Қоғамдық ой-сананы қалыптастыруда журналистиканың орны ерекше. Қалам ұшымен еліміздегі жарқын жаңалықтардың жаршысы болып, оқырман ойынан шығып жүрген сүбелі сөз иесі аз емес.
Ерінбей еңбек еткен жанның өнегелі өмірі
1,045
оқылды

Сондай есімдердің бірі – қызылордалық белгілі журналист Сәрсенкүл Бихожаева. Сәрсенкүл Мыңжасарқызы 1963 жылы сол кездегі Тереңөзек ауданының Шаған ауылында, мұғалімдер отбасында дүниеге келген. 1980 жылы ауылдағы орта мектепті бітірген соң, сол кездегі арман қала, ару қала Алматыға барып, талай жастың тілегі болған қазіргі Әл-Фараби, ал сол уақытта С.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі.

Осы студенттік шақтағы алған білімі мен тәрбиесі елге қызмет етудегі бағдаршам болғандай. Ол кездегі Алматы ұлт ұясы еді. Жастардың белсенділігі көз қызықтыратын. Олардың білім алуға деген талпынысы керемет болатын. Содан да болар өзі сияқты арман қуып, оқуға түсуге келгенімен, балы жетпей, конкурстан өтпей қалғандар, тауы шағылмастан қаладағы жұмысшы жастар қатарын толықтыратын.

Университет қабырғасында сабақ берген ұстаздардан бөлек, белгілі ақын-жазушылардың да өткізетін дәрістері жас жүректі бүгінгі күні ұран болып жатқан «Адал адам» болуға баулитын. Алматыдағы Пушкин кітапханасы білімге, оқуға құштар жастарға толы болатын. Ұстаз – оқытушылар дәрісінің ықпалымен өзі сияқты көп студенттермен қатар сол кітапханада орыс, шетел классикалық жазушыларының шығармаларымен сусындап, белгілі тұлғалардың университет қабырғасындағы, жатақханадағы әралуан кездесуінен әсерленіп, театрлардағы қойылымдардан қанаттанып, айналдырған бес жылда өзіндік жазу машығы, ой-пікірі, азаматтық ұстанымы, көзқарасы қалыптасқаны анық. Иә, ол кезде әдебиет пен өнердің, оқу мен білімнің әрбір адамның тұлғалық қалыптасуында белгілі бір орны болды.

Ол кезде қоғам дамуында, жалпы идеологияда облыстық «Ленин жолы» газетінің беделі басым болатын. Студент шақтан-ақ «Сыр бойы журналистикасы мықты» деген мақтауға қанық газет редакциясында «мылтықсыз майдан» жүгін үлкен жауапкершілікпен алып келе жатқан, есімдері елге жатық журналистерден сөз саптауды үйренуінің сәті түскені де өз өміріндегі сәттілік болар...

КазГУ-ді бітіріп келген 1985 жылдары біріншіден, ел ішінде өзгерістер болып жатқан кез. Демократия лебі сезіле бастаған. Партократтар жайлап жастарға мойын бұрған шақ. Содан да болар, жоғары оқу орнын енді бітіріп келгені, емізулі 4 айлық баласының бар екені де редакцияға корректор болып қызметке кіруіне кедергі болмады. Жас маманға үлкен сенім артылды. Жалпы ол кездегі түсінік бойынша, журналист болу корректорлықтан басталады. Газет жексенбі күні ғана шықпайды. Қалған уақытта да дамыл жоқ. Типография мен редакцияның ғимараты бір-бірімен жапсарлас. Содан да жұмыстың қиындығы сезілмейді. Ең бастысы қате жіберіп алмау керек. Журналистер арасында корректордың беделі төменірек болғанымен, оның жауапкершілігі зор. Бір әріп қатесінен үлкен саяси ағаттық кетуі мүмкін. Бетті корректор, одан кейін тың көз, сосын кезекші редактор оқиды. Осы процестерден  кейін барып басуға жіберілетін. Айтпақшы цензура деген де жағаласып отыратын. Олар әр сөзден саяси астар іздейді.

Көпке ұзамады. Сол кездегі әріптестерінің айтуынша, ең қысқа уақыт корректор болған өзі екен. Әйтпесе ең көбі 11 жыл, ең азы 2 жыл болғаннан кейін барып, тілші болып редакцияға ауысады.

Сол 1985 жылдың аяғына қарай редакцияның үгіт-насихат бөліміне тілші болып ауысты. Бөлімде үшінші адам. Айта кету керек, кеше ғана диплом алған жас маманның, онда да баласы бар әйел адамның айналдырған 3-4 ай уақытта тілшілікке, онда да жауапты бөлімге қабылданғаны баяғыдан келе жатқандардың миына сыймай, дәлізді  кезіп кеткендері болған.

Оның реті де бар. Өйткені жылдар бойы редакцияда бір ғана тілші әйел болған. Белгілі ақын, жылдар бойы мәдениет, өнер тақырыбына өндіріп жазып келе жатқанымен, өмірі бөлім бастығына қолы жетпеген.

Арада біршама уақыт өткенде ол кісі зейнетке шығып, орнына тілшілікке тағы да қыз бала келді. Бұл Сыр журналистикасында қыз-келіншектерге деген жолдың ашылғаны еді. Біздің кейіпкеріміз соның алғашқы легінде болды.

Бір қоғамдық құрылымнан екінші құрылымға ауысып жатқан, әлгі кемелденген социализмнен нарыққа өткені. Өтпелі қиын кезеңде сол кездегі облыс әкімі Б.Сапарбаевтың күшімен Қызылорда арнаулы экономикалық аймағы құрылды. Жалпы елдің алғашқы астанасы болған, қазақ мәдениеті мен тілі сақталған, сырт жұрт қазақылықтың ордасы санайтын Қызылорда қаласында таза қазақ тілінде қалалық газет шығару идеясы көптен қозғалып келетін. Соның сәті түскендей. Қызылорда арнайы экономикалық аймақ төрағасы, қала әкімі Б.Досманбетов осы арнаулы аймақтың төл газетін шығаруға шешім етті. Газет редакторлығына Сәрсенкүл Мыңжасарқызын шақырды. Облыстық газетте сектор меңгерушісі болып жүрген ол алғашында қайран қалды.
Бұдан оншақты жыл бұрын әйел адам болғаны үшін газет тілшілігін әрең қиған жұрт жаңадан құрылатын қалалық газетке бас редактор, яғни басшы болғанда қалай қабылдайды екен деген таңданыстың болғаны рас.

1997 жылдың 22 наурызында бас редакторы С.Бихожаева деп жазылған «Ақмешіт ақшамы» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді. Газет Сыр журналистикасындағы жаңа кезеңнің алғашқы қарлығашы болды.

Жасыратыны жоқ, облыстық газеттің өзі облыстық типографиядан ескі технологиямен шығып жатқанда, жастардан құралған «Ақмешіт ақшамы» редакцияның компьютерлік орталығында теріліп, беттеліп, Алматыдағы дүрілдеп тұрған «Дәуір» баспасынан жарық көрді. Әрине, ол уақытта компьютерге мақала теріп, беттегенмен, бірінші рет бетпе-бет келген журналистер үшін оңайға түскен жоқ. Алайда реформатор басшылық талабы солай болды.

Күні бүгінге дейін ақпарат таратып, ақпараттық кеңістікте өз орны бар «Ақмешіт ақшамы» газеті жаңаша жазудың, жаңаша ой тастаудың жаңа үлгісі ғана емес, Сыр бойы журналистикасына жаңа технология әкелген жаңаша басылым болды.

Сол жаңалықтың жаршысы біздің кейіпкеріміз Сәрсенкүл Мыңжасарқызы екенін біреу білсе, қазір біреу білмеуі де мүмкін.

1990-2000 жылдары қоғамдық сана өзгере бастады. Әйелдерге де жаңаша көзқарас қалыптасты. Қоғамдық өмірде олардың да дауысы жиі естіле бастады. Сол кездердегі беделді, ықпалды әйелдер кеңесінің шешімімен кезекті сайлауда қалалық мәслихатқа депутаттыққа түсті. Содан белгілі журналистің депутат мінберінен қоғамдық өмірге араласқан, халықтың мұң-мұқтажын елге жеткізіп, әлеуметтік тұрғыда қордаланған мәселелердің оң шешілуіне атсалысқан қоғамдық-саяси өмірі басталды.

Қалалық мәслихатқа 4 рет, облыстық мәслихатқа бір рет депутат болып сайланған С.Мыңжасарқызы аймақтың дамуына өз үлесін қоса білді. Депутат мінберінен ел көкейіндегі өзекті мәселелерді өткір айта білді. Мәселе шешілмейінше, кейін шегінбеді. «AMANAT» партиясы әйелдер қанатының мүшесі ретінде де елде болып жатқан саяси үдерістерге белсене қатысты. Партия алаңынан партия беделінің нығаюына қызмет етті.

Бүгінде С.Бихожаева – «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы», Үкіметтің «Құрмет Грамотасының», «Ерен еңбегі» үшін медалінің иегері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

«Мылтықсыз майдандағы» өмірлік қаруы қаламымен ел мүддесіне, қоғам дамуына қызмет етіп келе жатқан Адал адамның отбасында екі баласынан тараған немерелері де өсіп келеді. Алды студент.

Ерінбей еңбек еткен жанның мұратқа жеткен үлгісі осындай...