Қазір әрбір бесінші жас қазақстандық мамандық бойынша жұмыс істемейді. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының деректеріне сүйенсек, еңбек нарығында тәжірибелі жұмысшылармен салыстырғанда жас мамандардың бәсекеге қабілеттілігі төмен саналады.
Еңбек нарығы демографиялық дүмпуге дайын ба?
496
оқылды

Мамандардың айтуынша, тәжірибе, білім және қажетті дағдылардың жетіспеуі жастардың өнеркәсіпте және ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеуіне кедергі болады. Осы себептен жастардың көпшілігі қызмет көрсету және сауда секторларында еңбек етеді.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметінше, 2030 жылға қарай еліміздегі жастардың саны 6 мил­лионға жетпек. Бұл білім беру қызметтері, жұмыс орындары, сондай-ақ тұрғын үй мен медицинаға деген сұраныстың артуына септігін тигізбек.

Мәселен, 2023 жылы 230 мыңға жуық жас еңбек нарығына шықты және бұл көрсеткіш алдағы уақыттарда арта түседі. Жыл сайын еңбекке қабілетті жастардың 300 мың адамға өседі. Әрине, бұл 2000 жылдардағы «бейби бум», яғни нәрестелердің көп дүниеге келуімен тікелей байланысты. Дегенмен 2040 жылдан кейін бұл көрсеткіш 400 мың адамға жетпек. Сондай-ақ олардың көпшілігі оңтүстік өңірлер мен мегаполистерде тұрады. 

Орталық мамандары еліміздің шы­ғыс және орталық облыстарында өнеркәсіптегі жас мамандар саны қысқа­­рып, ал солтүстікте ауыл шаруашылығында жас­тардың жұмыспен қамтылуы азаятынын жеткізеді. Керісінше, ішкі көші-қонға байланысты үш мегаполистегі жастардың үлесі арта түспек. Ал 2030 жылға қарай Солтүстік Қазақстан облысындағы жастардың үлесі 2%-дан аз немесе барлығы 114 мың адамды құрайтын болады.

Білікті маман қалыптастыру – міндет

«2023-2050 жылдарға арналған демографиялық болжамында» 2030 жылға қарай 15-34 жас аралығындағы қазақ­стандықтардың жалпы саны 5,9 млн адамнан асатыны жарияланған. Оның ішінде қала халқы 456 мың адамға, ауылдық жерлерде 97 мың адамға ұлғаймақ. Сондай-ақ 2030 жылға қарай жастардың үлесі қалаларда – 64,3%, ауылдық жерлерде – 35,7% болады. 

Сарапшылар еңбек нарығына енетін бұл азаматтардың жұмыс орны да өңірлерге сай әртүрлі болатынын айтады. Мәселен, мегаполистердегі жастардың көп бөлігі сауда орындарында, батыс өңір­лерінде өнеркәсіп саласында, ал оң­түстік жастары аграрлық секторда жұмыс істейтін көрінеді.

Соңғы бес жыл ішінде жастардың 78%-ы (2,8 млн адам) жалдамалы жұмысқа орналасса, 22%-ы (800 мың адам) өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарын толықтырған. Десе де, осы кезең аралығында ұйымдарда тұрақты негізде жұмыс істейтіндер саны 6,5%-ға, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 5,5%-ға қыс­қарған. 

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының вице-президенті Шалқар Бай­қуатов осыған дейін «мұндай көрсеткіш­тер еліміздегі жұмыссыздық деңгейі­не әсер етуі мүмкін және бұл жұмыспен қамту саясатын қалыптастыру кезінде ескерілуі керек» деген болатын. 

Статистикаға жүгінсек, соңғы бес жылда елімізде жастарды жұмыспен қамтуға 63 млрд теңгеден астам қаржы бө­лінген. Сарапшылардың айтуынша, бүгінде жұмыс орындарын құрудан бөлек, жастардың тиімді дағдыларды игеруіне мүмкіндік жасау қажет. Мысалы, икемді жұмыс кестесі, мамандық ауыстыру және мансап векторын өзгерту секілді жұмыс­пен қамтудың жаһандық трендтерін пайдалану қажет.

Еңбекке қабілетті жас азаматтар күрделі дағдылардың жеткіліксіздігі себепті өнеркәсіп пен ауыл шаруа­шылығында қызмет етудің орнына сауда саласынан нәпақасын табуға талпынады. Бұл сөзімізге Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мына деректері дәлел бола алады. Мысалы, ауыл шаруа­шылығында жұмыс істейтіндер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың пайызы 1,9%-ға төмендеген де, ал сауда секторында бұл көрсеткіш 1,5%-ға өскен. 

Halyk Finance сараптама орталығының мамандары ел азаматтарының еңбек нарығында көбірек ақша табуына шикізатқа негізделген экономика мен еңбек өнімділігінің төмендігі тікелей әсер ете­тінін жариялады. Жеке сектор мен шағын және орта бизнес экономиканың тірегіне айналу былай тұрсын, тоқырауға ұшырай бастаған. Сонымен қатар мемлекет көптеген саладағы рөлін арттырып, өнімділігі төмен компанияларға нарықта қалуға мүмкіндік береді. 

Дамудың жаңа даңғылы

«Қазақстанның еңбек нарығы 2023 – төмен өнімділік, жасырын жұмыссыздық, өңірлік теңсіздік» атты жарияланған есепте секторлардың иық тіресе қатар дамымауы, экономиканы мемлекеттендіру секілді бұрмалаулар экономиканың күрделілігін арттыруға, оны әртараптандыруға және оның тұрақты өсуіне мүмкіндік бермейтіні жазылған. Сарапшылардың сөзінше, соңғы жылдары белсенді түрде жүзеге асырылып жатқан «даму, индустрияландыру, же­ңілдетілген қаржыландыру бағдарламалары» түріндегі мемлекеттік құралдар экономика тетіктерінің тиімсіздігін көрсетеді. Мұның айқын көрінісін ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің табысы төмен болғандықтан саудаға ағылып жатқанынан көруге болады. Дегенмен, мемлекет әлі де векторын өзгертер емес, себебі жоспарлы тәсіл мен нарықтық емес интервенцияларды қолдану азайған жоқ.

Дегенмен сараптама орталығының мамандары бұл экономикалық дамудың жаңа моделіне көшу жасалып жатқан құрылымдық реформалар нәтижесі деп біледі. 

«Бұл – әкімшілік басқару әдісінен нарықтық қатынастарға көшудің айқын белгісі. Мұндай жүйеде мемлекеттік бағ­дарламалар мен жоспарлар екінші орынға шығады да, жеке сектор барлық нарық субъектілері арасындағы салауатты бәсекелестікке ықпал етеді. Экономикалық дамудың мұндай моделі тиімсіз мемлекеттік кәсіпорындар мен ірі жеке фир­ма­ларды жаңа және тиімдірек компаниялармен алмастыруға мүмкіндік береді, бұл сайып келгенде еңбек өнімділігін арттыруға ықпал етеді», – делінген баяндамада.

Табысы «талабына» сай емес

«Еңбек өнімділігінің төмендігі азаматтардың табысына тікелей әсер етеді. Егер халық табысының көп бөлігін азық-түлікке жұмсаса, сәйкесінше, тауар­лар мен қызметтерге деген сұраныс та төмендейді. Мұндай жағдайда жеке сектор мен бизнестің сапалы дамуын күту қисынсыз», – дейді зерттеушілер.

Мамандардың сөзінше, экономикадағы осы секілді толқулар тағы бір проб­леманы туындатады. Себебі табыс дең­гейі үнемі мамандардың дағдыларына сай бола бермейді. Мәселен, орта есеппен жоғары білімі бар жұмысшылар көбірек жалақы алады дегенімізбен, жоғары кәсіпқойлық пен шеберлікті қажет ететін «білім беру, денсаулық сақтау, өнер» сияқты көптеген салалардағы кіріс салыстырмалы түрде төмен», – делінген хабарламада.

Қазақстанда біліктілігі жоғары мамандармен салыстырғанда орташа деңгейдегі қызметкерлер сұранысқа ие. Дегенмен сарапшылар бұл тенденцияны экономиканы белсенді цифрландыру мәселесі өзгерте алады деп сендіреді. Өйткені ол шикізаттық емес салалардың өсуіне, сондай-ақ озық дағдыларды меңгерген кадрларға деген сұраныстың артуына ықпал ете алады.

«Инновациялар мен ноу-хау, күнделікті процестерді автоматтандыру, сапалы талдау нәтижелері арқылы өзгерістер енгізу мүмкіндігі-мұның бәрі сектор тиімділігі мен еңбек өнімділігінің өсуіне әкелуі мүмкін. Сонымен қатар қызмет етушілердің жұмысынан айырылу қаупі жаңа жұмыс орындарының ашылу мүмкіндігімен пропорционалды. Сондықтан мемлекет инвестициялайтын салаларды жоғары технологияларды енгізуге және цифрландыруға ынталандыру қажет», – деп жазады есеп авторлары.

Жыры бітпес «жасырын» жұмыссыздық

Ұлттық статистика бюросының мә­ліметтері бойынша, Қазақстандағы барлық жұмыс күшінің төрттен бір бөлігін өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар құрайды. Олардың тек 4%-ы ғана айына 300 мың теңгеден артық табыс таба алады, яғни кіріс мөлшері жалдамалы қызметкерлерге қарағанда төмен.

Сараптама ортылығының мамандары мұны экономиканың мұнай емес секторындағы еңбек өнімділігінің тө­мендігімен байланыстырады. 

«Жалдамалы жұмысшылардың көп­шілігі (62%) тиісті жалақысы бар өнім­ділігі төмен салаларда шоғырланған. Бұл то­лық жұмыспен қамтылған табысы тө­мен жұмыс істейтін кедей азаматтардың тобын құрайды. Еңбек өнімділігінің төмендігі – ЖІӨ мен жалақының өсуінің баяулауының негізгі себебі», – делінген хабарламада.

Зерттеушілердің айтуынша, 200 мың­нан астам өзін-өзі жұмыспен қам­тығандар айына ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыс табады.

«Бұл елдегі «жасырын» жұмыссыздық проблемасын көрсетуі мүмкін. Сонымен қатар қазір оның ресми көрсеткіші тәуелсіздік кезеңіндегі ең төменгі деңгейге жетті. Бұл жағдай жеке сектордың тиім­ділігінің төмен екенін тағы да растайды. Себебі өзін өзі жұмыспен қамтушылардың 73%-ы – жеке кәсіпкерлер», – дейді сарапшылар.

Сонымен қатар зерттеу авторлары биыл енгізілген жалпыға бірдей декларациялаудың артықшылықтарына тоқ­талған. Олардың пікірінше, мұндай ба­қы­лау олардың көлеңкеден шығуына да, қызметкерлердің жағдайы мен құқық­тарын жақсартуға да ықпал етеді. Бұл жалдамалы қызметкерлер сияқты әлеуметтік кепілдіктер мен мемлекеттік қор­ғауға «ілігуге» жол ашады. 

Зерттеушілер ерлер мен әйелдер арасындағы табыс алшақтығын атап өтті. Өйткені әйелдер арасындағы жұмыссыздық ерлермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Осы себептен сарапшылар еңбек нарығындағы гендерлік теңсіздікті жеңу үшін шаралар қабылдау­ды ұсынған.

«Сонымен қатар ауылдағы әйелдер де қолайсыз жағдайға тап болады – егер қалада жұмыс істейтін ерлер мен әйелдердің саны шамамен бірдей болса, онда ауылда жалдамалы адамдар арасында да, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында да әйелдердің еңбек белсенділігінің деңгейі төмен, сондықтан жұмыспен қам­­тылғандар арасында ерлермен са­лыс­тырғанда жарты миллионға аз. Сондықтан инвесторларды тарту және ресми жұмыс орындарын құру арқылы мемлекеттік ресурстарды ауылдық жерлерде әйелдерді жұмыспен қамтуды қолдауға бағыттау қажет», – деп түйіндейді мамандар.

Кәмила ЕРКІН