Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың Абай облысына жұмыс сапары барысында таныстырылған өндірістік, көлік, энергетикалық және әлеуметтік инфрақұрылым жобалары өңірдің инвестициялық әлеуеті жылдан-жылға күшейіп келе жатқанын аңғартты. Әсіресе Аягөз ауданында құны 4,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын Aidarly Mining тау-кен байыту комбинаты құрылысының басталуы елдегі соңғы жылдардағы ең ірі өндірістік инвестициялардың бірі ретінде бағалануда. Жобаның ерекшелігі – тек жаңа кен орнының игерілуінде емес. Ең алдымен, ол Қазақстан экономикасының шикізат экспортынан өңделген өнім өндіруге бағытталған жаңа кезеңіне қадам басқанын көрсетеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше жылдан бері экономиканы әртараптандыру, жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамыту жөнінде нақты міндеттер қойып келеді. Аягөздегі жаңа өндіріс сол тапсырмалардың нақты іске асып жатқанын дәлелдейді. Жоба толық қуатына шыққан кезде жылына 75 миллион тонна кен өңдеп, 226 мың тонна мыс концентраты мен 3,55 мың тонна молибден концентратын өндіреді. Бұл көрсеткіштер Қазақстанның түсті металлургия саласындағы экспорттық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қоспақ. Сарапшылардың пікірінше, әлемде мысқа деген сұраныс алдағы онжылдықта бірнеше есе өседі. Электромобиль өндірісі, жаңартылатын энергия көздері, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект инфрақұрылымы дәл осы металға тәуелді. Сондықтан бүгінде мыс өндіруге салынған инвестиция – ертеңгі экономиканың негізіне салынған капитал. Бұдан да маңыздысы – өндіріс тек кен өндірумен шектелмейді. Жоба аясында байыту фабрикасы, ұсақтау кешені, энергетикалық және көлік инфрақұрылымы, инженерлік желілер, жұмысшыларға арналған заманауи вахталық қалашық салынады. Демек, бұл – тұтас өндірістік экожүйе қалыптастыратын кешенді инвестиция.
Экономикалық тұрғыдан қарағанда, жобаның тағы бір маңызды қыры – жұмыспен қамту мәселесі. Құрылыс кезеңінде және өндіріс іске қосылғаннан кейін үш мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл тек жұмыссыздық деңгейін төмендетіп қана қоймай, жергілікті халықтың табысын арттыруға, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Өйткені әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ірі өнеркәсіп кәсіпорнының айналасында қызмет көрсету, логистика, құрылыс, тамақтандыру және сервистік қызметтердің тұтас жүйесі қалыптасады. Мемлекет қазынасына түсетін 1,43 триллион теңгеден астам салық та жобаның экономикалық тиімділігін айқын көрсетеді. Бұл қаражат әлеуметтік нысандар салуға, жолдарды жөндеуге, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін дамытуға жұмсалатын маңызды қаржы көзі болмақ.

Дегенмен өңірдің дамуы тек өндіріспен өлшенбейді. Абай облысында жүзеге асып жатқан инфрақұрылымдық жобалар да тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев өңірге жұмыс сапары аясында облыс әкімі Берік Уәлимен бірге Семей қаласындағы бірқатар стратегиялық маңызы бар инфрақұрылым нысанының жұмысымен танысты. Үкімет басшысының бірінші орынбасары әуелі ТЭЦ-1 кәсіпорнына барды. Бұл – Семей қаласын жылу энергиясымен қамтамасыз ететін негізгі стратегиялық нысандардың бірі. Кәсіпорын 433 көппәтерлі тұрғын үйді, 56 әлеуметтік нысанды, 30 бюджеттік ұйымды, 673 коммерциялық кәсіпорынды және 27 410 абонентті жылумен қамтып отыр. Облыста 2026-2027 жылдарға жылыту маусымына дайындық аясында жалпы сомасы 13,6 млрд теңгені құрайтын 26 жобаны іске асыру жоспарланған. Сондай-ақ жалпы сомасы 4,2 млрд теңгеге 13 жылу көзіне жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Оның 11-і Семей қаласында орналасқан. Бұдан бөлек, ұзындығы 26,8 шақырым жылу желілерін жөндеу жоспарланған. Жобалар толық аяқталғаннан кейін облыс бойынша жылу желілерінің тозу деңгейі төмендейді деп күтілуде. Облыс әкімі биыл Семей қаласының тарихында алғаш рет жаз мезгілінде тұрғындарға ыстық су үздіксіз беріле бастағанын айтып, бұл жылу инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарының нақты нәтижесі екенін жеткізді. Айта кетерлігі, былтыр Үкіметтің қолдауымен жылыту маусымына дайындық жұмыстары аясында жалпы сомасы 12,6 млрд теңге 23 жылу орталығы мен 22 шақырым жылу желісі жөнделді. Үкімет басшысының бірінші орынбасары жылу жүйелерін жаңғырту жұмыстарының маңызын атап өтіп, қысқы жылу маусымына дайындықты ерте бастап, барлық нысанды уақытылы әзірлеу қажет екенін айтты.
«Қыс мезгіліне дайындық – өте маңызды мәселе. Бұған жақсы дайындалуымыз керек. Біріншіден, барлық жылу жүйесін жөндеуден өткізіп, әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандарды тексеру қажет. 1 қыркүйекке дейін барлық жылу жүйесі дайын болуы керек», – деді Н.Нәлібаев.
Мұндай ауқымды жұмыстардың нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі бірнеше пайызға төмендейді. Бір қарағанда, бұл үлкен өзгеріс болып көрінбеуі мүмкін. Алайда инженерлік инфрақұрылым саласында әрбір пайыз – жүздеген апаттың алдын алып, мыңдаған тұрғынның жайлы өмір сүруіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Семейдің жаңа келбетін қалыптастыратын тұрғын үй құрылысы да қарқын алып келеді. Қарағайлы ықшамауданында салынып жатқан 13 көпқабатты тұрғын үйден 712 отбасы баспаналы болады деп күтілуде. Жалпы, облыс орталығында бір мезгілде 31 тұрғын үйдің бой көтеруі өңірдегі құрылыс индустриясының жандана түскенін аңғартады.
Өңір экономикасының ұзақмерзімді дамуы үшін көлік инфрақұрылымының маңызы ерекше. Осы тұрғыдан Ертіс өзені арқылы салынып жатқан жаңа автомобиль көпірі – стратегиялық жоба.
Қазір мұндағы құрылыс-монтаж жұмыстары 70 пайызға орындалған. Жобада көзделген тоғыз тіректің сегізі орнатылды. Көпір төрт жолақты қозғалысқа есептелген, ені – 23 метр, ұзындығы 810 метр болады. Құрылысты аяқтау үшін арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлінген. Ал ескі көпір халықтың серуендеуіне, демалуына қолайлы жаяу жүргіншілер көпіріне айналады. Үкімет басшысының бірінші орынбасары көлік өткелінің стратегиялық маңызын атап өтіп, бөлінген қаражатты тиімді игеруді және көпір арқылы көлік қозғалысын биыл қамтамасыз етуді тапсырды. Көпір құрылысы аяқталған соң қаладағы көлік қозғалысы едәуір жеңілдеп, транзиттік әлеуеті артады деп күтілуде. Бұл логистикалық шығындарды азайтып, инвесторлар үшін өңірдің тартымдылығын күшейтпек. Бұған қоса, бір ғасырдан астам тарихы бар Семей теміржол вокзалы қайта жаңғыртылып, заманауи талаптарға сай жаңа кейіпке енбек. 1915 жылы салынған вокзал ғимаратына соңғы рет 2013 жылы күрделі жөндеу жүргізілген. Жалпы, облыста он теміржол вокзалының жаңартылуы көлік инфрақұрылымын кешенді дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың жалғасы екенін көрсетеді.

Нұрлыбек Нәлібаевтың жұмыс сапарындағы тағы бір маңызды нысан – Бесқарағай ауданындағы «Семей орманы» резерватының орман тұқымбағы болды. Соңғы жылдары орман өрттері табиғатқа ғана емес, экономикаға да үлкен қауіп төндіріп отырғаны белгілі. Сондықтан орман қорын қалпына келтіру экологиялық міндетпен қатар ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Канонеркадағы кешеннің жыл сайын 3,18 миллион түп қарағай көшетін өсіруі – осы бағыттағы маңызды жетістік. Швед технологиясына негізделген жабық тамыр жүйесі көшеттердің жерсіну деңгейін 90 пайызға дейін жеткізіп отыр. Ал Жаңасемей ауданында салынатын жаңа тұқымбақ іске қосылса, бұл көрсеткіш екі есеге жуық өседі. Бұл бастама Абай облысының өндіріс пен экологияны қатар дамытуға ұмтылып отырғанын аңғартады. Өйткені қазіргі заманғы тұрақты экономикалық даму табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен қоршаған ортаны қорғауды қатар қарастыруды талап етеді.
Жалпы алғанда, Премьер-министрдің бірінші орынбасарының жұмыс сапары барысында таныстырылған жобалар Абай облысының бүгінгі даму бағытын айқындайтын маңызды көрсеткіш болды. Бір жағынан – миллиардтаған долларлық өндірістік инвестициялар, екінші жағынан – жаңарып жатқан жылу жүйесі, тұрғын үйлер, көпірлер мен теміржол вокзалдары, үшінші жағынан – орман қорын қалпына келтіруге бағытталған экологиялық жобалар.
Мұның барлығы бір ғана мақсатқа қызмет етеді – өңір экономикасын әртараптандыру, халықтың әл-ауқатын арттыру және Абай облысын еліміздің жаңа экономикалық өсім орталықтарының біріне айналдыру.
Жаңа облыстың құрылғанына төрт жылға жуық уақыт өтсе де, бүгін қолға алынған бастамалар оның әлеуетінің әлі толық ашылмағанын көрсетеді. Егер жүзеге асырылып жатқан жобалар белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқталса, алдағы бірнеше жылда Абай облысы Қазақстандағы ең серпінді дамып келе жатқан индустриялық өңірлердің қатарына қосылары анық.
Эльмира Жүрсінбекқызы, Абай облысы
