ҚМДБ-ның muftyat.kz сайтынан «Рамазан энциклопедиясы» қосымша парақшасы ашылған. Бұл – Рамазанға қатысты барлық мәліметті алу үшін жасалған жоба. Өйткені карантин кезіндегі оразаға қатысты халық тарапынан сұрақ қоюшылар көп. Бұл бастама осындай сауалдарға жауап беру үшін ашылған. ҚМДБ-ға қарасты call-center арқылы білікті мамандар тәулік бойы қазақ және орыс тіліндегі сұрақтарға жауап береді.
Карантин мерзімі кезінде жұмысы тоқтап қалғандар бар, шағын кәсібі уақытша жабылған азаматтар бар, көмекке мұқтаж жандар да жетерлік. Діни басқарма жұмысының бір бағыты – осы қайырымдылық. Республика деңгейінде басталған #Bizbirgemiz акциясына қатысып, талай мұқтаж жандарға азық-түлік жеткізілді.
Мұсылман қауым пітір садақаларын Kaspi.kz, Homebank және ForteBank мобильді қосымшалары арқылы еліміздің кез келген мешіт шотына аудара алады. Банк салымшыдан үстемеақы ұстамайды. Осы түрде садақа беру шариғатқа қайшы емес, қайта садақа беру жолын жеңілдетеді. Мешітке түскен қаражат мүфтият бекіткен арнайы Жарғы негізінде жұмсалады. Қаражат қайырымдылыққа жұмсалады. Рамазан айындағы пітір садақасы мешіт тізіміне тіркелген көмекке мұқтаж отбасыларға, жетімдерге, жалғызбасты аналарға арнайы тексеру комиссиясының шешімімен заттай немесе қаржылай беріледі.
Күнде қарилар мешітте марқұмдарға арнап Құран бағыштайды, берген садақаның қабыл болуын тілейді, елдің амандығын, халқымыздың береке-бірлігін сұрап, Жаратқан иемізге дұға етеді.
Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Рамазан айында ауызашар беру мен өткізудің арнайы тәртібі белгіленді. Яғни, қоғамдық орындарда, дәмханаларда, мешіттерде т.б. мекемелерде ауызашар беру уақытша тоқтатылады. Мұндағы басты мақсат – індеттің таралуының алдын алу, өзінің және өзгенің денсаулығына залал тигізбеу. Сондықтан карантин мерзімінде әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен ауызашар өткізуге кеңес беріледі.
Ауызашар берудің түрін тек дастарқан жаюмен ғана шектеуге болмайды. Қазіргі жағдайда ауызы берік әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тарату немесе қаржылай беру арқылы да ауыз аштыруға болады.
Дегенмен ауызашарды әркім жағдайына қарай жасайды. Хадисте: «Бір құрмамен ауызашар берген адамға да, тек сумен ғана ауыз аштырған адамға да, аздаған сүт берген адамға да бұл сауап жазылады», – делінген.
Хасан АМАНҚҰЛ, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары