Ұлттық тағамымыз саналатын әсіп бү­гінде төрге шықты, хит тағамдардың бірі бо­лып, оған сұраныс бірнеше еселеп көбейді.
Әсіпті кәсіп еткен
306
оқылды

Қазір шалғай ауылдардың ғана емес, қалалықтардың да сүйіп жейтін асына айналды. Дәруменге бай әрі жеңіл тағам кафе-ресторандардың мақтаныш­пен көрсететін мәзірінен та­былды. Тіпті, қазір әсіп жасайтын көп қыз-келіншек арнайы курс ашып, оны қалай жасаудың, қалай тапсырысты көбейтудің және онымен қалай кәсібін дөңгелетіп, милиондаған қаржы табудың қыр-сырын үйретіп жүр. 

Бір кездері сонау бағзы заманнан дас­тарқанымыздың төрінен орын алып жүрген әсіп­ке сұраныс төмендеп, көпшілік аса құнт­тамай кеткен еді. Ішек-қарыннан жасалған деп мұрнын шүйіре қарайтын жұрт қазір әсіпке қалай  әуес болды? Біз әсіп бизнесінде 25 жыл бойы үздіксіз еңбек етіп, бүгінде жетістікке жеткен түркістандық кәсіпкер келіншек Гүл­жайна Таукебаевамен тілдескен едік.

Айта кетейік, бір кездері еліміздің өзге өңірін­де ұмыт бола бастаса да, Түркістандағы тіршілігі қайнаған әсіп базары бір сәтке де тоқтаған емес. Сонадайдан иісі мұрын жаратын әсіптің өз тұтынушысы бар. Түркістанда балалық шағын өткізіп, бүгінде еліміздің әр қиырында еңбек етіп жүрген талай беделді, белді азаматтар да әсіп базарына мойын бұрмай кетпейді. Балалықтың дәмін татып, бір масайрап қайта­тынын естіп те, көріп те жүрміз. Кейіп­керіміз Гүлжайна Өмірбекқызы көрші об­лыстардан Шымкент, Ақтөбе, Атырау Қызыл­ордадан сонау Алматыдан арнайы келіп дәм тататындар бар дейді. Тіпті, қыстыгүні  тапсырыспен әсіпті мұздатып қағазға орап, Ресейге жіберген күндер де болыпты.

Елде дағдарыс болған 90-жылдардың басында отбасын асырау үшін базарға шыққандардың қатарында болған кәсіпкер келіншек бастапқыда бәліш сатып күн көрген.  Бәлішке маманданған ол қысы-жазы осы кәсіпті дөңгелетіп, күніне 50 келі болатын 1 қап ұнға дейін илеп, ашытып, бәліш сатқан күндерін еске алды. 2000 жылдары Түркістандағы базардан өрт шығып,  бәліш сататын орны жабылып қалады. Ойда-жоқта нәпақасынан айырылып қалғандықтан абдырап қалған ол әсіп сатуды ойға алған. 

«Қазақтың ұлттық тағамының бірі әсібіміз қазір төрге шықты ғой. Әрине, бейнеті ауыр, соған сай сұраныстың көптігі қуантады. Пайда да жақсы. Қиын-қыстау кездері әсіп істеп сатуды қолға алдым. Шүкір, оның да өз клиенттері бол­ды. Қазір тіптен тапсырыс беретіндер көбейген. Әсіресе, Ораза айында еселеп артты. Бұрыны­рақта адамдар тек өздері жеу үшін келсе, қазір ауызашарға  тапсырыс береді, қонақтың алдына қоятын абыройлы тағамның қатарына шықты. Қазір көпшілік үстелге шұжық қоймайтын болды, оның орнын өзіміздің әсіп басты», – дейді Гулжайна. 

«Қанағат қылсаң маған, тағы берем саған» деген тәмсілді берік ұстанған ол осы кәсіптен пайда тауып отырғанына қуанады. Бүгінде Түркістан қаласының әсіп базары екі есеге үлкейген. Сатушы да, соған сай сұраныс та көбейген. Гүлжайна Өмірбекқызы күн сайын  әр қайсысы 700 теңгеден болатын 80-100 кісілік тағам сататынын айтады. Демек бір күнде 60 мың теңгеге  жуық сауда істесе, орта есеппен оның кемі 30 пайызы пайдаға қалады.   Күнделікті мөлшер жобасына сай сиырдың майлы ішегін, өкпе-бауырын сатып алады. Күн­ұзақта базарда тұратындықтан «оны қай уақытта істеп үлгересіз?» деген сауалымызға мұны базардан барғанынша жұбайы мен келінінің жартылай дайындап қоятынын айтады. Сонымен бірге базарда қасына көмекші ұстайды екен. Оған күн сайын 3-4 мың теңге көлемінде ақы төлейді. Әбден әсіп істеуге машықтанған келіншек кейінгі кездері кейбіреулердің  әсіптің өз табиғи дәмін бұзып дәмдеуіштер қосып тастайтынын, оның келешекте әсіпке деген сұраныстың төмендеуіне әсер етуі мүмкін екенін айтып қынжылды. Бүгінде әсіп бизнесінің арқасында  кәсіпкер ұлы мен екі қызын аяқтандырып, он шақты немере сүйіп отыр. Айта кетейік,  әсіп – денсаулыққа өте пай­далы, жеңсік ас. Мәселен, бауыр темірге, А1, В2, В6, В12 дәрумендеріне бай. Оның үстіне, өте маңыздысы – еттің құрамына экстрактивті деп аталатын заттар кіреді, олар қайнатқан кезде сорпаға ауысады. Экстрактивті заттар тәбет ашып, ас қорытатын сөлдердің бөлінуін күшейтеді екен. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы