Бүгінде құрылыс компанияларының жұмысына қатысты мәселе де жоқ емес. Соның бірін қазір тұрғын үйге ақша құятын үлескерлер жиі айтып жүр.
Құрылыс компаниясының қулығы: үлескерлер 720 мың теңгені артық төлейді
950
оқылды

Соған байланысты ҚР Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айгүл Құспан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады.

Бірінші кезекте, өткен жылдың шілде айында елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс саласын бақылауды күшейтіп, тәртіп орнатуды тапсырғанын еске салғым келеді.

Азаматтармен кездесу барысында менің атыма, «AMANAT» партиясынан сайланған әріптестеріме құрылыс компанияларының жұмысына байланысты  үнемі шағым түседі. Ең көп кездесетін мәселелер легі төмендегідей:

Құрылыс салушы компаниялармен шарт жасасу кезінде тұрғын үй алаңы жобалық құжаттамадан 3%-ға дейін азайса, құрылыс салушы да, тұтынушы да жауапты болмайды.

Іс жүзінде біз тек үй аумағының кішіреюі жайлы айтып отырмыз. Өйткені азаматтарымыз үнемі үйдің техникалық төлқұжатын қолына алғаннан кейін, бірнеше шаршы метр жетпейтінін аңғарған.

Мәселен, сіз шарт бойынша ауданы 60 шаршы метрді құрайтын, бір шаршы метрі 400 мың теңге немесе жалпы құны 24 млн теңге болатын пәтерді сатып алдыңыз делік. Ал құрылыс аяқталғаннан кейін пәтердің нақты ауданы 3 пайызға азайып,  бар болғаны 58,2 шаршы метр екеніне көз жеткізесіз. Бірақ құрылыс компаниясы осы жердегі айырмашылықты өтемейді. Ал ол кем дегенде 720 мың теңгені құрайды.

Біз мысал ретінде тек бір ғана пәтерді сөз етіп отырмыз. Елордада салынып жатқан тұрғын үй  кешендерінде аталмыш жағдайдың жүздеген, тіпті мыңдаған түрі бар. Ел бойынша қарастырсақ, бұл мәселе өте үлкен ауқымды қамтиды.

Құрылыс компаниялары Ұлттық экономика министрлігінің 2016 жылғы 28 шілдедегі №345 «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы үлгі шарттың үлгілік нысанын бекіту туралы» қолданыстағы бұйрықтың 29-тармағына сілтеме жасайды.

Осы тармақтың бірінші абзацында: «Уәкілетті компания үлес алаңының азаюы/ұлғаюына әкеліп соққан жобалау-сметалық құжаттамадан және Шарттан ауытқулар үшін жауапты болады» деп жазылған.

Ал екінші тармағында: «Бұл ретте, үлес алаңының кемінде 3%-ға азаюы/ұлғаюы жобалау-сметалық құжаттамадан және Шарттан ауытқушылық болып табылмайды» делінген. Осылайша,  бұл бұйрық құрылыс салушыларға үлескерлердің қаражатын есепсіз жұмсауға мүмкіндік беріп отыр.

Бүгінде азаматтардың көп бөлігі  пәтердің азайған ауданы үшін ақшалай қаражатты қайтару мәселесінің шешім табуын талап етіп отыр. Ал шешім – Ұлттық экономика министрлігінің аталған бұйрығына өзгерістер енгізу.

Осы ретте тұрғын үй құрылысы мәселелері «AMANAT» партиясының назарында екенін еске саламын. Біздің партияның сайлауалды бағдарламасында қазақстандықтар үшін жеке тұрғын үй сатып алу жоғары бағамен екені көрсетілген. Бұл жағдайда жеке құрылыс салушылар одан да көп пайда табу үшін біздің азаматтарымыздың мүддесін елемейтіні анық.

Құрметті Роман Васильевич, жоғарыда айтылғандардың негізінде,  сізден осы мәселені мұқият қарап, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына және өзге де құқықтық актілерге тиісті түзетулер енгізуді тапсыруыңызды сұраймын.

Халыққа жылжымайтын мүліктің әділ нарығы қажет!

Депутаттық сауалға жауапты заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша түрде беруіңізді сұраймын,  – деді депутат Айгүл Құспан.

Дариға Құрманалы,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық университетінің 4-курс студенті