«Асқар таудың көлеңкесі алысқа түседі» деген халық даналығы бар.
Еңбектің ебін тапқан іскер әйел
2,886
оқылды

Көпшіліктің ішінде өмірдегі бақытын маңдай тер, адал еңбегімен, зор адамгершілігімен тапқан, саналы ғұмырын, білімін туған жерінің көркейіп, өсіп-өркендеуіне, халқының әл-ауқатының жақсаруына арнаған азаматтар  аз болса да, саз. Солардың бірі – Гүлнар Есқалиева. Қызылорда облысына қарасты Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінің тумасы, «AMANAT» партиясы әйелдер қанатының мүшесі.

Күнделікті елеусіз еңбек ертеңгі елді, келешек еңбек адамын қалыптастырады. Бұл ретте, Гүлнар Есқалиеваның еңбек жолы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінен бастау алған. Бойында мейірбандық пен жомарттық тоғысқан кейіпкеріміз аталмыш мекемеде студенттердің кәсіподағына жетекшілік еткен. Жалынды жастарға жол сілтеп, жастар саясатының жүзеге асырылуына да сеп болған. Өз заманында көптеген мәдени шараларды ұйымдастырып, студенттердің жанашырына айналған.

Көпқырлы қабілетке ие Гүлнар Есқалиеваның атқарған игі істері мұнымен шектелмейді. Ол кәсіподақ комитеті төрайымы лауазымымен қатар, Педагогика және психология кафедрасында оқытушы қызметін де атқарған. «Ұстазға ауадай қажет үш қасиет: ғылымды, педагогикалық шеберлікті, ұйымдастырушылық қабілетті ұштастыра білуі керек» деп В.Сухомлинский айтқан үш қасиет те Гүлнар апайдың бойынан табылады. Себебі ол жастарды білім нәрімен сусындатып қана қоймай, өзі секілді ұстаздық мамандықты таңдаған педагогтерге қол ұшын созып, әрдайым көмектесіп отырған.

Одан бөлек 8 жыл, яғни 2012-2020 жылдар аралығында Қызылорда облыстық Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің бас маманы, төрайым орынбасары дәрежесінде өтімді еңбек етіп, осы жолда басшылық қызметке тағайындалған. Осылайша, өзінің көп ізденуінің, талап қоя білуінің арқасында көптеген аймақ ұстаздарының сенім үдесінен шығып, олардың құқықтары мен мәртебелері үшін қасқайып күрескен бірден-бір тұлға.  

Алаш зиялысы Әлихан Бөкейханұлының «Ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу керек» деген өнегелі сөзі бар. Осы сөзді өмірлік ұстанымына балайтын Гүлнар Есқалиева 2021 жылы Қызылорда облыстық мәслихат мінберіне көтеріліп, ел мүддесі жолында қызмет етуге бекінеді. Бұл жолда «Nur Otan» партиясының ұйымдастыруымен елімізде алғаш рет өткен праймеризге қатысып, жоғары көрсеткішпен жеңіске жетеді. Облыстық мәслихаттың VII шақырылым депутаты ретінде «Әлеуметтік және мәдени мәселелер жөніндегі» тұрақты комиссия төрағасы, «AMANAT» партиясы Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы секілді жауапты қоғамдық жұмыстарды атқарады.

Бүгінде іскерліктің ебін тапқан маман «AMANAT» партиясы жанындағы «Білім және денсаулық сақтау мәселелері бойынша» кеңес төрағасының орынбасары, Партияның облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары және  өңірлік даму жөніндегі кеңестің мүшесі сынды қоғамдық қызметтерді қатар алып, өзінің жан-жақтылығы мен қарым-қабілетін көрсетіп келеді. Әрі басшылық қызметте «Ұжымға әділ талап қою, көпшілікті алаламай ұстау, ұжыммен санасып, пікірлесіп отыру» қағидасын берік ұстанады. Себебі әрбір істе мақсат пен міндет айқындығы, дәстүр жалғастығы ауадай қажет деп санайды.

Басшылық қызмет, басқару мәселесі үлкен жауапкершілікті қажет ететіні сөзсіз. Бүтін бір қызметкерлер қауымдастығын басқарып, оның жұмысын үйлестіре білу кез келген адамның қолынан келе бермейтіні сөзсіз. Алайда Гүлнар Бабабекқызы  бойындағы игі қасиеттері арқылы өзінің мықты маман екенін көрсетіп, артынан ерген ізбасарларына үлгі болып келеді. 

Дариға Құрманалы,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық университетінің 4-курс студенті