Байден әкімшілігі құптаған ережелер мұнай өнеркәсібі мен республикашылдар басқаратын штаттарда қарсылыққа тап болуы мүмкін. Оның іске асырылуы заңдық қиындықтарға жолығып, мәселені ақыр соңында Жоғарғы сот шешуі мүмкін. Бұл да Байден командасының жүруіне тура келетін саяси траекторияның бұлыңғыр екенін көрсетеді.

Байденнің президенттік сайлаудағы қарсыласы Дональд Трамп болса маңызды Мичиган штатындағы автокөлік өндірісіндегі жұмысшыларын өзіне қаратуға кіріскен, сонымен бірге демократтар үшін басты мәселе саналатын климаттың өзгеруіне қатысты шараларға да қарсы шығуда. Трамп қарашада жеңіске жетсе, Байден қабылдаған экологиялық ережелерді жоюға уәде берді.

Трамптың сайлауалды науқанының өкілі Кэролайн Ливитт жаңа ережелер «америкалықтарды АҚШ-тың автомобиль өнеркәсібін жойып, өздеріне қажетсіз немесе қалтасы көтермейтін өте қымбат көліктерді сатып алуға мәжбүрлейді», дейді.

Kelly Blue Book сауда басылымының мәліметінше, өткен жылы электр көлігінің орташа сатылым бағасы шамамен 53 500 долларды құраған, бұл бензинмен жүретін көліктерден шамамен 5 000 долларға артық. АҚШ-тағы орташа жылдық жалақы шамамен 59 000 долларды құрайды.

Республикалық палатаның спикері Майк Джонсон да қазіргі президенттің саясатын сынап, оны «тұтынушылардың таңдауын шектейтін, америкалық отбасыларға қымбат және автомобиль өндірушілерін күйрететін тағы бір радикалды антиэнергетикалық крест жорығы» деп атады.

Бұл да қараша айы жақындаған сайын америкалықтарды өзіне қаратуға арналған екі қарсыластың қолданатын сайлауалды технологиялары екені түсінікті.