Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы да жұма намазына қатысты: «Соңғы уақыттарда жаман індеттің тез таралуына байланысты мешіттерімізде жұма, жамағат намаздары тоқтатылды. Мұндай шешімді Қазақстан ғана емес, Түркия, Сауд Арабиясы, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Кувейт, Мысыр сынды әлемнің көптеген мұсылман мемлекеттері қабылдады. Осы жағдайға байланысты жұма намазын тікелей эфир арқылы имамға ұйып оқуға бола ма деген сұрақтар жамағат тарапынан туындауда. Жалпы, тікелей эфир арқылы жұма, жамағат намаздарын үйде отырып соған ұйып оқуға келер болсақ, ілім иелері жұма намазы да, жамағат намазы да бұл жолмен оқылса, дұрыс емес екенін баяндаған. Егер кімде-кім бұл жолмен намаз оқыған болса, ол намаздарды қайта оқуы керек болады. Өйткені бұл жерде жұманың шарттары толық орындалып тұрған жоқ. Сондай-ақ көпшілік ғалымдар ұйюшы адамдар имамның алдына шығып кетпеуі керек және имам мен ұйюшы бір жерде болуы керек деп шарт қойған. Оған қоса имам мен ұйюшының арасын жол, өзен бөліп тұрса да ұйюшы адамның намазы дұрыс болмайды. Сондықтан жұма күні жұманың орнына төрт ракағат бесін намазы оқылады» дейді.
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты халыққа жолдаған үндеуінде: «Әрине, қалыптасып отырған жағдай оңай емес. Бұл – бүкіл әлем мемлекеттеріне түскен зор ауыртпашылық. Біз осындай сын сағатта септігін тигізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Дәл осы тұста бәрімізге халқымыздың әрдайым үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор болатын абзал қасиеттері септігін тигізеді деп сенемін. Қиындыққа қайыспай, белімізді бекем буып, береке-бірлігімізден айырылмайық», – деп атап өтті. Расында, бірлік болған жерге береке орнайды. Адамзат тарихында қандай да қауым қиындық пен шиеленіске, соғыс пен тауқыметке тап болса өзінің сабырлығы мен бірлігінің арқасында жеңіп шыққан. Қасиетті кітабымызда жазылғандай, «Шын мәнінде қиындықпен бірге жеңілдік бар» («Шарх» сүресі, 6-аят). Жаратқан сынақтың жеңілдігін беріп, сол күнді тезірек жақындатып, барша жамағатымызбен сауаптар еселеніп жазылатын Рамазан айын мешітте қарсы алуды нәсіп еткей! Алла Тағала Отанымызды, күллі адамзат баласын жұқпалы індеттен аман етіп, өз панасында сақтағай. Әмин! Баршаңызға Алланың амандығы мен берекетін тілеймін», – дейді.
Сонымен бірге өз ойын да білдірген Сәрсенбек Бошанов: «Жыл сайын Рамазан айында ораза ұстаймын. Биыл да ауыз бекітемін. Бірақ сақтық шараларын жасап, ауызашарларға бармауға бекініп отырмын. Әрине, денсаулықты ойлауымыз керек. Бала-шаға да бар дегендей. «Сақтықта қорлық жоқ» дейді халқымыз», – дейді.
Иә, қасиетті Рамазан айы да келіп қалды. Әрине, бұл дертті бірлікпен ғана жеңеміз. Ол үшін сақтық шараларын жасағанымыз абзал.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ