Оңтүстік кореялық Ли Кан Ина осы турнирдің ең үздік ойыншысы атанды
Польшада өткен футболдан жастар арасындағы әлем чемпионатының финалында Украина мен Оңтүстік Корея құрамалары кездесіп, алғашқы ұжым 3:1 есебімен жеңіске жетті.
Мұндай жетістікке Украина өз тарихында тұңғыш рет жетіп отыр. Бұған дейін олар ширек финалдан аса алмай келген еді.
Украина – бұрынғы кеңестік елдер арасынан бұл турнирді алғаш рет жеңіп алған ұжым. Жастар арасындағы бұл доданың бәсі төмен деп айтуға келмейді. Мәселен, осы жарыстың бас жүлдесін Аргентина 6 рет, Бразилия 5 рет жеңіпті. Өз уақытында осы турнирде Марадона, Ромарио, Месси, Роналдиньо, Фигу, Касильяс, Ван Бастен, Роббен, Анри, Трезеге секілді жұлдыздар ойнаған.
Оңтүстік кореялық Ли Кан Ина осы турнирдің ең үздік ойыншысы атанды. 18 жастағы футболшы финалда Украина қақпасына пенальтиден гол соққан.

Украина алдымен өз тобында АҚШ, Катар құрамаларын ұтып, Нигериямен тең түсіп бірінші орын алды. 1/8 финалда Панаманы 4:1 есебімен жеңді. Әрі қарай Колумбияны 1:0 есебімен ұтса, жартылай финалда Италияны да минималды есеппен жеңді.

