Жас ұрпақ қазақ тілін таңдады
Жас ұрпақ  қазақ тілін таңдады
261
оқылды

Мемлекет ҰБТ өткізуге 100% дайын болуға тиіс. Үкімет отырысында Премьер Асқар Мамин Білім және ғылым министрлігінің жаңа басшылығы алдына осындай міндет қойды. Жиында Үкімет мүшелері Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық барысын пысықтады.

Биыл Қазақстанда ЖОО-лар­ға түсуге ниет етуші азаматтар с­аны 117 мыңнан асып отыр. Бі­лім гран­­тын иеленіп, мемлекет есе­­бі­нен тегін білім алуға үміт­тенушілер үшін биыл тестілеу 20 маусымда бас­талады. Осы орайда Үкімет бас­шысы өңір әкім­деріне жас­тар­дың ҰБТ-ға қа­тысуын ұйым­дас­тыру мәселесін бақы­лауға алу­ды тапсырды.

– ҰБТ өткізуге дайындық 100% қамтамасыз етілуге тиіс. Бі­­лім және ғылым министрлігінің мін­­деті – тестілеу өткізу пунк­те­рі­нің барлығының жұмысын нақ­ты үй­лестіру болады, – деді А.Ма­мин.

Ол мемлекеттік органдарға ҰБТ қатысушыларының қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету үшін қа­жетті бар­лық шараларды қа­был­дауды жүктеді.

Қазақстанда емтихандар ор­ны­на келген Ұлттық бірыңғай тес­­тілеу 2019 жылы осымен 16-шы рет өткізілмек. 2004 жылдан бе­рі тес­тілеуге 1 миллион 775 мың адам қатысыпты.

Айта кету керек, Білім және ғы­лым министрі өзгергенімен, биыл да ҰБТ форматы өзгермейді.

– ҰБТ биылғы 20-30 маусым ара­­лығында 169 пунктте өткі­зіле­ді. Оған жалпы саны 117 242 та­лапкер қатысады. Соның ішінде биыл­ғы мек­теп бітірушілер­дің саны 96 380. Бұл жалпы сан­ның 71,6 пайы­зы. Қалған 20 862 адам – ал­дыңғы жылдардағы мек­тептер мен колледждердің тү­лек­тері, – деді бі­лім және ғы­лым министрі Асхат Ай­мағам­бетов.

Ол ҰБТ өткізу техноло­гия­сы­ның бұзылмай, сақталуын қа­да­ғалау үшін өңірлерге елордадан ми­нистрлік өкілдері аттанғанын ха­барлады. Тестілеу материал­дары Қазақстанда «құпияға» жат­қы­зыл­ған. Тиісінше, өңірлерге олар құ­пиялылығын сақтай оты­рып, құзырлы органдардың қа­даға­лауымен жеткізіліпті.

– Барлық аудиториялар ұялы бай­ланысты өшіретін құрыл­ғы­лармен және бейнекамералармен 100% жабдықталды. ҰБТ өткізіле­тін пункттерде бейнетрансляция жа­­сайтын мониторлар орна­тыл­ды. Жыл­дам ақпарат алмасу үшін Бі­лім министрлігі мен Ұлттық тес­тілеу орталығының call-орта­лық­­тары жұмыс істейді, – деді БҒМ басшысы.

Сонымен қатар ол тестілеуді же­тілдіруге бағытталған бірқатар шаралар қабылданғанын айтты. Біріншіден, биылдан бастап, мемгрантқа емес, ақылы негізде оқу­ға түскісі келетіндер тиісті балл жиғанша, ҰБТ-ны жылына бір емес, 4 рет тапсыра алады. Бұл мек­теп оқушыларына түсетін пси­­хологиялық қысым мен жүк­темені тө­мендетіп, әр маусы­м­да өте­тін ҰБТ-ға әзірленулеріне мүм­кіндік берді.

Екіншіден, өз бейіні бойынша ақылы оқуға түсетін колледж тү­лек­­тері енді ҰБТ тапсырудан бо­са­тылады.

Үшіншіден, халықаралық сер­тификаттары бар және шет ті­лін жақсы білетіні расталған түлектер бұдан былай «Шет тілі» пәні бойын­ша тестілеу тапсыр­майды. Оларға автоматты түрде ең жоғары балл – 40 балл беріледі.

Төртіншіден, әрбір түлекке ҰБТ сертификатымен қатар, ақ­параттық парақ беріледі. Онда бі­­лім беру бағдарламалары тобы­ның тізімі, биыл бөлінген грант­тар саны, өткен жылғы конкурс нә­­ти­желері көрсетіледі. Бұл тү­лекке бо­лашақ мамандығын са­налы түр­де таңдауына мүмкіндік бере-ді.

Бесіншіден, биыл білім беру грант­тары «білім беру бағдар­ла­ма­ларының топтары» бойынша беріледі. ЖОО-ға алынған кезде оқуға түсуші ары қарай оқуы үшін нақты білім беру бағдарламасын таңдайды. Мәселен, «Ме­недж­мент және басқару» деген білім беру бағ­дарламасы тобы бар. Ол бойын­ша жоғары балл жиған та­лапкер ары қарай оның ішіне кіре­тін «Экономика», «Әлемдік эко­­номика», «Менеджмент», «Мем­­лекеттік және жергілікті бас­­қару», «Спорт менеджменті» се­­кілді мамандықтардың бірін таң­­дай алады.

– Жалпы, ҰБТ өткізуге бар­лық дайындық жұмыстары аяқ­талды. Министрлік жергілікті ат­қарушы органдармен және құ­қық қорғау органдарымен бір­лесіп, тестілеуді лайықты дең­гейде өткізуді қамта­ма­сыз етеді, – деп сөз берді ми­нистр А.Аймағамбетов.

Үкімет отырысынан кейін жур­­налистер алдына шыққан Асхат Аймағамбетов биыл Ұлт­тық бірыңғай тестілеуде берілетін тест тапсырмалары базасы 30%-ға жаңартылғанын жеткізді. Жаңа сұрақтар баладан дұрыс жауапты жай жаттап алуды емес, ойлануды талап етеді. Әрине, бұл алдыңғы министр жасап кеткен жұмыс.

– Сұрақтар функционалдық сауат­тылыққа, логикалық ойлау деңгейін анықтауға, базалық құ­зыреттіліктер мен түсінікке бағ­дар­ланған. Министрлік сұрақ­тар­дың мазмұнын жаңартуды дұ­рыс деп тапты. Сұрақтар қан­дай да бір жаттанды ақпаратты қай­талауға, жаттанды белгілі бір фактілерді еске түсіруге бағыт­талмауы тиіс. Осы тест арқылы баланың сауат­ты­лығын, қай салаға бағдарлан­ғанын, мектепте алған білімін қан­шалықты пай­далана алатынын тү­сіну керек бол­ды. Сондықтан тест сұрақ­тарының базасы, басты бағдары жә­не мазмұны өзгертіл-ді, – деді ол.

БҒМ басшысы ҰБТ сұрақ­тарын құрастыру үшін «тәжіри­белі әрі алдыңғы қатардағы пе­дагогтар тартылғанына» сен­дір­ді. Әзірле­у­шілер мен сарапшылар облыстық, қалалық білім беру басқармалары, тілдерді дамыту бас­қармалары, тіл­дерге оқыту­дың өңірлік орта­лық­тары, білік­тілікті арттыру инс­­титуттары, оқу-әдістемелі бір­­­лестіктер, кол­ледждер, ЖОО-лар ұсынған білім беру ұйым­да­рының қызмет­керлері, мұғалімдер мен оқыту­шы­лар арасынан ірік­теп алынып­ты. Бірақ сонда да қате сұрақ-жауаптар кездесуі ғажап емес.

– Ондай жағдайлар бар. Тіпті ғы­лымда белгілі бір күндер, оқи­ға­лар бойынша әртүрлі мәлі­мет­тер кел­тіріледі. Сондық­тан кейде тү­лек­тер апелляцияға келіп, тиісті де­рек көзін көрсетіп, дә­лел­деп жа­тады. Дегенмен кейінгі кездері ко­миссия қарап, растаған сұ­рақ­тар саны бірнеше есе тө­мендегенін атап өткім келеді, – деді А. Ай­ма­ғам­бетов.

Осы орайда Білім және ғылым министрі тестілерде мағынасы тү­сініксіз сұрақтар болса, немесе түлектердің пікірінше жауаптар қате болса, онда апелляция рә­сіміне жү­гіну қажетін ес­керт­­ті. Апелля­циялық комиссии әрбір ҰБТ өтетін пунктте жұмыс жа­са­мақ. Оның шешіміне қанағат­тан­бағандар Республикалық апел­ляция­лық комиссияға дейін бара алады.

Тағы бір қызықты дерек: 2019 жы­лы ҰБТ-ға қатысуға өтініш біл­дірген мектеп түлектерінің ішін­де 73 389 бала тестілеуді қа­зақ ті­лінде, тек 22 823-і ғана орыс ті­лінде тапсыратын болады. Бас­қаша айтқанда, мемлекеттік тілі­міздің үлесі 75 пайызға жетсе, ал орыс тілі 25 пайыздай болды. Яғни, өскелең ұрпақтың басым көп­­шілігі қазақ тілін таңдап отыр.

ҰБТ 5 пән: білім беру бағ­дарламаларының таңдалған тобы­на сәйкес 3 міндетті және 2 бейінді пән бойынша жүргізіледі. Барлы­ғы 120 тест тапсырмасы бо­лады. Бабы мен бағы қатар шап­қан та­лапкер ең жоғары 140 бал­ды жи­мақ.