Айыптаушы тарап барлық сотталушыға қатысты ең жоғары жаза тағайындауды сұрап отыр.
Шерзат ісі: прокурор басты күдікті Абзал Шынасылды 23 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
1,941
оқылды

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысында жарыссөз кезеңі өтіп жатыр,  деп хабарлайды Aikyn.kz azattyq-ruhy.kz сайтына сілтеме жасап.

Шерзат Полаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай жарыссөзге шықты.

Ол сотталушылардың әрекеттері заңды түрде дұрыс сараланғанын атап өтті. Нақты айтқанда, Абзал Шынасылды «Адам өлтіру» және «Бұзақылық» баптары бойынша кінәлі деп танып, 23 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Ал басқа сотталушыларға қатысты келесі жазалар талап етілді:

  • Думан Ысқақ – ҚР ҚК-нің 434-бабы ("Қылмыс туралы хабарламау") бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылуы тиіс;
  • Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Дархан Қалиахмет, Шыңғыс Белғожаев – ҚР ҚК-нің 293-бабы  2-бөлігі ("Бұзақылық") бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылуы тиіс;
  • Нұрқияс Ілиясов – 7 жылға сотталуы тиіс, ал бұрын өтелмеген жаза мерзімін ескере отырып, жалпы 9 жылға бас бостандығынан айыру сұралды;
  • Азамат Тоқтаубаев – ҚР ҚК-нің 290-бабы  3-бөлігі ("Қаруды заңсыз сақтау, тасымалдау немесе алып жүру") бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға соттау, ал бұрынғы жазалармен қосып есептегенде 15 жылға бас бостандығынан айыру сұралды;
  • Равиль Сәкиев – ҚР ҚК-нің  293-бабы  3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға соттау, ал бұрынғы өтелмеген жазасын ескере отырып, жалпы 20 жылға бас бостандығынан айыру талап етілді.

Айыптаушы тарап барлық сотталушыға қатысты ең жоғары жаза тағайындауды сұрап отыр.