Фото: Тельман БейсеновБізде тағы бір қария бар, одан бір жас кіші: профессор Сейдулла Садықов. Екеуінің бір-бірімен қалжыңы жарасымды. Сейдулла аға Қалағаңды «кәттә шал» десе, ал ол Сейдулла ағаны «ортаңғы шал» деп еркелетеді. Бұлардың жарасымды әзілдеріне қарай отырып, біз «кафедраның ынтымағы осындай зиялы азаматтарымен түгел екен-ау» деп, сырттарынан сүйсініп отырамыз. Екі қарияның артынан еріп келе жатқан – мен. Екеуі де мені «кіші шал» деп ныспылап алған.
Осы оқу жылы көптеген жылдар басқа өңірлерде бірқатар жауапты қызметтер атқарып, 50 жасты еңсерген шағында туған жерге ту тіккен БАҚ менеджері, белгілі журналист Тельман Бейсенов інімізде қатарымызға қосылды. Өткен жылы облыста 2019 жылдың «Үздік журналисі» номинациясын иемденген ол «Айқын» газетінің тілшісі және бүгінде оқу ордамыздың Ақпарат орталығында басшы қызметін атқара жүріп, қосымша кафедрамызда болашақ журналистерге дәріс беріп жүр. Тельман ініміз Қуандық ағамен біраз жыл республикалық «Айқын» газетінде әріптес болыпты. Енді міне екеуі тағы да ұстаздық жолдары тоғысып, әріптестігін жалғастырып жатыр. Кафедрада басымыз қосылып, арқа-жарқа болып қауышқанда Тельман өзіне аға, ұстаз ретінде бағалайтын Қуандық ағасы жайлы былай дейді.
– Мен 2007 жылы Маңғыстау облысында «Айқын» газетінің облыстағы меншікті тілшісі болып жұмысымды бастадым. Бас редакторымыз белгілі ғалым Бауыржан Омаров болатын. Ол тұста газеттің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі болып бүгінде марқұм болған Мұхтар Наушабаев, Анар Аспан сынды қаламы қарымды журналистер жұмыс жасайтын. Келер жылы Баукең басқа қызметке ауысты да, орнына газетке журналистиканың майталманы Нұртөре Жүсіп ағамыз басшы болып келді. Көп ұзамай Қуандық ағамыз газеттің облыстағы меншікті тілшісі қызметіне кірісті. 2013 жылға дейін әріптес болдық. Зейнетке «Айқын» газетінің құрметті ардагері абыройымен шықты. Қуандық Оразбекұлын сырттай білгеніммен, былай көрмеген адамым. Газетке қалай келді, солай тақырыптары өзекті мақалаларды бұрқыратып бере бастады. Редакцияның тапсырмасын тас-түйін етіп орындайтын ағамыздың материалдары күн сайын жедел қарқынмен шығып жатты. Шыны керек, ағамызды сонысына қарап «өзі робот па, әлде адам ба» деген ойға да қалған едім», – деп робот адамды тек 2013 жылы ғана көзбе-көз көргенін айтып әзілдейді Тельман әріптес-інісі.
Тельман айтқандай, бүгінде журналистика саласында заманауи технология қатты дамып, жасанды робот-журналистер пайда болып жатыр. Интернет порталдарда таң атпай түрлі жаңалықтар мен ақпараттарды өңдеп, қанттай етіп жариялауға мүмкіндігі бар темір робот-журналистер жайлы естігенде, Қуандық ағамызды өз заманының роботы демеске лажың жоқ.
Жоғары оқу орны оқытушыларының арасында Scopus базасына енетін ғылыми журналдарға мақала жариялау дейтін бір «бас ауруы» бар. Бұл індеттен Қуандық ағам ада. Соңғы бірер жылда он шақты мақала жариялап үлгерді. Қай уақытта үлгеріп жүр, қашан жазып тастады, бір Аллаға аян. Ғылым комитеті бекіткен журналдарда да мақалалары ай құрғатпай жарық көріп жатады. Бірнеше монографиялары мен оқу құралдары тағы бар. Еңбекқор. Талапшыл. Жауапты.
Кафедрадағы жас оқытушылар да, сүйікті шәкірттері де Қалағамды өте жақсы көреді. Туған әкелерін көргендей, «ағай» деп, еркелегісі келеді. «Өмір жолыңыз өнеге сіздің, Қуандық ағай! – дейді чатқа жазба қалдырған әріптестерінің бірі доцент Балтагүл Оспанова. – Өзіңіз де, қаламыңыз да шаршамасын! Жазарыңыз да, айтарыңыз да таусылмасын!». «Сан қырлы керемет жансыз!» дейді тағы бір жас әріптесі Әлия.
Жасына қарамастан, компьютерді мұншалықты терең меңгерген жанды бұрын-соңды кездестірмеппін. Бұл оның «Оңтүстік Қазақстан, «Жас Алаш», «Заң», «Айқын» газеттерінде қызмет ете жүріп жинаған дағдысы болса керек. Microsoft Word, Microsoft Excel, PaintPoint, PowerPoint, Audacity, Vegas, Zoom, Webex Meet... қай-қайсысын да жаңғақша шағады. Қашықтықтан білім берудіде үйіндегі жұмыс кабинетін де толықтай «цифрландырып» алған.
Қалағам үлкен демейді, кіші демейді, кез-келген адаммен дос, бауыр, туысқан. Біреудің сыртынан жаман сөз айтатындарға жаны қас. Өзі де ешкімді күстаналаған емес. Реті келсе, жақсы қылықтарын ғана сөз етеді. Осынысымен ол жұртқа сүйкімді, айналасына жайлы. Қолынан келсе, жәрдем беруге асық.
Бірде қызметтес бір әріптесіміз көлік апатына ұшырап, шұғыл ота жасатуға тура келді. Түркістандағы хирургияның жайы белгілі, ондай күрделі отаны жасай алмайды. Жедел Шымкентке алып барған да, тәжірибелі дәрігер-хирургпен сөйлескен де, қашан жазылып шыққанша үзбей хабар алып тұрған да осы Қалағам болды.
Көркем мінезді адам деп осы Қуандық ағадай адамды айтса керек. Абай атам: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, жақсы мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық», демеп пе еді. Міне, Қуандық аға осы талапқа – көркем мінезімен, адами асыл қасиетімен, кішіпейіл ағалық болмысымен сыйлы!
70 жасыңыз құтты болсын, Аға!
Бекжігіт СЕРДӘЛІ, профессор, журналист, композитор.
Тельман БЕЙСЕНОВ, журналист.