Қазіргі пандемия жағдайында және одан кейін де экономикалық дағдарыс салдарынан елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың нашарлап, шағын және орта бизнестің табысы азайса, бюджетті қысқарту және басқа да оңтайландыру жүргізілуінің нәтижесінде түрлі этнос пен репатрианттардың өмір сүруіне, сондай-ақ жалпы халықтың әлеуметтік және көші-қон жағдайына да әсер етері анық. Ресей биыл сәуір айында «Ресей азаматтығын алу ережелері» туралы жаңа заң қабылдады. Соған сәйкес, бірқатар елдердің, соның ішінде Қазақстан мен Беларусь азаматтары да өздері тұрып жатқан мемлекеттің азаматтығынан бас тартпай-ақ, Ресейде тұру мерзіміне қарамастан, Ресей мемлекетінің азаматтығын алуды заңдастырып қойды.
Міне, осы жайдың өзі-ақ және Қазақстандағы қазіргі көші-қон мен демографиялық процестердің нашарлауы, еңбек ресурстарының төмендеуі, еліміздің қаржы-экономикалық саласының күрделі ахуалы мен өзге де мәселелер таяу арада этносаралық қатынастарды дамытудың, көші-қон мен ішкі қоныс аудару мәселелерін ретке келтірудің жаңа бағдарламасын әзірлеуді талап етеді.
Бұл үшін этносаралық қатынастарды, көші-қон мен демографиялық, сондай-ақ диаспоралық саясатты дамыту мәселелері бойынша нақтылы талдау мен мониторинг жүргізу керек. Содан соң сол талдаулардың нәтижесі бойынша бағдарлама әзірлеу үшін дербес мемлекеттік құрылым құрылуы қажет. 1997-2004 жылдар аралығында осындай құрылымның бірі Көші-қон және демография агенттігі болатын. Ал қазіргі уақытта осы агенттіктің жұмысы Еңбек және әлеуметтік қорғау, Ішкі істер, Ақпарат және қоғамдық даму, Сыртқы істер министрліктері, ҚХА, сондай-ақ «Отандастар қоры» сияқты кейбірі мемлекеттік мекемелерге, кейбірі қоғамдық ұйымдарға бөлініп берілді де, істің соңы сұйылып бара жатқан сыңайлы. Алайда уақыт озған сайын, көші-қон, демография және диаспора мәселелері де әлі күнге дейін Қазақстанның маңызды әрі өзекті мәселесі болып отыр.
Соңғы жылдары ғылыми зерттеулер көбіне қазақ диаспорасының тарихы мен этномәдени-этнологиялық мұрасын зерттеуге, отандастардың әлеуметтік-мәдени бейімделуіне, әлеуметтік сауалнама жүргізуге және қазақтардың шетелдегі рухани-мәдени қажеттіліктерін іс жүзінде іске асыруға бағытталып келеді. Бұл ретте көші-қон демографиялық процестердің, олардың еліміздің экономикалық дамуы мен ұлттық қауіпсіздігіне әсер етуіне жасалған кешенді саяси талдаудың әлі де аздығы байқалады. Сондай-ақ Қазақстан жүргізіп отырған диаспоралық-дипломатиялық саясаттың құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және саяси салдарын зерттеуге бағытталған мәселелер зерттеушілердің тарапынан тыс қалып жатыр.
Бұл орайда, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың елдің саяси, экономикалық, әлеуметтік және гуманитарлық жаңғыруы туралы ұсыныстары мен бастамалары негізінде Қазақстанның этносаралық қатынастары мен көші-қон, демография және диаспоралық процестері саласындағы мемлекеттік саясатты тағы да айқындап, оны белсенділікпен іске асыру да қажет.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, Парламент Сенатының депутаты