Соңғы кезде «Орталық Азия ел­­дері Арал теңізін құтқару жолдарын бірлесе іздестіреді» деген мазмұнды хабар қоғамда кең таралып, соған орай әлеуметтік желіде оң пікірлер туын­дап жатыр.
Аралға су келе ме?
1,865
оқылды

Бұл тек бір өлке, бір­­неше ел аумағындағы  емес, әлемдік кеңістік ауқымындағы игі жаңалық деуге негіз бар. Себебі дүниеде бе­лең алып бара жатқан қатерлі проб­лемалар арасында Арал теңізінің жағдайы 60 жылдан астам уақытқа созылып және әлі де жалғасып бара жатқан ауқымды мәселе. Жердің азып-тозуы, планетарлық эколо­­гия­лық дағдарыс, климаттың бұзылуы сияқ­ты ғаламдық жайттардың өткір жүзінде тұрған және ондағы анық рөлі әлі де нақты түрде сарапталып, орнына қойылмаған. Сондықтан да Арал экологиялық апатының бетін қай­тару, жоғалған теңізді жағалауына келтіру – әлемдік мүдде ісі санатына жатады.

Дау жоқ, әлемдік кең контекст құра­­мында жатқан бұл мәселенің Орталық Азия қауымдастығына қатысты аумақтық нақты қырлары да бар. КСРО-ның әсіре ­прагматикалық саясаты оңтүстік өлке­лерге күштеп таңған сусамыр дақылдар экспансиясы, ауыл шаруашылығын жүр­гізудің экстенсивті жолы, жер-табиғат бай­лықтарын аяусыз, есепсіз пайдалану тәсілдері Әму-Сыр алабын тоздырды, Арал теңізін жоқ етті. Бұл, айналып кел­­генде, қасиетті Тұран өлкесінің сұр­­қын кетірді, оның ғасырлардан қалыптасқан тарихи мәнін аяқасты етті. Орталық Азия қызыл империяның құлдық саясаты ден­деген плантация-қосалқысына айналды. Әлеуметтік, экономикалық салдарын айтпағанда, мұның осы күнгі нақты эко­ло­­гиялық зардабы енді көз алдымызда: оңтүстік таулардағы мыңжылдық мұз­дық­­тар сарқылды, өзендер суала бастады, өлкедегі құрғақшылық пен шөлдену аса басым құбылысқа айналды. Аймақтың қысы қатал, жазы аса ыстық тартты. Әри­не, бұл өз кезегінде экономикалық, әлеу­меттік проблемалардың көп қордасын тудырды...  

М­ақсатты жұмыстар нақты іс-қадам­дардан тұрады. Ортақ өзендер бастауында отырған көршілер вегетация кезеңіне (1 сәуірге шейін) Сырдария ағынынан Қазақ­­­стан тарабына 11,1 текше шақырым  су беруге алған міндеттеме, негізгі мақ­сат­­тар қатарында. Мұны Арал теңізі үшін жасалған нақты қадамның бірі деп қарау керек. Біз осы кезге шейін Сырдариядан заңды-кепілді тетігі жоқ, кешегі КСРО тәжірибесінен қалған 12 текше шақырым  су көлемін күтіп келдік. Әрине, бұл кү­тулі көлем табиғат мінезіне байланысты, кепіл­сіз түрде бірде артық, бірде кем жағ­дайда жүзеге асып жатты. Ал соңғы кли­маттық құбылыстар (ауа ысынуы, қуаң­шылық) және оңтүстіктегі де­­­­мо­­­­гра­­фиялық факторлар бедерінде бұл кө­лем тіпті төмендеп кетті. Енді Қазақ­стан үшін Сырдарияда кепілді, бекітілген су мөлше­­рі бар деп айта аламыз. Бұл су­дың сонау күтулі көлемнен (КСРО ұста­нымынан) 0,9 текше шақырым  аз шама­да белгіленуі сол, климат өзгерісі, қуаң­­­­шылық және ел-жұрттар факторын еске­ре отырып алынған реалистік меже деп қарау керек.

Бұл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт  Тоқаевтың Орталық Азиядағы ынтымақтасты көршілік қарым-қатынас жолында атқарған зор дипломатиялық саясатының нәтижесі және елімізде көп­тен бері құрылуы ұсынылып келген Су шаруашылығы министрлігінің өмірге ке­ліп, қарқынды жұмыс істей бастауы­­­­ның бір игілігі деп түсінген абзал.  

Әрине, қоғамда тараған «Орталық Азияның Арал теңізін құтқару» бастама­сының нақты қадамдар алгоритмі әл-әзір бізге мәлімсіздеу. Бірақ елімізге тиесілі жоғарыдағы су көлемі факторына орай, бізде нақтылыққа негізделген кейбір сараптамалық ойды тарқату мүмкіндігі бар. Оңтүстіктен Шардара су қоймасына түсетін 11,1 текше шақырым  судың, егіс жә­не шаруашылық қажетінен бөлек, 1,6 тек­ше шақырым   көлемі Арал теңізіне бағытталады. Бұл – кепілді үлесі көптен сұралып келген Арал сыбағасының заң­ды алғашқы қарлығашы. Әрине, бүкіл Арал үшін бұл тым аз көлем. Ел тілегімен күн тәртібінде тұрған Кіші Арал теңізі үшін де аз. Бірақ бұл – заңдастырылған сыбаға. Және осы үлгі негізінде ары қарай ой дамыта аламыз. Елімізге сырт­тан келетін таза ағыннан Арал сыба­ғасы 1,6  текше шақырым  деп белгіленсе, осы шаблон үлгімен ішкі су қорлары­мыздан да күйзелісті теңізге су бөлуді заң­­­дастыру қажеттігі күн тәртібіне шығады.

Қазақтың Қаратауынан Сырдария бағытында 7 текше шақырым  көлемде су өнеді. Міне, осы судан да жоғарыдағы үлгімен Арал теңізінің сыбағасын белгі­леп, заңдастыру қажет. Сол үлгі бойынша бұл «ішкі ағыннан» Арал үшін тағы 1 текше шақырымнан астам су бөлуге бо­лар еді. Сырттан келетін су да, іштен өне­тін су да – бәрі бір су. Өзіміздің ішкі су пайдалану саясатына да тұжырымды сұ­рау, табанды міндет қою – ендігі өмір талабы. Табиғат берер ризық 1 сәуірмен ғана шектеліп қалмайды. Жоғарыда ай­тыл­ған су көлемінен тысқары, «жоспар­сыз» түрде келуі ықтимал дария ағыны онан ары да жалғасты болуы мүмкін...

Нәти­же­­­сін­­де, Шардара-Арыс беттен Арал үшін 2,6-3 текше шақырым «таза» су келе ала­ды. Осы көлемге Түркістанның Ке­лес-Шар­­да­ра, Қызылқұм, Арыс-Түркістан мас­сив­­терінен, Қызылорданың Келін­төбе, Түгіскен, Жаңадария, Қараөзек, ең аяғы, Қа­­­залы алаптарынан қайтарымды-қа­шырт­қылы суларды қайтара құю ісін жол­ға қою қажет. Су қорларымызды тиім­­­ді пай­далану жолында осынау үнем көз­деріне тиісті мән беріліп жүрген жоқ. Бір кездері Қызылорда облысында Қаза­лы алабының өзінен 52 шақырымдық ар­намен (жобасы: солжағалық Қараарық, Беларық, оңжа­­­­ғалық қашыртқы арық­тарымен) біраз қа­­шыртқы-қайтарымды суды дарияға қай­тара құю мәселесі айты­лып келген. (Әр об­лыстың өз күші­мен-ақ жүзеге асуы мүм­­кін бұндай шаралар Арал жо­­лындағы арзан да, тиімді, ең бастысы, ақталымды тірлік болмақ; мемлекеттік дең­гейде де солай жүзеге асады). Бірақ сол су қайтару идеясы әлі күнге жүзеге асқан емес.

Техникалық жағдайлары сын көтер­мейтін гидроқұрылғылардағы алтындай қымбат судың рәсуа шығыны 40 пайызды құрайды.

Жоғарыдағы шаралар нәтижесінде, Сыр аяғы үшін, ең аз дегенде 6 текше ша­қы­рымнаннан бастап, одан да көп су көлемі құралар еді. Бұл Арал халқы та­­­бан­­ды түрде сұрап отырған Солтүстік Арал теңізі суын 50-51 метр жиегіне (НПУ) келтіретін, бірдеңгейлі «Көкарал» бөгеті нұсқасы үшін жетіп-артылатын көлем. Тек бүгінгі күннің өркениетті аг­ро­­шаруашылық тенденциясы ауанын­да, егіс танаптары нитрат-пестицид деген заһарлардан таза болуға тиіс. Ендігі са­лауатты экология талабы сол. Содан қайт­қан суды теңіз бен дария өз ағысы, толқыны, жел сапыруымен (аэрация құбылыстары) өздері тазалап алатын қа­сиетке ие. Мұндай су дария алабындағы жан-жануарға да, теңіз ихтиофауна-фло­расына да зиян келтірмесе керек.

Жалпы, қайтарымды су жөнін айт­қан­да, мұның сыртында, жылдар бойы талқыда келе жатқан су пайдаланудағы ұқыптылық, үнемшілдік, айдалаға кетіп, жер сорландырып жатқан су ысырабына тыйым, экологиялық мәдениет мәселе­лерін тағы да қоса көтеру қажет болады. Тірлік-тіршіліктегі ескі көзқарастар мен «кешегі» психологиядан құтылып, мем­ле­­кеттің бағдарлама-қолдауымен шаруа­­шылықтар дәстүрін әртараптандыру, сусамыр дақылдар гектарын мейлінше азайту, су үнемді дақылдарға бет бұру, агро­техникалық заманауи шараларды батыл түрде енгізу, жаңбырлатып, там­шы­латып суару сияқты сан тарау  жол­дары бар. Бұл орайда еліміз-жеріміз мүддесі жолындағы әр адамның ықылас, ізденісіне мемлекеттік қолдау қажет. Үкі­мет күн тәртібіне қойып отырған су пай­далану тарифтерін көтеру – қолда бар игі­лікке ұқыптырақ болудың бір тиімді жолы болар еді. Соңғы 30 жылда, «иман­ды» экологиялық уәждер астарында, Сыр бойында ғана өрескел кеткен күріш­тік алқабын 30 мың гектар көлем қыс­қарту 1 миллиард текше метрден ас­там су үнемдей алады.

Су – мұнайдан да қымбат, ал эколо­гия – экономика мен әлеуметтік мүдде­ден биік құндылық, өмір кепілі екенін әлем мойындай бастаған мына заманда біздің нақты Сырдария үшін түбегейлі, за­манауи көзқарас-саясат керек. «Жаға­сына жата қалып су ішетін» «адал» су кө­зін бүгін таба алмайсың. Сыр алабын­дағы ізденістерде ғана емес, еліміз бо­йынша гидрология, гидротехника ма­ман­­­дарының ділгір қажеттігі күн тәр­­­­­ті­­біне өткір қойылып тұр. Мұның осы күні әр аудан, тіпті ауылдарға шейін аса қажет мамандық екенін ескермей келге­німіз рас. Елде су шаруашылығы мама­нының әлеуметтік мәртебесін еселеп көтеру мүддесі бар.

Сырдария суын бірінші кезекте күт­кен Арал теңізі алабында жаңа су қой­маларын салу қажет пе? Азық-түлік қауіп­сіздігі – ел стратегиясы. Бұл стра­тегия ең алдымен экология салауат­ты­лығын көздеуі тиіс. Сол өз кезегінде, жер құнарын, табиғат берекетін артты­рады. Бұл – стратегияның құрамдас бөлігі ауыз­су қауіпсіздігі. Жоғарыда біз шолған дария-өзен суларын тиімді ұқсату ойлары – сол келешектің қамы. Өлкеміз­дің жербетіндік, жерастылық толымды гидрологиясы жолындағы ой. Салауатты экология – бар тірлік кепілі. 

Солтүстік Арал теңізін көтеру ісі ке­ше­гі керітартпа кеңестік жобаларды («екі деңгейлі теңіз» деген нұсқа) жүзеге асы­руға тырысқан біраз кедергі ниеттер себе­бінен ондаған жыл жоғалтты. Есіл уа­қыт, Кіші Аралды 1,5 еседей толты­­ратын 48 миллиард текше метр су, көп­теген балық қоры рәсуа болды. Бұл жыл­дарда республикада миллиардтық жоба­лар жүзеге асып жатты. Миллиардтар жұтып, жүзеге аспай қалған шаруалар да бар. Ал бүкіл әлем көз тіккен, экология­лық өлке халқы сонша жыл бойы сұрап отырған «Кіші Арал», көтеріңкі ұрандар астында, сөз жүзінде қалумен келді. 

Аралға бүгін керек «Мырзас» ретте­гіш-шлюзі де осы қатардан. Қысқы су да, жазғы су да – бәрі күтулі теңіз үшін бір су. Сыр алабына жаңа қоймалар салу негіз­сіз. Қоймалардың кебу, жерге сіңу және шаруашылық шығындары бүгін тағы бе­лең алып бара жатқан Арал қиындығын одан сайын асқындыра түседі. Өркениетті әлем үлгісімен Сырдың бар мүмкін ағы­нын Аралға бағыттау керек. 

Біз теңіз ұлтанын өсімдіктермен жабу ісін көршілерден бұрын бастадық. Жер­­­асты суларымен Қаратерең, Қасқақұлан алаптарын абаттандыру өткен ғасырдан бері жалғасып келеді. Бұл ретте теңіз ұл­та­нынан ашылған, тың су көзіне ғана есеп­телген өзгенің өнеге-үлгісінің біз үшін қажеттігі аз болар. Жарыс-мін­­дет­темелерге бармай-ақ, біздің өз дәс­­түрлі жұмыстарымыз солай өз ауанында жал­ғаса беруі керек. Ал Сырдариядан өнетін, үнемделетін бір тамшы су болса да, еліміз қолға алған Кіші Арал айды­нына ба­­ғыт­талуы керек. Ендігі өмір мүддесі бізден со­ны талап етеді. Ал Қазақстанның мың­жылдарда табиғи консервацияда жиыл­ған жерасты сулары, шүкір, ұтыры­­мен ұқ­сата алса, ұрпақтар мен ғасырлар шө­лін қандыруға жететін мол кеніш. Біз жоғарыда, өз ұғымымызда, гидрология ілі­­мімен айтсақ, жер бетіндегі суларды тиімді ұқсату, олады сақтау жолдарына біршама ой жібердік. 

Қытай, Қазақстан, Ресей ортақ күре­тамыр Ертіс жағдайын бірлесе қолға ала бастады. Бұл бағытта Ертіс-Қарағанды арнасы, Астана су қоймасы, болашақ Бұ­зылық су тоспасы мәселелері еліміздің су саясатының алдыңғы легінде тұр. Ор­талық Қазақстанның, Оңтүстік шөлді өлкелердің, соның ішінде Арал теңізінің де үлкен үміті осы шаралар болашағына өмірлік тамыр жалғайтын болады.  

Арал және өмірге қайтып оралатын Солтүстік Арал айдынының игі әсері бір өлкемен ғана шектелетін нысандар емес. Орталық Азия экологиясының, демек, біздің экономикалық, әлеуметтік то­лымды өмір, салауаттылығымыздың бір шарты. Есігіміздің алдындағы егіс құрағы ғана емес, одан да кең, одан да мәнді өмір ке­пілі, тіршілік кеңістігіміз – ортақ туған та­б­иғатымыз бар екенін ұғынатын кез жетті.

Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ,

эколог-жазушы