Елордадағы «Жастар сарайында» жастарды қолдауға арналған жо­баларды түсіндіруге бағытталған кез­десу өтті. ала әкімдігінің қол­дауымен ұйымдастырылған шарада жастар микронесие алу және жұ­мыспен қамту шаралары туралы мәлімет алды.
Жастар жұмыссыз қалмайды

Ендігі жерде жеке шағын бизнесін ашқысы келген жастарға Аграрлық несие корпорациясы 5 миллионға дейін жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2,5 пайыз болатын несие береді. Несиені мал шаруашылығын дамыту үшін алатын болса 7 жылға, басқа кез келген бизнес түрі үшін 5 жылға дейінгі мерзімге ала алады. Сыйақы мен қарызды өтеу кезінде шағын несие мерзімінің үштен біріне дейін жеңілдік қарастырылған екен.

«Шағын несиені 21-35 жас аралығында­ғы азаматтар ала алады. Әрине, кепіл мү­лік­пен қамтылуы керек. Кепілдікке жыл­жымайтын мүлік қабылданады. Ал несие алушының жеке мүлкі болмаған жағдайда ата-анасының, туыстарының мүлкін кепілдікке қоя алады. Шағын несие беру туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған комиссия қабылдайды. Несие алушының ұсынып отырған жобасы барынша дәлелді, өзекті, әлеуметтік маңызы бар, экономи­калық негізделген болашағы бар жоба болуы қажет. Шағын несие алып өз биз­несін бастап кеткен жастарымыз да бар. Жастарға аз пайызбен несие беру басқа мемлекеттерде жоқ. Бұл тек біздің ғана мемлекетте іске асырылып жатқан жоба», – дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалының директоры Әсет Көшкінбаев. 

Сондай-ақ кездесуде Астана қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Бақытбек Қабжанов қатысып, жұмыссыз жастардың санын азайту үшін қолға алынған жобалар туралы тілге тиек етті.

«Жоғары оқу орнын аяқтаған немесе колледж түлектерінің қолына дипломын алып жұмысқа тұруға барғанда алдымен одан бұрын мамандығы бойынша жұмыс істегендігі туралы тәжірибе сұрайды. Оқуын енді аяқтап жатқан жастардың көбісінде жұмыс тәжірибесі болмайды. Жастар арасындағы жұмыссыз­дықтың артуына бұл да себеп. Біз жұмысқа тұрғысы келетін жастарды 6 айдан 12 айға дейін жұмыспен қамтуға жәрдем береміз. Содан кейін жастарымыз өзінің қалаған жұмыс орнына тәжірибе жинап бара алады. Сондай-ақ тек қана мектеп бітірген, қолында аттестаты ғана бар түлектер де бұл жобамен жұмысқа тұра алады. Қолымыздан келгенше жастардың жұмысқа орнала­суына көмектесеміз», – деді ол. 

Демек, қазір 21-35 жас аралығындағы жастар ғана емес, мектеп оқушылары да еңбек етіп ақша таба алады. 

«Жасыл ел» бағдарламасы аясында жастарды, қала тұрғындарын қаланы жасылдандыру, табиғатқа өз үлесімізді қосуға шақыратын бұл бағдарламаға 14 жастан бастап жұмыс істеуіне мүмкіндік мол. Алдың­ғы кезекте көпбалалы және отбасында бір ғана асыраушысы бар мектеп түлектері жұмыспен қамты­лады. Астана қаласындағы әрбір мектептен 15-ке дейін бала қабылданады. Ал «Жасыл ел» бағдар­лама­сымен жұмысқа тұрған жастарға ай сайын айлығының үстіне 65 мың теңге сыйақы беріледі екен. Бұл туралы «Жасыл ел» жобасы директорының орын­басары Асылбек Бақытбекұлы айтты. Оның айтуынша, жобаға қатысушы жастар өзін-өзі жұмыспен қамтып қоймай, қаланы жасылдандырып, экологияға өз үлесін қосуға қол ұшын береді.

Сондай-ақ кездесуде жастарды жұ­мысқа орналас­тыру үшін бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шараға қатысқан Халықты жұмыспен қамту орта­лығы, Аграрлық несие корпорациясы мен Кәсіпкерлер палатасының өкілдері жұмыссыз жастарға кеңес беріп, бағыт-бағдар нұсқады. 

Күлзира АХИРАТ, 

Л.Гумилев атындағы 

Еуразия ұлттық университетінің

3-курс студенті