Адам баласы ұзақ өмір сүрудің құпияларын ашуға ұмтылып келеді. Көптеген ғылыми зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей, 100-ден асқан адамдар ешқашан қиындыққа берілмеген, күйзелісті бастарынан кешірмеген. Ұзақ жасаудың құпиясы да қиындықпен күресу, адами қасиетті сақтау болар.
Жақсы көңіл күй мен Жаратушыға сенім ұзақ жасауға көмектеседі
Фото ferra.expert сайтынан алынды
2,700
оқылды

Жақсы көңіл күй мен ішкі рухани сенім – ұзақ жасаудың кілті деген тұжырымдарды мамандар жиі айтады. Бүгін ferra.expert сайтында кезекті ғылыми зерттеу нәтижелері көрсетілген хабарлама жарияланды. Aikyn.kz ұзақ жасаудың себептерінің қаншалықты өзгергенін, әртүрлі халықтың ұзақ жасау құпияларын түсіндіреді.

Фото Getty Images агенттігінен алынды. Авторы: Greg Hinsdale

Ғалымдар мен сарапшылар тобы ұзақ өмір сүру бірнеше факторлармен байланысты деген қорытындыға келді. Бұл факторлар мыналар: басқалардан алғыс алу, өмірге риза болу, көңілді жүру пен физикалық белсенділік, және ең бастысы – адамның өмірге деген қызығушылығы.

Мұндай нәтижені Мадрид университетінің ғалымдары 100 бен 107 жас аралығындағы 14 мыңға жуық адам қатысқан зерттеуден қорытқан. 

Зерттеу ұзақ өмір сүруге байланысты тұлғаның ерекшеліктерін анықтау үшін жүргізілген. Сондай-ақ, ұзақ өмір сүру мен психикалық денсаулықтың себептеріне батылдық, жақсы көңіл күй және Жаратушыға деген ішкі сенім жатқызылған. 

12 минуттық күлкіні мына видеодан табуға болады:

Зерттеу нәтижесінде ғалымдар адамдардың білім алуға деген құштарлығы, мәдени өрісін кеңейтуі, саяхаттауы, кітап оқуы мен үнемі ой-санасын таза ұстауы, интеллектуалдық белсенділігі ұзақ өмір сүру үшін, қартайған кездегі психоәлеуметтік денсаулық үшін маңызды деген қорытындыға келген.

Фото freepik.com сайтынан алынды. Авторы: Jcomp

Ferra.expert сайтының тағы бір материалында әртүрлі елдердегі ұзақ өмір сүруге адамдардың бейім болу себептерін көрсетеді. Мысалы, Финляндияда адамдар ең жақсы климатта өмір сүрмегенімен олар мықты денсаулықтарымен мақтана алады. Мұның себебі – теңдестірілген тамақтану мен ашық ауада жаттығулар деп түсіндіріледі.

Исландиялықтар болса, одан да қатал климатта өмір сүреді, бірақ олардың орташа өмір сүру ұзақтығы ерлерде 81 жас, әйелдер 84 жас екен. Олардың құпиясы – жүрекке жақсы әсер ететін балық өнімдерін көп тұтынуында.

Балық пен теңіз өнімдерін жақсы көретін жапондықтардың да орташа өмір сүру жасы жоғары: ерлер 82 жас, әйелдер 88 жас. Олардың рационында қатерлі ісіктің алдын алатын және жүрек-тамыр жүйесіне пайдалы соя да мол.

Фото yandex.ru сайтынан алынды. Авторы: Istfud 

Үндістанның ұзақ өмір сүретін тұрғындарының денсаулықтарының жақсы болуы олардың тағамдарында дәмдеуіштерді көп пайдалануына байланысты. Дәмдеуіштердің құрамындағы организмге қажетті заттар Альцгеймер ауруының дамуын бәсеңдетуге көмектеседі.

Қытайдың оңтүстігінің тұрғындары да көп жылдарды көңілді, ән салып өткізгенді жөн көреді. Көтеріңкі көңіл күй мен ән айту иммундық жүйені нығайтады, адамдарды ортақ мүддеге біріктіреді, бұл оларды депрессиядан сақтайды.

Ғылыми дәлелденген тұжырымдарды қорыта келе, қазақ халқының да ұзақ өмір сүруіне қажет факторларды атауға болады. Олар: адамдардың бір-біріне деген мейірімі мен құрметі, сыйластығы мен кешірімділігі, демалатын ауасы мен ішетін суының, тұтынатын тағамының тазалығы екенін естен шығармасақ болғаны.