Қасиетті қала жабық. Рамазан – құлшылық айы. Бұл айда мұсылман баласы намазы мен дұғасын оқып, тәпсі тартуын арттырады. Имамдар сауабы еселенеді дейді. Ал Меккедегі Қағбада құлшылық жасау – көпшілік мұсылман үшін арман. Мұнда оқылған бір намаз басқа мешіттерде оқылған намаздардан 100 мың есе артық екенін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде айтып кеткен. Бірақ қазір Қағба жабық. Қасиетті құлшылық орны 40 жылдан соң (1979жылы теракт) алғаш рет жабылды. Себеп – әлемді шарпыған коронавирус пандемиясы. Инфекция одан әрі тарамау үшін мұнда құлшылық жасауға уақытша тыйым салынды. Мұны орынды шешім деуге толық негіз бар, өйткені жыл сайын осы уақытта қасиетті қалаға 2 миллиондай мұсылман бет алатын. 27 сәуір күнгі мәлімет бойынша, Сауд Арабиясында коронавирус жұқтырған 17 522 науқас тіркеліп, оның 139-ы көз жұмған. Егер Мекке мен Медине қаласы жабылмаса, онда жағдайдың қалай ушығарын елестету де қиын.
Ашығудың ағзаға пайдасы жайлы бұған дейін айтылып та, жазылып та жүрді. 2016 жылы жапон биологы Йосинори Осуми аутофагия процесін зерттегені үшін Нобель сыйлығының лауреаты атанды. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл жасушалар өзінің құрамдас бөліктерін бұзатын, қайта өңдейтін немесе «жейтін» процесс. Аутофагия жасушаның жаңаруына энергия, жаңа «құрылыс заттарын» береді. Егер ағзаға инфекция түссе, онда аутофагия процесі арқылы вирустар жойылуы мүмкін. Сондай-ақ аутофагия ағзаның қартаюының салдарымен де күресе алады. Ал адам ашыққанда аталған аутофагия процесі жылдам жүруі мүмкін. Себебі сырттан тамақ келмеген соң ағзадағы жасуша қажет энергияны өзіндегі ақуызды өңдеу арқылы алады.
Бұдан бөлек, Оңтүстік Калифорния университетінің ғалымдары 2017 жылы Cell ғылыми журналына өз жұмысының нәтижесін жариялаған. Оған сәйкес, ашығудың имитациясын жасайтын диета ұйқы безінің жасушаларын қалпына келтіре алады. Ғылыми зерттеуді тышқандарға да, адамдарға да өткізген. Ашығу барысында тышқанның ұйқы безінде регенерация процесі басталып, бұрын іске қосылмаған жасушылар қалпына келген. Яғни, ашығу инсулин бөлмейтін ұйқы безінің кейбір бөліктеріне дұрыс қызмет етуге түрткі болуы мүмкін. Осылайша, белгілі уақытқа тамақтан тыйылу диабетпен күресуге де көмегін тигізуі ғажап емес.
Ораза экономикасы. Рамазан айы мұсылман елдерінің экономикасына да ықпал етеді екен. Гарвард университетінің зерттеушілері Филипп Кампанте және Дэвид Янагизава-Дротт 1950 және 2011 жылдар аралығындағы мұсылман елдердің экономикасын бақылаған. Нәтижесінде, Рамазан айында мұсылман мемлекеттерде ІЖӨ 0,6-0,9 пайызға кеміген. Әсіресе, егер ораза мерзімі жаз айларына келсе, шығын сезілген. Ал Мысырда ауыз бекіткен жұмысшылардың жұмыс өнімділігі 30-35 пайызға кемігені анықталған. Алайда экономиканың тамақ өнеркәсібі, базарлар, кафе-мейрамханалар табысы күрт артады екен. Яғни, бес парыздың экономикалық әсері сан түрлі. Сондай-ақ Кампанте және Янагизава-Дротт өз зерттеулерінде Рамазаннан кейінгі мұсылман қауымның әл-ауқатын тексерген. Ол үшін 1981 және 2008 жылдар аралығындағы құндылықтар туралы халықаралық сауалнамаларды зерттеген. Олар оразадан соң мұсылман жұртының жағдайы жақсарғанын байқаған. Себебі діни жоралғыларды атқарған адамдар өзін бақытты сезінген.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА