Жақында жарияланған жаңалықтардан әскери технологияға бөлінген шығындардың өскені байқалды. F-35 үшін арнайы жасалған дулыға (пилот шлемі) жарты миллион долларға жақын тұрады. Бұл шлемде қандай құпия технологиялар бар?
Америкалық F-35 жойғыш ұшағы пилотының шлемі 400 000 доллар тұрады
Фото ts2.space сайтынан алынды
1,792
оқылды

Технологиялар жарысының қозғаушы күші әскери тапсырыстар екені белгілі. Кеше ts2.space сайтында жаңа жойғыш ұшақтар үшін жасалған дулыға (пилот шлемі) туралы мақала жарияланды. Aikyn.kz толықтырылған шындық технологиясына негізделген құрылғының техникалық сипаттары мен бағасына талдау ұсынады.

Фото U.S. Air Force сайтынан алынды. Авторы: Brett Clashman

Жетілдірілген технология мен ерекше дәлдікті бейнелейтін заманауи ұшқыш дулығасы өзінің жоғары бағасымен ерекшеленеді. Vұндай техникалық мүмкіндіктері бар, осыншама қымбат дулыға бұрын болмаған. F-35 Lightning II жойғыш ұшағымен ғана бірге пайдалану үшін арнайы жасалған дулыға 400 000 доллар тұрады.

Бұл жай ғана қорғаныш бас жабыны емес, ол F-35-тің ажырамас жоғары технологиялық жүйесі, ұшқыш пен жойғыш ұшақ арасындағы байланысты мүлдем басқа деңгейге шығарады.

 

Дулыға F-35 Lightning II жойғыш ұшағында жасырылған технологиялық жетістіктерді қолдану үшін қажет. Дулығада ұшқышқа ұшақты толық көруге мүмкіндік беретін 360 градустық көру жүйесі бар. Ол түнгі көру, мақсатты бақылау және сенсор деректерін көрсету сияқты күрделі мүмкіндіктерді біріктіреді. Дизайн күрделі, бірақ аэродинамикалық, ыңғайлылық үшін жеңілдік пен қауіпсіздікті бердей қамтитын материалдардан жасалған.

Фото U.S. Air Force сайтынан алынды. Авторы: Tom Reynolds

Дулыға неге сонша қымбат?

F-35 дулығасы – Rockwell Collins бен израильдік Elbit Systems компаниясы бірлесіп жасаған заманауи инженерияның ғажайып өнімі деп бағалануда. Ол ұшқыштарға әуедегі жағдайдан хабардар болудың теңдессіз тәсілін ұсынады.

Дулыға негізгі ұшу және әскери ұрыс тапсырмасына қатысты параметрлерді ұшқыштың көру аймағына жіберетін Heads-Up Display (HUD) құрылғысымен жабдықталған.

Distributed Aperture System (DAS) жүйесі дулығаны ұшақтың сенсорларымен біріктіріп, ұшқыштарға ұшақтың өн бойынан өтіп «көруге» және 360 градустық көріністі көз алдында көруге, ұшақтың астындағы жерді көруге мүмкіндік береді.

Фото Los Alamos National Laboratory сайтынан алынды

Сарапшылар арасында дулығаның құны пікірталас тудыруда. Сыншылар "оның пайдасы құнын ақтай ма?" деген күмәнді сұрақтар қоюда. Жаңа құрылғыны жасаушылар дулыға F-35-тің заманауи әуе шайқасындағы ажырамас бөлігі және мұндай құнның ішінде зерттеулер, әзірлемелер мен құпия технологиялар енгізілген деп ақталуда. 

Жаңа дулығаға байланысты  "F-35 дулығасы неге сонша қымбат және дулығаны ескі F сериялы ұшақтарда қолдануға бола ма?" деген сұрақтар жиі қойылады.

Дулығаны жасаушылардың айтуынша, жоғары құн құрылғыда пайдаланылған озық технологияға, соның ішінде HUD, DAS және ұшақ сенсорларымен интеграцияға байланысты. Бұл дулыға F-35 және оның бірегей жүйелері үшін арнайы жасалған, ескі F сериялы ұшақтарға жарамайды.

Фото U.S. Air Force сайтынан алынды. Авторы: Donald R. Allen 

Қысқаша анықтамалар

Heads-Up Display (HUD): ұшқыштың қалыпты көзқарасынан басқа жаққа қарауын талап етпейтін деректерді көз алдында көрсететін мөлдір дисплей.

Distributed Aperture System (DAS): ұшқышқа қоршаған ортаның 360 градустық көрінісін қамтамасыз ететін ұшақтың өн бойын рентген сәулесі сияқты «тесіп көруге» мүмкіндік беретін сенсорлық жүйе.

F-35 Lightning II: кез келген ауа райы жағдайында жердегі ұрыс және әуедегі басымдық миссияларын орындауға қабілетті бір орынды, бір қозғалтқышты радарларға көрінбейтін жойғыш ұшақ.

F-35 Lightning II жойғыш ұшағын америкалық Lockheed Martin Corporation шығарады. 

Lockheed Martin Corporation – бүкіл әлемде мүдделері бар америкалық корпорация, аэроғарыш, қорғаныс, ақпараттық қауіпсіздік саласына маманданған. Негізінен әскери тапсырыстар орындайды. 2022 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша Lockheed Martin-де бүкіл әлем бойынша шамамен 115 000 қызметкер жұмыс істейді, оның 60 000-ы инженерлер мен ғалымдар.