Ғылымға ұмтылғаның қандай жақсы?!
Ғылымға ұмтылғаның қандай жақсы?!
407
оқылды

Дүниежүзілік экономикалық форумның 2018 жылғы жаһандық бәсекеге қабілет индексінде Қазақстан 140 елдің ішінен 59-орында тұр. Соның ішінде білім беру деңгейі бойынша – 40, адами потенциалдың дамуы бойынша 58-орынға табан тіреген. Жалпы алғанда нәтижеге қуануға болады. Білім мен ғылымның даму деңгейін анықтайтын индикаторлар ретінде білім беру сапасы, ғылыми-зерттеу ұйымдарының болуы, мектептердің интернетпен қамтамасыз етілуі ескеріледі. Әлбетте, мегаполистер мен облыс орталықтарындағы сапалы білім беретін лицей, гимназиялар, зияткерлік мектептерге көз салсақ, көңіл қуанып, жүрек жұбанады. Десек те, тегін білім беретін еліміздегі мектептердің ахуалы, ғылымның дамуы соншалық жоғары деңгейде деуге ерте дейміз бе, сенбейміз дейміз бе, белгісіз...

Жастар жылы деп жария­ланды. Жастардың потенциалын көтеруге жол ашылады, жұмыла көтерген жүгіміз жеңілдейді дестік. Ендеше, арнайы белгілен­ген жылда ғылым мен білімге білек сыбана кіріскен жастар не бітіріп жүр, жоспарлары қандай, кедергілер бар ма – соны анықтау қажет. Біз айтып отырған сала бойынша мемлекет саясатын іске асыруда маңызды рөл атқаратын – жастар. Естеріңізде болса, 2011 жылы «Ғылым туралы», 2015 жылы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң қабылданып, бекітілген еді. Соған орай 2016-2019 жылдарға арналған Білім мен ғылымды дамытудың мемле­кеттік бағдарламасы іске асы­ры­латын болып шешім қабыл­данған. Сол бағдарламаның нүк­тесі қойылатын уақыт аяқталуға таяу, соңғы жылы да бел ортасына келді. Негізі «Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерция­лау» туралы заң қабылданғалы отан­дық ғылымның жаңа тынысы ашылды деседі. Өйткені ғылымды басқарудың бұрын-соңды болма­ған жаңа моделі жасалған бола­тын. Соның аясында ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың базалық, грант негізіндегі және бағ­дарламалық-арнаулы меха­низм­дері анықталды.  

Бағдарлама мен жоспарда мін жоқ. Орындалуы тиісінше өткенде, бәлкім өзгеріс те өзгеше болар ма еді. Қазақстанда ғылым­ның бір орында тежеліп, дамуда артта қалып жатқанын сынай­тын­дар көп. Өйткені есеп түрінде атқарылған шаруа – көл-көсір, нақты көзбен көріп, қол­мен ұстауға болатын нәтиже – «нөл­ден жоғары бір шама». Ғылыми жаңалық ашып, ғылым жолында жоғары жетістігімен өзінен кейінгіге жігер беретіндер жоқ емес, бар. Тек саны аз. Бірақ ғылыммен «қағаз жүзінде» айна­лысатындар керісінше, өте көп.

Әдетте, бір ғылымның соңы­нан қуып, кәсібіне берілгендер жағдайының мәз емесін жиі айтады. Ғылыми қызметкерлер айлығы шайлығына жетпей, ақыры отбасы – ошақ қасының қамымен басқа салаға ауысып кетеді. Мысалы, 2017 жылы өткен EXPO – 2017 дүниежүзілік көр­ме­сінде Қонаев атындағы Тау-кен ісі институты желэлек­трс­танса­сын таныстырды. Шетелдегі ана­лог­тардан айырмасы сол – арзан. Әйтсе де, қымбатқа жүгіріп, ис­пан технологиясын қолданып жүр­міз. Егер өзіміздегіні әрмен қарай дамытсақ, ғылымға қызы­ғу­шылар көбейіп, бұл салада биік бедел жинауы мүмкін жандар кет­пес пе еді...

Шыны керек, ғылыми-зерттеу институттарының басым көпші­лі­гінде кадр жаңармаған. Жаңар­мағанда, жастар келеді, табалды­ры­ғын аттайды, қандай жағдай жасалатынын көріп, есікті тарс жауып кетіп қалады. Бойындағы энтузиазм мемлекет сол күйі пайдалана алмаған күйі өшеді де қалады. Ғылымды шынында шыңға шығарғымыз келсе, осы «стратегиялық материалды» пісіру керек. Зоология институты­ның қызметкері Алексей Грачев БАҚ-қа берген сұхбатында былай деген екен: «Жануарлар әлеміне деген қызығушылық қанымда бар. Алты жасымнан зоологиялық экспедицияларға қатыстым. Өзімді басқа салада елестете алмаймын. Есімде, 2007 жылы бакалавриатқа түскен кезімде шәкіртақы 7 мың теңге болды. Бітіргенше 20 мыңға көтерілді. Магистратураны бітірер шақта 45 мыңдай болған еді. Зоология институтындағы жалақы 18 мың теңге дегенде естігенде таңғал­дым. Одан бері бірнеше жыл өтті. Өзгерген нәрсе шамалы. Жас ғалымдардың айлығы – 16 мың мен 60 мың теңге аралығында. Бізге жыл сайын студенттер, оқу орнын тамамдаған түлектер жиі келеді. Жалақы туралы білген соң кетіп қалады. Өйткені оған отбасыны қалай асырайды?».

Таяқтың келесі ұшына қара­сақ, ғылымның кадрлық потен­циалы артып келеді деген де пікір бар. Соның ішінде жастар­дың көптеп келіп жатқаны туралы strategy2050.kz ақпарат агенттігі жазды. Енді қазақ­стандық жас ғалымдар көбейіп жатыр деуге қандай дерек бар деп ізденсек, мемлекеттік және БҒМ тарапы­нан берілетін премиялар, мемле­кет­тік ғылыми стипен­диялар көп екен. Олардың ішінде М.Әуезов атындағы, Д.Қонаев атындағы шәкіртақы, «Дарын» жастар сый­лы­ғы, Тұңғыш Президент – Елбасы қоры тағайындайтын премиялар бар. Осыны ескерсек, «ғылымға мүл­дем көңіл бөлінбей жатыр» деп байбалам салу да бекер болар дейсің.

Қалай болған күннің өзінде, ғылымға қызықтыру, баулу – ақталатын еңбек. Жарқ-жұрқтың бәрі сәннен кеткенде қалатын сәуле де – осы. Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев іске кіріскен сәтінде алдағы жұмыс жоспарымен бөлісіп, басым он бағытты белгілеген еді. «Рухани жаңғыру» құндылықтарын басты бағдар ретінде қалдырып, тарихқа құрметпен қарау, ғылым-білімге деген ұмтылыс, Отанға деген адалдық керек. Бәсекеге қабілетті болуда жастардың үлесі де, маңызы да зор. Ендеше, жастар­дың білім мен ғылымға деген құлшынысы өскен сайын мемле­кеттің дамуы еселеп жеделдей түседі деген сенім мол» деген еді Президент.

 

Айша ЕРСҰЛТАН