8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының жиналысы өтті.
Әйелдерді толғандырған мәселеге «AMANAT» партиясы назар аударды
927
оқылды

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының жиналысы өтті. Іс-шараға Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері қатысты. Жиында әйелдердің қоғамдық және саяси өмірдегі рөлін нығайту мақсатында қабылданып жатқан шаралар мен олардың құқығын қорғауға бағытталған заңнама мәселелері талқыланды.

Сөз басында партияның Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Әйелдер қанатының бастамасымен көтерілген барлық мәселе назарға алынып жүргенін ескеріп, Мемлекет басшысының жүргізген реформалары аясында гендерлік квоталар кеңейтілгенін атап өтті.

«Партиямыз отбасы институтының беделін көтеруге күш салады. Ана мен балаға жан-жақты қамқорлық көрсету – жанұя әл-ауқатының маңызды шарты деп есептейміз. «AMANAT»-тың саяси тұғырнамасында жазылған нақты міндеттің бірі – осы. Себебі Отанды сүю, елге адал қызмет ету, қоғамның белсенді де жауапты мүшесі болу, тұлғалық қалыптасу – тәрбие мен тағылымның жемісі. Әйелдер қауымының отбасындағы, қоғам өміріндегі және мемлекетті жан-жақты дамыту ісіндегі рөлі зор екенін Президент үнемі айтады. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резервінің форумында «Әйелдерді қызметке тарту керек. Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды» деп орынды атап өтті. Осы тұста «AMANAT» партиясы мүшелерінің басым бөлігі, яғни 60 пайыздан астамы әйелдер екенін біз мақтанышпен айтамыз», – деді Дәулет Кәрібек.

Жиын барысында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова жуырда ғана Парламенттің төменгі палатасы қабылдаған әйел мен бала құқықтарын қорғауға негізделген Заң жобасына тоқталды.

«Заңда денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып соғу, суицидті насихаттау, суицидке итермелеу, 16 жасқа толмаған адамдарға жыныстық қорлап тиісу және басқа да әрекеттер криминализацияланды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген белгілері бар адамдарға уақытша тұруға мүмкіндік беретін отбасын қолдау орталықтарының құзыреттіліктері нақтыланды. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін және ұрып соққаны үшін қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстаудың тәртібі реттелді», - деді Жұлдыз Сүлейменова.

 Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ елімізде гендерлік теңдікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

«Өткен жылдың қараша айында біз нормативтік құқықтық актілерге гендерлік құқықтық сараптама мен мониторинг енгізу туралы мәселені көтердік. Біз Үкіметке гендерлік теңдік жөніндегі мәселелер мен индикаторларды кеңейтуді қоса алғанда, гендерлік құқықтық сараптама әдістемесін жақсарту бойынша сұраулармен жүгінген болатынбыз. Қазіргі уақытта Әділет министрлігі Заң жобалау жұмыстарының 2024 жылға арналған жоспары шеңберінде норма шығаруды жетілдіру үшін ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Заң жобасын әзірлеп жатыр. Сондай-ақ 2024-2025 оқу жылында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінде және Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінде магистрлік бағдарламамен гендерлік зерттеулер академиялық курсын енгізу жоспарлануда», - деді Үнзила Шапақ.

Жиынды барысында «AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова еліміздегі әйелдер қауымының беделі жылдан жылға артып келе жатқанын айтып, осы бағытта Әйелдер қанатының нәтижелі жұмысы әлі де жалғасын табатынын атап өтті.

«Әйелдер қанатының бастамалары қоғамда терең игі өзгерістерді көздейді. Сол себепті біршама заңнамалық бастамалар көтеріліп, жан-жақты жұмыстар атқарыла бастады. Енді осы жұмыстың қарқынын бәсеңдетпей, ауқымды мақсат-мұратымызға жетуге талпыну қажет. Бұл тұста қалың бұқараны осы жұмыстар туралы құлағдар етіп, қоғамда түрлі талқылау өткізудің маңызы зор», - деді Шолпан Каринова.

Іс-шараға Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен, Сенат депутаттары Бибігүл Жексенбай мен Әсем Рахметова, Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» фракциясының мүшелері Юлия Кучинская, Айна Мысырәлімова, Наталья Дементьева, Снежанна Имашева, Вера Ким, Гүлдара Нұрымова және басқалар қатысты.