Ең өтімді автомобилдер нарығын бұрынғыдай Ресейдің автоөндірісі бастап тұр. Lada-ның бағасы салыстырмалы түрде арзан болғандықтан, көп сатылатын көліктер тізімінің ұшар басына сол жайғасқан. Одан кейін корей автоөндірісінің мақтанышы Hyundai маркасының 3 094 данасы саудаланған. Ал үштікті Toyota түйіндейді. Оның 2 653 данасы сатылғанымен, былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,7 пайыз аз өтіпті.
Автокөлік моделдері ішінде Lada Granta – 1 628 дана, Ravon R3 Nexia – 1 354 дана, Kia Rio – 1 205 дана, Toyota Camry – 1 159 дана, Hyundai Tucson – 1 081 дана, ал Lada Vesta-ның 937-сы дана сатылған. Ravon R3 Nexia өтімділігі жағынан әйгілі Toyota Camry седаны мен Hyundai Tucson кроссоверін де басып озған.
Қазақстандағы Тәуелсіз автобизнес одағының басқарма төрағасы Берік Зайыров карантиннен кейін шетелдік көліктердің қосалқы бөлшектері де қымбаттауы мүмкін деп санайды. Оған екі себеп бар. Біріншісі тағы да сол доллармен байланысты. Одан кейін шекараның жабылуы да бұл нарыққа кесірін тигізеді. Бұл жағдай елдегі автобөлшектердің тапшылығына әкеп соғуы ықтимал. Себебі тауардың 90 пайызы бізге сырттан импортталады.
– Автобөлшектер – ең қажетті заттардың бірі. Сондықтан оған сұраныс азаймайды. Бірақ жұрт қаржысы аз болғандықтан арзан, сапасыз затқа ұмтылады. Салдарынан нарықта контрафакталық тауар көбеюі ғажап емес. Қазірдің өзінде тауардың түпнұсқасы қазақстандықтар үшін өте қымбат. Сондықтан бағасы арзан баламасын сатып алып жүрміз. Бұрын ол түпнұсқадан екі есе арзан болатын. Шекаралар жабылып, сатушыларда тауар азайған сайын олар да қымбаттап барады, – дейді маман.
Тәуелсіз автобизнес одағының басқама мүшесі Мақсат Мейірмановтың ойынша, карантин аяқталған соң автокөлік құны кем дегенде 20 пайызға шарықтайды. Сарапшылар оны төтенше жағдаймен емес, доллардың өсуімен байланыстырады. Шетел валютасына байланған барлық өндіріс ошақтары мен дилерлік орталықтар бағасын ауыстыруға мәжбүр болады.
– Әрине, баға бірден 20 пайызға көтеріліп кетеді деп айта алмаймыз. Оның ауыртпашылығын тұтынушы сезінбес үшін ақырындап көтеріледі. Клиенттердің сұранысы да өзгеріске ұшырайтыны анық. Қалтасындағы ақшасына қарай пікірін өзгертіп, неғұрлым арзанын іздейтіндерді айтып отырмын. Мысалы, Mercedes өз тауарын 20 пайызға арттырса, Lexus өндірушілермен келісіп, 12-1 пайызға асықпай көтеруі мүмкін. Ең өкініштісі, тұтынушы үшін таңдау еркіндігі анағұрлым азаяды, – дейді Мақсат Мейірманов.
Ал экономист Мақсат Халық мүлде басқаша пайымдайды.
– Азаматтар өздерінің депозиттегі салымын ұлғайтып жатыр. Бірдеңе сатып алудан гөрі қаржысын жинауға кіріскен. Бұл дегеніңіз сұранысты төмендетеді. Күзге қарай біз автокөліктердің, оның ішінде ескі автокөліктердің бағасының біраз түсетінін байқаймыз, – дейді ол.
Қысқасы, бір-біріне қарама-қайшы пікір көп. Қайсы дұрыс, қайсы бұрыс – оны уақыт көрсетеді.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ