Талдықорғанның төңірегінде ай­мақтың өткенінен мағлұмат беретін, ежел­ден осы жерді мекендеген ата-бабадан мұраға қалып, бүгінге дейін аман жеткен жәдігерлер баршылық.
Петроглифтерге  қауіп төніп тұр
779
оқылды

Ес­кіден жеткен ежелгі қорымдар, оба­лар, тастарында таңбалар ойы­лып, бағзы заман адамдарының қол­­таңбасы қалған тұтас кешендер же­­терлік. Бір өкініштісі, солардың де­­ні тиісті орындар тарапынан терең зерт­­телмеді, бағасы берілмеді және қор­­ғалып та отырған жоқ. Тек ерік­ті­­лер мен еліміз бен жеріміздің та­ри­хына қызығушылық танытатындар анда-санда саяхат ұйымдастырып, та­рихи ескерткіштердің маңызы жай­лы әңгіме қозғайды. 

Осыдан бірер жыл бұрын Кербұлақ ау­да­нындағы Арқарлы тауларында орна­лас­қан петроглифтерге қауіп төнгенде облыста да­был қағылып, таңбалы тастарды құрылыс ма­териалдарына пайдаланушыларды әрең тоқ­татып, онда аталған аумақ мемлекеттің қор­ғауында деп белгі қойылған. Сонымен, ол жақ тынышталғандай болған. Шалғайда жат­қан ондай ескерткіштің талайының тағ­дыры белгісіз. Оны айтасыз, облыс орта­лы­ғының тура жанындағы Қызылтас сая­жайлар аумағындағы тарихи және табиғи ес­керткіштерден тұратын тұтас кешеннің ба­сына қауіп төнгелі бірнеше жыл болды. Был­тыр осындағы петроглифтер табылған жар­­тастар «диорит» атты құрылыс мате­риал­дарын өндіру мақсатында талқандала бастағанда барып жергілікті экологтер мен белсенділер дабыл қағып, республикалық ұйымдарды қосып, Алматыға барып бас­па­сөз мәслихатын өткізіп, әрең тоқтатқан еді. Осы тұстағы қалалықтардың сүйікті дема­лыс орнына айналған «тасбақа» тастың да тағдыры қыл үстінде тұрғаны сол кезде қоз­ғалып, басқалармен бірге оған «АМАNAT» партиясының да араша түскені есімізде. Сол кезде қала басшылығы: «700 адамды жұ­­­­мыспен қамтып отырған «Темірбетон» ЖШС сияқты алпауыттың жұмысын түбе­гей­лі тоқтата алмаймыз, олардың өндірісі осы аумақтан өндірілетін құрылыс мате­риа­лына тікелей тәуелді. Бұл жер солардың мен­шігінде» деген еді. 

Қалай болғанда да, сол жолғы нара­зы­лық­тан соң жартастарды жару жұмыстары сая­бырсыған. Жақында қалалықтар Қы­­зылтас саяжайы маңындағы Темір тауын­да тағы да жарылыстар жасала баста­ға­нын айтып, тиісті орындарды мазалай бас­тады. Соған қарағанда, бірер айға со­зылған тыныштықты өзінше қабылдаған өн­дірісшілер петроглифтер кешенінің тари­хи құндылығын ысырып қойып, тағы да өз пайдасын түгендеуге кіріскен сыңай­лы. Осылайша, біздің дәуірімізге дейін өмір сүр­ген жандардың тасқа ойып қалдырған тари­хы талқандалуда. 

Талдықорған қаласының жанындағы Қы­зылтастан диоритті қазу және өндіру жұ­мыстары Қаратал ауданының аумағына дейін 15 шақырымға созылатын сілемде жал­ғасып жатыр. Осы іспен айналысушы се­ріктестік диоритті түрлі көлемдегі қиыр­шық­тасқа айналдырып, темірбетон бұйым­дар мен құрылғылар шығаруға пайдаланады. Егер диориттің құрамында кварц көп болса, онда ол маркасы жоғары бетонға қосылады. Кеніш жұмыстары осындағы Темір шоқы­сын­да жүргізілуде. Бұған дейін зерттеу ба­ры­сы көрсеткендей, дәл осы шоқыда жар­тас­тағы суреттердің тұтас кешені орна­лас­қан. Сонымен бірге мұнда жету үшін жол­дар жасалғанда отыздан астам қабірлі оба­ны трак­тормен тегістеп тастапты. 

2007-2008 жылдары Қызылтас қырқа­сында Әлкей Марғұлан атындағы архео­ло­гия институтының қызметкері, тарих ғы­лымдарының докторы Алексей Марьяшов пен Сент-Луистегі Вашингтон университе­ті­нің ассистент профессоры Майкл Фра­чет­ти басқарған Қазақстан – Америка халықаралық археологиялық экспедиция зерт­теген. Ғалымдар Қызылтас қыр­қа­сы­ның оңтүстік бөктерінде, солтүстік-батыс бө­лігі мен ортаңғы тұсындағы екі шатқалда ар­хеологиялық барлау жүргізіп, тұтас пет­рог­лифтік кешен тапқан еді. Осы экс­пе­ди­цияның қатысушысы Ольга Гумированың айтуынша, таңғажайып петроглифтер туралы барлық ақпарат Алматы облыстық Мәдениет басқармасына тапсырылыпты. 2020 жылы облыстық тарихи-мәдени мұра­ны қорғау орталығы сол жерлерде архео­ло­гия­лық сараптама жүргізіпті. Соның нә­тижесінде қабірлі обалар анықталып, олар­ға мемлекеттің қорғауындағы ескерт­кіш­тер мәртебесі беріледі. Алайда мұның өзі де тарихи маңызы бар орында инертті ма­териалдар өндіруге тоқтау сала алмаған кө­рінеді. 

«Біздің «Охотники за петроглифами» қо­­ғамдық қорына талдықорғандық эко­бел­сен­ділер хабарласып, солардың өтінішімен был­тырғы жылдың қараша-желтоқсанында ежелгі жартас суреттері жойылып жатқан жер­ге археологиялық зерттеу жүргізу үшін ар­найы сапарлап бардық. Әлкей Марғұлан атын­дағы археологиялық институтпен ын­тымақтастық жөніндегі келісім аясында жұ­мыс істейтіндіктен, біздің мұндай зерт­теулер жүргізуге өкілеттігіміз бар. Темір жо­тасынан көптеген ежелгі петроглиф тап­тық. Өкінішке қарай, олардың басым бө­лігі қайта қалпына келмейтіндей жойы­лып кетіпті. Жотаға апаратын жолдың бойын­дағы сақ қорғандары жермен-жексен бо­лыпты. Білетіндердің айтуынша, оған дейін «Қазархеология» обаларды қысқа ға­на мерзімде қазып, зерттеген. Бірақ қор­ған­дардан табылған артефакттар, қазба жұ­мыстарының есебі қайда деген сауалдарға нақты жауап жоқ. Осылайша, обалардың орнында қазір жол жатыр. Ежелгі тарихқа, ата-бабадан қалған ескерткіштерге орны тол­­мас зиян келген», – дейді қоғамдық қор­дың үй­лестірушісі әрі атқарушы дирек­торы Ольга Гумирова. 

Археологтер зерттеу қорытындысында тау басындағы жартасты бекіністің де бұ­зылғанын жазады. Петроглифтердің қазір аман сақталып қалғандардан көп болғанына дәлел жетерлік. Жартастарды жарғанда айналаға ұшқан тас сынықтардан да пет­роглифтерді көруге болады. Әзірге Қызыл­тас қырқасының оңтүстік беткейлерінде петроглифтердің бес бірдей ірі тізбесі сақ­та­лып қалған. Олардың арасында жеке-да­ралары мен бірге топтасқандары да бар. Сол маң­дағы «тасбақа» тастың маңындағы ежел­гі қоныста Албан руының таңбасы бол­ған. 

Ольга Гумированың айтуынша, ең ежел­гі суреттер біздің дәуірімізге дейінгі ІІ мың­жылдық қола ғасырына тән. Сонымен бірге дәл осы жартастағы суреттер кеше­нін­де аса сирек кездесетін алыптардың бей­не­сі бар. Сондай-ақ скифтік-сақтық аң түрін­де орындалған көптеген петроглиф та­былыпты. Бұларды біздің дәуірге дейінгі І мыңжылдыққа, ал түркі стиліндегі сурет­терді біздің дәуірімізге дейінгі VIII-IX -XII-XIII аралығына жатқызуға болады. Біздің елімізде артефакттардың дәл осындай бір кешенде тығыз орналасуы сирек кездеседі. Өкінішке қарай, соның қадірін білмей отыр­мыз. Өлкеміздің өткенінен ғасырлар бойы аман жеткен аса құнды ескерткіштер әзір­ге талдықорғандық экобелсенділер мен ерікті тарихшыларға ғана қажет болып тұр. Олар Талдықорғанға келіп бәрін өз көзімен көріп, жиындар өткізді. Алматыда баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, бүкіл әлемге де дабыл қақты. Бірақ сондай ел жиналған кезде ғана елең ететін тиісті орындағылар ара­ға аз уақыт салып барып бәрін ұмытады. Бас­пасөз мәлихатын ұйымдастырушылар бұ­ған дейін жасалған археологиялық са­раптамаға да күмәнданады. Өйткені ондай са­раптамаларды аккредиттелген ком­мер­ция­лық ұйымдар мүдделі басқа коммер­ция­лық ұйымдардың тапсырысы бойынша жүр­гізеді. Мәселен, Темір тауындағы пет­рог­­­­­лифтерді «Темірбетон» ЖШС тап­сыры­сы бойынша «Қазархеология» ЖШС сарап­та­ған. Мұндағы тапсырыс беруші «Темір­бе­тон» ЖШС өздерінің өндірісі үшін аса маңыз­ды болып отырған тау сілемдеріндегі пет­роглифтердің тарихи құндылығын жоқ­қа шығаруға мүдделі. Ал олардың тапсы­ры­сы бойынша сараптама жүргізген ұйымның пай­да табу мақсатында қай жаққа бұра тар­тары айдан анық нәрсе. 

«Мұндай жағдайды мен заңнамадағы жүйелі қателік деп есептеймін және тез ара­­да түзетілуі керек» деген қоғам қайрат­ке­рі Мұхтар Тайжан аталған мәселеге мәжі­ліс­мендердің назар аударуын талап еткен еді. 

«Жасыл құтқару» қоғамдық қорының же­текшісі, экобелсенді Сергей Куратов Қы­зылтастағы петроглифтерді аман алып қалу­дың нақты бірнеше қадамын ұсынады. Олар – ескерткіштерді бақылау мен қор­ғау­ды және оларды қирату мен бүлдіруге қа­тысты жауапкершілікті барынша кү­шей­ту, басқа жаққа көшіру. 

Былтырғы жылдың желтоқсанында «Те­мірбетон» мен әкімдік өкілдері петрог­лиф­терді көшіру арқылы мәселені реттеуді ұсынған. Бұл жұмыстарды қаржыландыруды өн­дірісшілер мойнына алып, «Қазархео­ло­гия» жүзеге асырады делінген. Алайда ол сөз жүзінде қалып қойды. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы