Әли БИТӨРЕ,
спорт шолушысы:
– Кейінгі уақытта қазақ футболшыларының шетелде доп тебуге ынталары артып, елдегі «комфорт зонадан» шығып жатқаны көңіл қуантады. Бұрынғыларды айтпағанның өзінде, былтырдан бері 10-нан аса футболшымыз шетел біріншілігінде өнер көрсетіп келеді. Олардың ішінде ең сәтті трансферді «Тараз» бен «Астананың» бұрынғы ойыншысы Бақтиер Зайнудтинов жасады деп сеніммен айта аламын. Алғаш Ресейдің ортаңқол командасы саналатын «Ростовқа» барып, күні кеше солтүстіктегі көршіміздің ТОП клубының бірі ЦСКА-ға ауысты. Бұл бір жағынан футболшының өзіне де, ұлттық құрамамызға да оң әсер етеді. Бақтиер қазір нағыз футболда кемелденетін жасына жетті. Тағы бір-екі жылда шеберлігін шыңдаса, Еуропадағы алпауыт клубтардың көзіне түсетіні анық. Жалпы, ЦСКА сату арқылы мол табысқа кенелетініне көз жеткізгені үшін сатып алды ғой. Келісімшарт та бекерге 5 жылға жасалған жоқ. Футболшының өзі де ЦСКА арқылы Еуропаға жол ашылатынын біледі. Сондықтан бұл ауысымды, әзірше, қазақ футболындағы ең сәтті трансферлің бірі деп есептейік.
Ал ең сәтсіз трансфер Бауыржан Исламхан мен Исламбек Қуатқа тиесілі деп ойлаймын. Бұл – менің жеке пікірім. 2013 жылы жарты маусым болсын, Ресейде ойнап келген ол кейінгі 7 жыл ішінде Қазақстанда доп тепті. Бұдан ары қарай өспейтінін біліп, тағы да Ресей чемпионатында бақ сынап көргісі келді. Алайда бұл жолғы талпынысы сәтсіз болды. Қазақстанға қайта келгісі келмегендіктен, Еуропа жақтан жөні түзу ұсыныс болмаған соң Бауыржанға Біріккен Араб Әмірліктерінен басқа таңдау болған жоқ. Ал 27 жас Еуропада футболшылар үшін егде жас саналатынын жанкүйерлер жақсы біледі. Жұрттың бәрі Роналду немесе Месси емес қой, 30-дан асса да, кез келген команда қызығушылық білдіретін. Сондықтан Бауыржан Исламхан Қазақстанға қайта оралғанша, өзін басқа чемпионатта сынап көру үшін шетел асты.
Исламбек Қуат та Еуропа клубтарына жарамайтын болған соң, ТМД елдерін жағалап жүр. Тіпті, қазір ешқандай клубтың иелігінде емес. Ересектерге қарағанда кез келген жерде әрқашан жастарға мүмкіндік беріледі. Сол үшін Исламханның, Қуаттың және тағы басқа жасы 30-ға жақындаған футболшының шетел асқаны қуанатын хабар емес. Жастар кетіп жатса, қуануға болады. Қазір шетел чемпионаттарында өнер көрсетіп жүрген футболшылар аз күнде ұлттық құрама жейдесін киеді. Қанша дегенмен олардың біріншілігінің деңгейі біздікінен әлдеқайда жоғары. Футболшы үздік лигаларда ойнауының арқасында тәжірибе жинайды. Ал ол түптеп келгенде ұлттық құраманың жоғары жетістікке қол жеткізуіне септігін тигізеді.
Уалихан ҚОСАНБАЙ,
спорт коментаторы
–Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің футболшылары бір-бірінің біріншілігінде легионер саналмағалы расында біздің футболшыларға жақсы болды. Олар соның арқасында шетелдік командаларға ауыса бастады. Акмаль Бақтияров, Карам Сұлтанов, Исламбек Қуат (енді ауысады), Бахтиер Зайнутдинов, Самат Сәрсенов, Рамазан Оразов, Арман Кеңесов және тағы басқалары қазір өзге чемпионаттарда ойнап жүр.
Бұл жігіттердің болашағына үмітпен қараймын. Қазіргі кезде «Сочи» командасында ойнап жүрген Бақтияровтың ойыны ұнайды. Біраз уақыт қосалқы құрамда отырып қалған ойыншы жақында негізгі құрамнан орын алуға тырысатын болады. Командамен арадағы келісімшартын ұзартты. Демек, клуб басшылығы футболшыға сенім артып отыр. Ал таяуда ғана ЦСКА сапына ауысқан Зайнутдинов әзірге Қазақстан ұлттық құрамасының ең үздік футболшысы деуге болады. Ол ақырындап мәскеулік команданың негізгі футболшысына айналып, ары қарай Еуропаға кететін шығар деп ойлаймын. Исламбек Қуатқа әзірге тәуір клуб табылмай тұр. Әйтпесе ол да Ресейдің ортаңқол деген командаларында ойнай алатын футболшы.
Осы орайда Ян Вороговскийді ерекше атап өткім келеді. Ол бүгінде бельгиялық «Беерсхоттың» негізгі құрамынан мықтап орын алды. Командамен Бельгияның бірінші лигасынан Жоғарғы лигасына көтерілді. Командасы қазір көшбасшылардың қатарында келеді. «Қайраттан» шыққан жас ойыншылар Сәрсенов пен Оразовтан да үміт күтуге болады. Дер кезінде шетел асып кетті. Шамалы тәжірибе жинап, өздерін жақсы жағынан көрсетсе, бұл футболшылар да мықты командалардан шақырту алып қалар.
Абылайхан ЖҰМАШ