Хостелдің ашылғанына бір жарым ай ғана болған.
Алматыдағы өртенген хостелде көбіне шетелдіктер тұрған
Фото: Kazinform
744
оқылды

Алматыдағы өртенген хостелде тұрғандардың басым бөлігі шетел азаматтары болған,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Алматы қалалық ТЖД басшысы Нұрлан Атығаевтың айтуынша, эвакуацияланғандардың  біразы шетелдік азаматтар.

«Хостел әкімшілігінің сөзінше, өз бетімен сыртқа шыққан адамдардың дені Өзбекстан, Қырғызстан, Пәкістан елдерінің азаматтары. Араларында қазақстандықтар да бар. Қаза тапқандардың кім екені анықталып жатыр»,  деді ол.

Сонымен қатар департамент басшысы өртенген хостелдің ашылғанына бір жарым ай ғана болғанын айтты. 

«Үш қабатты ғимараттың жертөлесінен хостел ашқан. Бұл, негізі, заңға қайшы. Себебі жертөле адам тұруға арналмаған. Қанша жерден жабдықталса да», деді Нұрлан Атығаев.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың өкімімен Алматы қаласындағы хостелде болған өрттің себебін тексеру және оның салдарын жою жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды. Оның құрамына мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ Алматы әкімдігінің өкілдері кірді.

Комиссия төрағасы, ҚР Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов оқиға орнына шұғыл аттанды.