Биылдан бастап Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету құқығы Қазақстанға өтті. Негізі, құ­рамына төрт мемлекет кіретін атал­­мыш ұйымға жетекшілік ету әрбір үш жыл сайын ауысып отыратыны белгілі. 
Теңіз тағдыры шешілер сәт
2,582
оқылды

Жаңа жылдың алғашқы күнінен бастап, еліміздің құзырына өткен ұйымның алдына қойған сан алуан міндеті бар. Соның ішінде Сыр елінің бас қайғысына айналған Арал өңі­рінің экологиялық ахуалын жақсарту негізгі міндеттің бірі саналады.

Теңіз төскейін мекендеген бұқараның ақжолтай жаңалыққа қуанып, Аралдың келешегіне үмітпен қарауы да бекер емес. Себебі Орталық Азия мемлекеттері мүше­­­лік ететін Халықаралық қор Арал теңізін құтқаруға және өңірдің эколо­­­­гиялық ахуа­лын арттыру үшін бірлесе жұмыс атқаруға негізделген. Сондай-ақ эколо­­­­­­­гия­­­­­лық проб­­­­­­­лемаларды шешу мақсатында ма­ңызды экологиялық және ғылыми-прак­тикалық бағдарламалар мен бірегей жо­баларды жүзеге асыруға күш салады.

Бұған дейін аталмыш ұйымға 3 жыл бойы Тәжікстан мемлекеті төрағалық жа­­­сады. Соған орай былтыр Мемлекет бас­­­­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжік­­­стан­ға арнайы жұмыс сапарымен барып, Арал­ды құтқару қорының 30 жыл­­­дығы қарсаңында өткізілген мерейтойлық сам­ми­­­­тіне қатысқаны мәлім. Осы Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекет басшылары кеңесінің отырысында ел Президенті ұйым алдында тұрған басым міндеттердің басын ашып көрсеткен еді.

Жалпы, Халықаралық қор құрылғалы бері трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп, пайдалану жолдары басты ныса­надан түскен емес. Соның негізінде Арал теңізі бассейніндегі маңызды мәсе­лелерді шешуге қордың ықпалы зор деп айтуға болады. Алайда жаһандық тоқырауға соқтыратын бірқатар сын-қатер мен проблема әлі де өз шешімін күтуде. Бұл тұрғыда жаһандық климаттық өзгерістер салдарынан су тапшылығының белең алуы, суармалы егістікке су жетпей, қуаң­шы­­­­лыққа ұласуы Орталық Азияға зор қауіп төндіріп келеді. 

«Аталмыш ұйымымыз арнайы жарғы негізінде 4 мемлекеттен құрылғаны бел­гілі. Оның ішінде Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстан қор құра­­­­мы­на кіреді. Ал Қырғызстан мемлекеті бақылаушы ретінде қатысып жүр. Соған орай әр ел 3 жыл сайын кезектесіп осы ұйымға төрағалық жасайды. Бұған дейін өткен саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Прези­­­денті Эмомали Рахмоннан төрағалықты қабылдады. Осылайша, биыл Атқарушы комитет елімізге келіп, Астана қаласына орналасатын болады. Осы орайда айта кететіні, төрағалық ету құзыреті бізге өткенімен, белгілі себептерге байланысты Қазақстан тарапынан әлі қол қойылған жоқ. Қазір соның нақты шешімін күтіп отырмыз. Президент қол қойса, ұйымға мүше мемлекеттермен белсенді жұмыс бастауға дайынбыз. Алға қойған мақсат-міндеттерді жүзеге асыруда бірлесе қоян-қолтық жұмыс істейтін боламыз», – дейді бұл жайында Аралды құтқару қорының атқарушы дирекциясы директорының орынбасары Зәуреш Әлімбетова.

Жалпы, бұған дейін Президент ұйым­ның алдында тұрған міндеттер мен ұсы­ныстарын шегелеп берген болатын. Бұл тұрғыда ең алдымен Халықаралық қор­­­­­дың ұйымдық құрылымы мен шарт­тық-құ­қықтық базасын жетілдіру процесін же­делдете аяқтауды ұсынды. Соның ішін­де қордың басқармасы және Атқарушы комитетінің өкілеттілігі мен жауапкер­­шілігін кеңейту қажеттігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар мемле­­­кетаралық су шаруашылығын үйлестіретін комиссияны мемлекетаралық су-энергетикалық ко­мис­сия ретінде қайта құрылымдауды тапсырды. Сол сияқты Орталық Азия ел­­де­­­­рі арасында ынтымақтастықты ны­ғайту мақсатында Арал теңізі бассей­ніндегі су ресурстарын есепке алатын, мониторинг жүргізетін бірыңғай авто­маттандырылған жүйені енгізу бойынша жұмыс жоспарын даярлауды ұсынған еді.

«Президентіміз өткен саммитте Арал мәселесін кеңінен қаузады. Соңғы жыл­­­­дары әлем халқы жаһандық климаттық жылынудың қаупін сезіне бастады. Соның ішінде Арал проблемасын шешу кезек күттірмейтін мәселеге айналып тұр. Қазір­­­гі уақытта негізгі мақсат – «Саратс» жоба­­­сы­­­­ның екінші кезеңін аяқтау. Бүгінде атал­­­мыш жобаның сараптамалық қоры­­­тындысының соңғы нәтижесі шығып жа­­тыр. Бұл жұмыстар жуырда қүрылған Су ресурстары және ирригация министр­­­лігінің тікелей бақылауында тұр. Осы процедуралық жұмыстар сәтті жүргізілсе, дүниежүзілік банктің қарауына ұсынатын боламыз. Оның ішінде жобаның бірінші кезеңінде жіберілген қателіктерді ескере отырып, Арал теңізі мәселесін шешуге бел буып отырмыз. Сонымен қатар теңіздің табанын көгалдандыруға байланысты ауқымды шаруа бар. Бұл жайында Пре­­зи­дентіміз де пәрмен берді. Сол сияқ­­ты климаттық өзгерістерді еңсеру, жасыл белдеу жасау сынды көптеген тапсырмалар жүзеге асырылатын болады», – дейді Зәу­­реш Жансұлтанқызы.

Негізінен, Қазақстан Президенті үш жыл бойына төрағалық ететін ұйымнан Арал халқының күтері көп. Соның ішінде Кіші Арал теңізінің келешегіне сенімі жоғала бастаған бұқараның соңғы үміті осы алдағы үш жылға артылып тұр. Бұл тұрғыда Арал трагедиясын еңсеру үшін теңізге су әкелумен шектелмей, экология­лық апат аймағын мекен еткен жамағаттың әлеуметтік жағдайын жақсарту, оның ішінде теңіз жағасындағы Арал қаласы мен аудан тұрғындарына қолдау көрсетуге бетбұрыс жасалса деген тілектері бар. 

«Қазір Арал өңіріне қолдау қажет. Теңіздің келешек тағдыры тұмшаланып тұр. Әлем деңгейінде экологиялық аймақ­­қа қыруар қаржы құйылғанымен, атқа­­рылған жұмыстардың нәтижесі көңіл қуантар емес. Көлдей уәделер­ден халық тойып бітті. Саннан сапаға кө­ше­тін сәт келді. Елдің ертеңін ойлап, ірге­­­лі істерге бетбұрыс жасалуы тиіс. Халықтың басты талабы – осы. Бұл жерде сыбайластықтың құрбаны болған «Са­ратс» жобасын Астанадағы LRT құры­­лысымен салыс­тыруға болады. Сондықтан теңіз тағдыры үшін маңызы зор «Саратс» жобасының екінші кезеңін жүргізуде жауапкершілік жүгін жеңілдетуге болмай­­ды. Қайбір жылдары аталмыш ұйымға Өзбекстан мемлекеті төрағалық еткен кезеңде үлкен іс жасалғанын атап өткен абзал. Бұл тұрғыда Біріккен Ұлттар Ұйы­­мы тара­пынан «Арал өңірі эколо­­гиялық ин­но­вация және технологиялар аймағы» деп жарияланғанын қаперге салсақ болады. Ендігі кезекте Халықаралық ұйым­ды басқаруды қолға алған Қазақстан тара­пынан БҰҰ-ның бастамасын қолдап, аталмыш қарар негізінде Халықаралық норма (конвенция, хартия, пакт) қа­был­дап, оны жүйелі түрде жүзеге асыруы тиіс», – деп өз ойымен бөлісті қоғам белсендісі Нұртуған Тұржанов.

Теңіз жанашырының пікіріне сәйкес, бұған дейін Президент Париж климат­­­­тық келісімі бойынша «Жасыл эко­­­­номика» бағытында іс-шаралар атқарылатынын ашық түрде жария еткені мәлім. Соның негізінде Арал өңірінде күн, жел, сутегі, энергия көздерін игеруде экологиялық инновация мен техноло­­­­гияларды дамыту мүмкіндігін ашуы тиіс деп есептейді. 

Теңіз тағдырын түбегейлі шешу үшін алдымен Арал қаласында БҰҰ-ның бақы­­­­­лауымен «Экологиялық иннова­­­­­циялар және технологиялар» институты ашылып, соның негізінде кемі 150 гектар жерге күн немесе жел энергиясы көзін салу ісі жүзеге асырылуға тиіс. Бұл қа­дам бірінші кезекте халықты жұмыспен қамтумен қатар, Арал­­­­­­­­­­­­­­­­­дағы қазба бай­лықтарын игеруге жол ашады деп санай­­ды. Ал теңіз мәселесіне орай су жеткізу жобасы жүйеленіп, тиімді әдіспен 50 млн текше шақырым су жинау­­ға қол жеткізу қажет. Сонымен қатар жаңа техно­­­логия ретінде әлемнің 80-нен астам елдері пай­­даланып отырған «жаңбыр жауғызу тех­­нологиясын» экологиялық ай­­мақ­­­­­­­­та тәжі­рибеге енгізу қажеттілігі туын­­­дап тұр. Теңіз жанашырлары өңірде эколо­­гиялық ахуалды еңсеруде осы сынды ат­­қа­­­­­­рылар жұмыс­­­­­тардың ауқымдылығын алға тар­­тып, ұсы­­­ныс-пікірлерін жеткізіп отыр.

«Соңғы 3-4 жыл Арал өңірі үшін өте қолайсыз кезең болды. Әлемде көлемі жө­­ні­­­­нен төртінші орында болған Арал теңізі құрғап кетті. Қазақстан сол­­­түстік теңіз жағалауын бөгеп, Кіші Арал теңізін сақтап қалуға мүмкіндік алды. Алайда осы кезге дейін 27 млрд шаршы метр су айдыны үштен бір бөлі­гінен айыры­­­­лып қалды. Су тұздылығы ар­­тып, балық­­­­­тың өсуіне қо­­лайсыздық туғыз­­­­ды. Өңір жұрты жұтқа ұрынды. Кіші Арал теңізіне су тек Сыр­дария өзенінен ғана түсетіні белгілі. Ал бұл су мөлшері сәуір айынан та­­­­­­мыз аяғына дейін күріш пен мақ­­та шаруа­­шы­лығына пайдаланы­­­­­латын­­­дықтан жылдан жылға азайып келе­ді. Ал күзгі айлардағы келетін су Шар­­­дара мен Көк­­­­сарай су қой­маларын толтыруға ба­­­­ғыт­­­­­талады. Науқан аяқталған сәтте мұз құр­­­­сап, Арал өз суын ала алмай қалып жүр. Осын­­­­­дай қиындықты бастан өткеріп жат­қан кезеңде өзімізге 9 жылда бір келе­тін басқару құқығын оңтайлы пайдаланып, тығырықтан шығудың тиімді тетіктерін табуымыз қажет», – дейді «Тұ­ран ойпаты Арал теңізі» қоғамдық бір­лестігінің ат­қа­рушы директоры Ай­жарық Ералиев. 

Оның сөзінше, Душанбе саммитінің шешімімен Аралға Достық каналынан су бөліну жоспарланғаны белгілі. Яғни, ұйым­­­­­­­­­ға мүше мемлекеттер тарапынан Арал теңізін бірлесе толтыруға келісім жа­­сал­­­ғаны көпке мәлім. Осы уағдаластық негізінде Аралға алдағы 1 сәуірге дейін белгіленген мөлшерде су көлемі келуі тиіс. Бұл бастама жүйелі түрде жүзеге асырылса, теңіздің құрғаған табанына тамшы тамар еді деген пікірде.

«Рас, биыл қыс қатал мінез танытқан жоқ. Қазір Қызылорда маңында мұз бұзы­лып, судың жайылып жатқандығы туралы хабар келіп жатыр. Төменгі жақта мұздың пай­­­да болуы салдарынан Шөмішкөлге Ардана каналы арқылы су түскені туралы ақ­­парат жетті. Дарияда әр жерде сең жү­ріп, мұз буып тұр. Әзірге Кіші Арал теңі­зінде мұз жоқ, алайда түсіп жатқан су мөл­­­шері 60-70 м3/с шамасында деген дерек бар. Дәл қазір әр су реттегішті (ги­д­роузель) бақылай отырып, уәде етіл­­ген суымызды алуға мүмкіндік туып тұр. Алдағы сәуірден егістік жұмыстары баста­­­лып, дария жабылады. Ол уақытта тіпті бізге жіберілетін мол судың толықтай Арал­­­­ға жетіп үлгеретініне күмән басым. Қазіргі уақытта осындай мәселелер төңі­­регінде Қызылорда су шаруашы­­­­лығы­на хат жолдап, жауабын күтіп отырмыз. Те­ңіз­ге су жіберу жұмысын уақыт жоғалтпай, жедел жүргізу қажет», – дейді бірлестіктің атқарушы директоры.

Қырғызстанның таулы аймақта­­рынан басталып, Өзбекстан, Тәжікстан арқылы Арал­­ға жететін Сырдария өзенінің суы мол емес. Сондықтан Сыр бойына есепсіз су қойма­ларын салудың қажеттілігі жоқ деп есеп­­­тейді. Өйткені әр тамшы суы алтыннан ардақты болып тұрған уақытта әрбір са­­лын­ған су қоймасының салдары­нан тір­­­ші­­­­­лік нәрі жеткілікті деңгейде теңізге құ­­­йыл­майды. Мұның соңы су мар­жаны­­ның тапшылығына соқтырады деп есеп­тейді. 

Негізінен, бір кездері 68 мың шаршы шақырым аумақты алып жатқан Арал теңізінен бүгінгі қалған Кіші Арал аумағы 3 300 шаршы шақырымды ғана құрайды. Сондықтан өңір халқы су қоймаларының салынуына түбегейлі қарсылық білдіріп отыр.

Ал халық зор үмітпен күткен САРАТС-2 жобасының соңы сиыр­­құйым­­­шақтанып тұр. Бұл туралы өңір тұрғында­­ры Ха­лықаралық Аралды құтқару қоры еш­қандай мәлімет бермей тұрғанын алға тартады. 

Қоғамдық бірлестік бұған дейін «2020-2023–Арал өңірін дамыту стратегиясы» бағдарламасын әзірлеп, өткізген іс-шара қарарларын Үкімет назарына ұсынғанын тілге тиек етті. Ен­­­д­і­гі кезекте Халықара­лық Аралды құт­­қару қоры дирекциясымен, Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екендігін жеткізді. 

Қорыта айтқанда, теңіз тағдыры тол­ғандырған жұрт Арал өңірінің эколо­гиялық ахуалын еңсеру үшін тек суды бақылау жеткіліксіз деген пікірде. Теңізді өлкеде Үкіметтің назарын аударар­лық өзге де күрмеуі қиын қордаланған мәселе­лер шаш-етектен.

Сондықтан үш жылға еліміздің құзы­рына берілген Халықаралық Аралды құт­қару қорының жоспарлы жұмысынан зор үміт күтетінін жасырмайды.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы