Жақында Алматы қаласында «Сreative Central Asia-2023» форумы өтті.
Креатив индустрия – ел экономикасына қомақты үлес қосатын сала

Үш күнге созылған іс-шараға Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Оңтүстік Корея, ТМД елдері, АҚШ және Англиядан келген креативті индустриялар саласында еңбек етіп жүрген халықаралық және отандық сарапшылар жиналды.

Форум кино, музыка, медиа және цифрлық мәдениет, білім беру, сән және заманауи өнер салаларындағы ең жаңа тенденцияларға арналып, білім, тәжірибе және идеяларды ортаға салу үшін бірегей платформа ұсынды. Форум аясында креатив индустрияны дамытудың әртүрлі аспектілерін қозғаған көптеген қызықты баяндама, панельдік пікірталас өтті.

Ал осыдан бірер жыл бұрын Үкімет Креатив индустрияның 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіткен еді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы Жолдауында әр облыста кретатив индустрия орталықтарын құру керегін айтқан.

Осыған байланысты Aikyn.kz редакциясы «жалпы Креатив индустрия дегеніміз не, оның ел экономикасына ықпалы қандай, дәстүрлі өнер арқылы креатив индустрия жасай аламыз ба?» деген сауалдарға жауап іздеп, осы салаға қатысы бар отандық сарапшылар арасында шағын дөңгелек үстел өткізіп, пікірін білді.

 

Креатив индустрияны дамыту үшін бұл саланың маңызын әкімдер түсінуі керек

Молдияр ЕРГЕБЕК, медиазерттеуші, «Сана» бағдарламасының жүргізушісі:

Креатив индустрия дегеніміз – мұнай саласы немесе басқа да салалар секілді елдің экономикасына өте үлкен үлес қосатын индустрияның бірі. Мұны қателеспесем, ең алғаш байқап, оның дамуын қолдаған ел – Англия мен АҚШ. Креатив индустрия дегеніміз – өнер, мәдениет, технология салаларының конвергентті түрде шоғырлануы және оның экономикаға серпін беруі.

Біздің елде креатив индустрияны қалыптастыру үшін жеткілікті деңгейде әлеует бар, тіпті өте зор десек те болады. Бұны соңғы уақытта IT саласындағы мамандардың жетіліп, дамуынан көріп отырмыз. Әсіресе, қазақ тілінде сөйлейтін, жаңа технологияны меңгерген жастар күн сайын көбейіп жатыр. Сонымен қатар өнер мен мәдениет саласында да жеткен жетістігіміз аз емес. Бұлардың бәрі қосылып, әрине, Үкіметтің де креатив индустрияға қатысты арнаулы саясатымен бірге жасалуы керек.

Креатив индустрия дамуы үшін, әсіресе қалалардың басшылығы, әкімдіктегілер, билік басындағылар саланың маңызын, мәнін түсінуі керек. Біз де журналистер болып, өнер, мәдениет адамы болып, бұл саланы оларға түсіндіріп, дамуына атсалысуымыз қажет.

Креатив индустрияның тағы бір ерекшелігі – күнделікті қоғамдық алаңды эстетизациялайтын өте маңызды сала болуында. Кино индустриясы, музыка индустриясы, жасанды зерде мен өнердің біріккен индустриясы сияқты аталған салалар бойынша аз да болса елімізде қозғалыстың бар екенін көруге болады. Мысал үшін, Мақпал Жұмабай ханым бастаған «ÓzgeEpic» жобасы – әрі театрдың, әрі жаңа технологиялардың, жалпы өнердің барлық түрін, сонымен қатар қоғамды да қамтитын платформа ретінде құрылып, толымды еңбек етіп жүр. Десек те бұл – әлі де қолдауды қажет ететін сала. Қазір креатив индустрияны саяси тұрғыдан, қаржылай тұрғыдан демесек, бұның тез арада, тіпті 5-10 жылдың ішінде елімізге қомақты экономикалық үлес қосатынын көруге болады.

Негізі креатив экономика заманында ұлттық құндылықтар күйреуі мүмкін деп ойлауымыз мүмкін. Бірақ керісінше бұл дәстүрлі өнердің кеңінен жайылуына міндетті түрде септігін тигізеді. Біздің қазіргі кезде дәстүрлі ән өнері болсын, жарнамалаудан құр қалып отырғаны баршаға аян. Сондықтан да креатив индустрия осы сәтте көбірек жәрдемдесер еді. Әрине, өнер болған соң, мәдениет болған соң, өзгермей тұрмайды. Десек те түпнұсқа күйінде де дәстүрлі өнер өте көп табысқа жететіні анық.

Сонымен қатар креатив индустрия кітап индустриясының да дамуына үлес қосады. Дәстүрлі не жаңа медиа болсын, оған да ықпал етеді. Оқырмандардың көбеюіне үлес қосады. Сол себепті, бұған бей-жай қарамай, мәселені тереңнен түсінуіміз керек. Әсіресе, саяси шешім қабылдай алатын органда отырған мамандар бұны жақсы түсінуі қажет.

Әрине, бізде ұлттық бағдарлама болғаны дұрыс. Жылдық бюджеттің қанша пайызы кератив индустрияға бөлінеді деген мәселе де талқылануы керек. Бұл сосын ашық, транспарентті түрде өткені жөн. Сонымен қатар әрбір облыстың әкімдіктері креатив индустрияға қатысты бағдарламаларын жасауы қажет.

 

Музыка, кино, анимация – идеологиялық жойқын қару 

Мерей СЕМБАЙ, өнертанушы:

Өзімізді қамтамасыз ететін нарық Қазақстанға ауадай қажет, сондықтан креатив индустрия құру – қазіргі сәттегі өте өзекті мәселе. Өйткені біз ақпараттық күрес заманында өмір сүріп жатырмыз. Жас жеткіншектеріміздің назарын басқа елдер, басқа нарық жаулап алмас үшін, бәсекеге толы еркін нарықты игергеніміз жөн. Әйтпесе біз оларды жоғалтып алуымыз мүмкін.

Бұл жерде «жоғалтып алу» деген сөзді физикалық, яғни тәндік тұрғыдан түсінбеңіз. Ақыл, ой, сана, сезім, құндылықтар тұрғысынан қараңыз. Мәселен, музыка, кино, анимация – бұларды идеологиялық жойқын қару деп те айтуға болады.

Сондықтан бұл «құрылғыларды» өз мүддемізге орай қолдана алуымыз қажет. «Тәрбие тал бесіктен» демекші, әсіресе, менің алаңдайтыным – 1-6 жасқа дейінгі балаларға арналған контенттің жоқтығында. Соның кесірінен қазір олардың тілі көбіне орысша, ағылшынша шығып жатыр.

Бізде жақсы бастамалар бар. Димаш Құдайбергеннің өзі-ақ көптеген жасқа үлгі болып, жол ашып жатыр. Бірақ біз тап осы креатив индустрия саласында әлемдік деңгейге қаншалықты дайынбыз? Міне, негізгі сұрақ осы төңіректе өрбуі қажет деп ойлаймын. Себебі бізде нарық жоқтың қасы, продюсерлік мектеп қалыптаспаған, әдебиет, музыка, киноға қатысты журналдар тұрақты шықпайды. Бұл да – аталған тақырып жайлы сөз қозғағанда ескерілуі қажет мәселелер.

 

Ең дамыған сала – той бизнес...

Мұрат ЖҰМАНБАЙ, Jaidarman Creative Industries жеке компаниясының басқарушы директоры:

Бүгінгі күнге дейін креатив индустрияның нақты анықтамасын кездестірмедім. Әртүрлі мамандар өзінше түсіндіруге тырысады. Экономистер өзінше, шығармашылық мамандық иелері өзінше. Бірақ көбінің ойы креатив индустрияның өнімі шығармашылық идеялар негізінде және цифрлық технологияларды пайдалану арқылы жасалады деген тұста түйіседі. Толық келісемін, алайда толықтырып кетуге болады. Креатив өнімнің тағы бір белгісі – оның тұтынушыға жай ғана қажеттілігін қанағаттандырып қана қоймай, ерекше эмоция, көңіл күй сыйлауында. Яғни, бұл қуаныш немесе мұң, елігу немесе қайғыру секілді сезімдер.

Басқаша айтсақ, мен үшін, креатив өнім – ән немесе фильм ғана емес, сонымен қоса олардың маған беретін эмоционалдық ықпалы. Барлығы бірге креатив индустрияны сипаттаймын өнім болып саналады. Тағы бір мысалы, екі асхана бар делік. Екеуінде де ас мәзірі таңдау жағынан бірдей, бірақ біріншісінде қызмет әдеттегідей, ешбір ерекшеліксіз көрсетіледі. Асыңызды іштіңіз, кеттіңіз. Эмоционалдық жағынан есіңізде ештеңе қалмайды. Тамағы қанша дәмді болса да. Ал екінші асханада дәл сол тағам ерекше әспеттеп, айрықша тұжырыммен (мысалы, 80-жылдардағыдай), сол уақыттың ыдысына салынып, ерекше атаумен аталған болса, тұтынушыда ол кем дегенде таңғалу эмоциясын тудырады. Ұнап жатса, асханаға тағы келеді, таныстарын ертіп әкеледі.

Бірінші асхана жай ғана тамақтану объектісі болып қалады. Ал екінші асхана – мен үшін креатив индустрия нүктесі. Еліміздегі креатив индустрия даму үстінде деп айтар едім. Әзірге ішкі нарықтан шыға алмай отырмыз. Әрине, шекара асып жатқан өнімдер де бар, бірақ көп емес. Музыкалық бағыт, сериалдар жаңа нарыққа шығып жатыр. Кейбір жеке мамандар IT бағыттары бойынша жеке тапсырыстар алып, шетелдік, халықаралық тапсырыс берушілерге жұмыс істеп жатыр. Бірақ бұл үрдіс әлі трендке айналған жоқ.

Қанша күлкілі болса да айтайын, Қазақстандағы креатив индустрияның ең дамыған саласы – той бизнес. Әрине, ең дамыған дегенде оның масштабы мен қаржылық айналымын айтамын. Халықтың сұранысына сай шығарылып отырған өнім, көрсетіліп отырған қызмет. Мұны мойындамау қиын. Индустрияны дамыту үшін не істеу керек деген сұраққа айтылатын жауап көп. Ең негізгісі креатив өндірістің анықтамасынан туындайды.

Жастардың бойында шығармашылық қабілеттер мен елдегі цифрлық технологияларды дамыту. Нәтижесінде, осы екі компонент нарық заңдылығына сай, өздері түйісіп, бәсекеге қабылетті өнім беруге тиіс. Тағы да нарық заңдылығана сай, біздің шектеулі нарығымызға сыймай, одан пайда таппаған кезде сыртқы нарықты игереді. Демек мемлекет тек жағдай жасау керек. Бірінші, кадрлық қамтамасыз ету, яғни, шығармашылық иелері – креаторларды және IT мамандарды дайындауға көмектесу. Екінші – инфраструктуралық жағдай жасау. Оның ішіне сапалы интернет, зияткерлік құқықтарды қорғау, оның ішінде халықаралық деңгейде және т.с.с.

Мәселен, елімізде жиырма жылдық жемісті даму кейсі бар "Жайдарман" ойын болып басталып, бүгінгі күні өз алдына қауымдастық, 100 мыңнан аса баланың, жастар мен түлектердің басын біріктіретін қозғалыс болып отыр. Креатив экономиканың қай бағытын алсаңыз да, жайдарманшыларды көруге болады. Музыкалық, сериалдық, толықметрлі фильмдер – барлығында жайдарман түлектері көшбасшы. Сондықтан мемлекет Жайдарман сияқты мемлекеттік емес қозғалыстардың жүйелі дамуына қолдау жасаса, қателеспейді деп ойлаймын.

 

P. S. Сонымен, креатив индустрия – елімізде енді дамып, қарқын алып келе жатқан сала. Жоғарыда пікірін білдірген сарапшылар да мұны растап отыр. Бірақ бізде креатив индустрияны қалыптастыру үшін жеткілікті деңгейде әлеуетіміз бар екені де сөз арасында айтылады. Демек бағытымызды, бағдарымызды дұрыс анықтасақ, тек отандық нарықта емес, әлемдік нарықта  да ойып тұрып орын алуға әлі-ақ мүмкіндігіміз бар.