Жасыратыны жоқ, жазасын өтеушілердің барлығы бірдей жалпыға міндетті білім алмаған. Яғни, 11 жылдық сауаты жоқтары аз емес. Осыған орай, Тараз қаласындағы ЖД-158/7 мекемесі олқылықтың орнын толтыруға көшіп, міндетті білімді куәландыратын құжаты жоқтарды кешкі мектепте оқытуды бастаған. Сондай-ақ талапкерлер талапқа сай барлық пәннен емтихан тапсырған. Білім беру үрдісі карантин кезінде онлайн форматта жалғасын тапса, бүгін сынақтан сүрінбей өткендерге жалпы орта білімі туралы аттестаттар табысталды. Абақтыда жатып мұндай қуанышқа кенелгендердің қатарында Х.Байымбетов, Д.Каширин, А.Будяк, Ж.Досанов, Ғ.Мешітбаев сынды алты азамат бар. Түрме басшылығы мектеп бітірушілердің иығына «түлек» лентасын да тақты. Мұндай игі шаралар бұнымен тоқтап қалмайды. Бұйыртса, қолына аттестаты тиген азаматтарды биылғы жаңа оқу жылында кәсіптік колледжге түсіріп, оқыту да жоспарлануда.
Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы