«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Бағлан Құлтаевтың айтуынша, қазіргі уақытта корпорацияның өңірлердегі филиалдары қашықтан жұмыс істеу арқылы бюджеттік несиені шаруаға жылдам жеткізіп жатыр. Оған бизнес-процестерді автоматтандыру және оңтайландыру бойынша қабылданған шаралар ықпал еткен. Яғни, фермер ұсынатын құжаттар тізбесі 16-дан 12-ге қысқарып, өтінішті қарау 30 күннен 10 жұмыс күніне дейін азайтылды. Ал кепілге бұрынғыдай тек жылжымайтын мүлік емес, ауыл шаруашылығы техникалары, шаруаның қорасындағы малы және басқа да кепілзат түрі қабылданбақ.
Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 31 наурызда халыққа жасаған үндеуінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы көктемгі дала жұмыстарына деп қосымша 100 млрд теңге бөлінетінін айтқан. Бұл қаржы да агрөнеркәсіп кешені субьектілері үшін қолжетімді болмақ. «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы берілетін несиенің мөлшерлемесі 6%-дан аспайды. Сонымен қатар бағдарлама бойынша несие беру барлық ауылшаруашылық дақылдары үшін қолжетімді, сонымен қатар несие серіктестіктері арқылы қаржыландыру да көзделген.
Фермерлер үшін жасалған тағы бір маңызды қадам. Төтенше жағдайға байланысты бұрын алған несиесін қайтара алмай жатқандардың мәселесі қайта қаралуда. Бүгінге дейін «Аграрлық несие корпорациясы» атына 110 қарыз алушының атынан өтініш түскен. Олардың берешегі 6,5 млрд теңгеден астам. «Әрбір өтініш жеке қарастырылады. Төлемдерді кейінге шегеруді ұсыну ережелеріне сәйкес, жарияланған ТЖ режимі салдарынан кәсіпкердің қаржы жағдайының нашарлауы анықталған клиенттің өтініштері ғана мақұлданады. Атап айтқанда, сатылған тауарлар немесе қызметтер көлемінің азаюы, өнім сатып алушыларының төлем мерзімдерін тоқтатуы, мерзімінің өзгеруі және тағы басқа. Сонымен қатар пандемияға байланысты енгізілген шектеулерге байланысты корпорация өз қарыз алушыларына қатысты өсім мен айыппұл есептеулерін де тоқтатты» – деп атап өтті «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Бағлан Құлтаев.Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп иелерінің несие жүктемесін төмендетуге байланысты берген тапсырмасына орай жүргізіліп жатыр. Яғни, 2020 жылдың 16 наурызынан 15 маусымға дейінгі кезеңде төлемдерді кейінге шегеру үшін фермер корпорацияға қаржылық жағдайының нашарлығын растайтын құжаттарымен қоса өтініш жазуы керек. Электронды пошта немесе мессенджер арқылы жолданған өтінішті қарау 7 жұмыс күні ішінде жасалуы тиіс.
Бауыржан БАЗАР