Жадырап жаз, күлімдеп күн шықса болды, елдегі мыңдаған ата-ананың ойы бір арнаға тоғысады. Көп ата-ана баласын жазғы демалысқа қамдайды. Алайда лагерьлердің бағасын естігенде, ерік­сіз көрпесіне қарай көсіле­ді. Бағасы қымбат болға­нымен, лагерьлерде қайталанатын оқыс оқиғалар қауіпсіздіктің жетіспей тұрғанын аңғартады.
Балалар лагерI бақылаусыз қалды
151
оқылды

Санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды орындаудың өзіне қауқары жетпей осы уақытқа дейін ондаған лагерь жабылып тынған. Статистикаға сүйенсек, 90-жылдардағы тоқырау кезеңінің өзінде 470 лагерь жұмыс істесе, қазір еліміз бойынша бар-жоғы 200-ге жетер-жетпесі ғана қалды. Осылардың ішінде Ақмола облысында 13 жазғы сауық­тыру лагері бар. Олардың өзі тығырықтан шығудың жолын таппай отыр. 

Маусым айының басында жа­рияланған ресми ақпаратта Ақ­мола облысындағы 13 маусымдық лагерьдің тек төртеуі ғана са­ни­тариялық-эпидемиологиялық қо­рытынды алғаны хабарланды. Ал мамырдың соңында өңірде тіпті жалғыз лагерь ғана барлық талаптан өткені айтылған еді. Бұл деректер қоғамда үлкен алаңдау­шылық туғызды. Себебі жазғы маусым басталып, балалардың оқуы аяқталғанымен, лагерьлер­дің басым бөлігі негізгі рұқсат құжатын да әлі алмаған болып шықты. Біз осы мәселенің анық-қанығына жету үшін алдымен Ақмола облысының санита­рия­лық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне ресми сауал жол­даған едік. Жауап келгенде, тағы бір қызық жайтқа тап болдық.

Қабыспайтын есеп көп

Департаменттің мәліметіне сү­йенсек, бүгінде облыста жазғы маусымда жұмыс істейтін 18 са­уық­тыру ұйымының бесеуі жыл бо­йы қызмет көрсететін орталық­тар болса, 13-і маусымдық лагерь саналады. Ең қызығы – осы 13 ла­герьдің 11-і бүгінде оң сани­та­риялық-эпидемиологиялық қо­ры­тынды алып үлгерген. Ал қал­ған екеуінің өтініші қаралып жа­тыр екен. Бір қарағанда қуа­ныш­ты жаңалық. Бірақ біз үшін мұндай мәлімет басқа сұрақтарды туындатты. Егер маусым басында төрт лагерь ғана талапқа сай бол­са, қысқа уақыт ішінде қалғанда­ры­ның басым бөлігі қалай бір мезетте барлық талапты орындап үлгерді? Бұған дейінгі кешігу не­нің салдары болды? Неге бұл ту­ралы қоғамға ашық әрі түсінікті ақпарат берілмеді? Ең бастысы – санитариялық қорытынды алма­ған лагерьлер нақты қандай та­лаптарды орындамаған? Өкінішке қарай, өңірлік департамент дәл осы сұраққа нақты жауап бермеді.

Сауалымызда әр лагерь бо­йын­ша қандай кемшілік анықтал­ғанын да сұрадық. Бірақ депар­та­мент жалпы заң талаптарын тү­сін­дірумен ғана шектеліпті. Яғни қандай лагерьде ауызсу жүйесі талапқа сай келмегені, асханасы дайын болмағаны, медициналық пункті жетіспегені жөнінде бір ауыз сөз айтылмаған. Бұл жерде тағы бір маңызды мә­селе туындайды. Егер мемлекеттік орган белгілі бір лагерьге сани­та­риялық қорытынды бермесе, де­мек ол жерде балалардың денсау­лығына қауіп төндіруі мүмкін нақты кемшіліктер болуы мүмкін бе деген де асау ой қылаң береді. 

Департамент тағы бір маңызды жайтты хабарлады. Санита­рия­лық-эпидемиологиялық қоры­тын­дысы жоқ лагерь балаларды қабылдауға құқығы жоқ. Заң та­лабы осындай екен. Мұндай ла­герь анықталған жағдайда оған қатысты әкімшілік шара қолда­нылмақ. Биыл әзірге мұндай факт тіркелмеген. Бірақ кейінгі үш жыл­да рұқсат құжаттарынсыз жұ­мыс істеген бір лагерь анықталып, сот шешімімен әкімшілік жа­уапкершілікке тартылғанын ресми жауапта атап өткен.

Осы тұста тағы бір қызық сәй­кессіздік байқалды. Санита­рия­лық-эпидемиологиялық бақылау департаменті келтірген мәлімет пен Полиция департаментінің ресми жауабында мүлде басқа сан көрсетілген. Полицияның ұсын­ған дерегіне қарағанда, биыл об­лыста 17 балалар лагері жұмыс іс­теуге тиіс, оның 16-сы балалар­ды қа­был­дап жатыр. Ал санита­рия­лық қыз­мет өз есебінде 18 са­уық­тыру ұйым тіркелгенін көрсетеді. Бұл айыр­машылықтың се­бебі түсіндіріл­ме­ген. Статисти­кадағы мұндай ал­шақ­тық алғаш қарағанда ұсақ мә­селе болып кө­рінуі де мүмкін. Бірақ мемлекеттік органдардың бір өңірдегі бір ғана салаға қатысты нақты ортақ мә­лімет ұсына алма­уы­ның өзі бас­қару жүйесіндегі үй­лестірудің әлсіздігін аңғартса керек.

Баланың демалысы қауіпсіз емес

Жағдайды одан әрі анықтау мақсатында облыстық прокура­ту­раға да жүгіндік. Облыстық про­куратураның ұсынған мәліметіне қарағанда 2023 жылы Бас проку­ратураның тапсырмасымен Ақ­мола облысының прокуратурасы балалар сауықтыру лагерьлерінде кешенді тексеріс жүргізген. Сол тексерудің ресми нәтижелері кез келген ата-ананың жанын түр­шіктіруге жеткілікті. Прокурорлар анықтаған заңбұзушылықтардың тізімі қарапайым әкімшілік кем­шілік емес. Бұл – балалардың өмі­рі мен денсаулығына тікелей қа­уіп төндіретін фактілер. Аймақ­та дәл осы жылы бүтін бір лагерьде жұмыс істеп жүрген 21 қызмет­кер­дің 18-і бірдей еңбек шартын­сыз қызмет еткен. Тексеріс бары­сында олардың санитариялық кітапшалары да болмай шықты. Демек, балалармен кім жұмыс іс­теп жүргенін, олардың медицина­лық тексеруден өткен-өтпегенін де ешкім нақты бақылай алмаған.

Тағы бір лагерьде жағдай бұдан да сорақы болып шықты. 100 балаға ғана арналған лагерьде бір мезгілде 170 бала демалып жүрген. Бұл жай ғана артық адам орналас­тыру ғана емес. Бұл сол лагерьде асхананың жүктемесі де артаты­нын айғақтайды. Сондай-ақ дәрі­гердің жүктемесі көбейіп, қандай да бір оқыс оқиға туындаған жағ­дайда эвакуациялау жұмыстары­ның күрделеніп, төтенше жағдай кезінде балалардың өміріне қа­уіптің де еселей күшейетінін көр­сетеді. Облыстық прокуратура жария еткен келесі фактілер тіпті қорқынышты. Өңірдегі балалар лагерьлерінің бірінің аумағынан алкоголь бөтелкелері, темекі қо­рап­тары, ол аз десеңіз самогон қай­натуға арналған арнайы аппарат та анықталған. Бір ла­герь­де пневматикалық қару сақта­лып, ас үйлерінің жанында егеу­құй­рық уы табылған. Ең қауіптісі сол, кейбір лагерь әкімшілігі ба­лаларды ресми рұқсат етілмеген су айдындарына апарып, оларды құтқарушысыз суға түсірген. Бұл енді жай ғана тәртіп бұзу емес. Бейкүнә балалардың өмірі мен денсаулығын ойламастан тәуекел ету десек, қателеспеспіз.

Қызығы, осы оқиғалардан ке­йін де бірнеше жыл өтті. Биыл мем­­лекеттік органдар тағы да қауіп­­сіздік басты назарда екенін айтып отыр. Полиция департа­мен­тінің мәліметінше, лагерь­лердегі бар­лық қауіпсіздік жүйесі тексерілген. 598 қызметкердің соттылығы мен арнайы есептері қаралған. 

– Аптасына бірнеше рет по­лиция қызметкерлері профилак­тикалық дәрістер өткізеді. Бала­ларды тасымалдау кезінде па­труль­дік полиция сүйемелдейді. Лагерьлердегі қоғамдық тәртіп күн сайын бақылауға алынады, – деп атап өтті Ақмола облысы Полиция департаментінің бас­па­сөз хатшысы Әсем Әбдірахманова.

Жауапкершілік кімге ысырылды?

Осы өткір мәселенің нақты кө­рінісін түсіну үшін Ақмола об­лысының Білім басқармасынан да жауап алдық. Жауапта облыстағы лагерьлер саны мен олардың да­йындық деңгейіне қатысты бір­қа­тар дерек көрсетілген. Басқар­ма­ның мәліметінше, 2026 жылғы 1 шіл­дедегі жағдай бойынша об­лыс­та барлығы 16 балалар лагері жұмыс істеуі жоспарланған. Оның ішінде 6-уы – мемлекеттік, 9-ы – жекеменшік лагерьлер. Бұл көр­сет­кіштің өзі-ақ әртүрлі ведомство ұсынған бұған дейінгі сандармен толық сәйкес келмейтінін тағы бір мәрте байқатты. Білім ба­с­қар­масы санитариялық қорытын­ды­ны уақытында ала алмаған ла­герьлерге балалар жіберілмейтінін нақтылады. Мұндай жағдай туын­даса, демалыс мерзімі кейінге ше­геріледі немесе балалар санита­риялық талапқа сай басқа лагерь­лерге ауыстырылады екен. Алайда тәжірибе көрсетіп отырғандай, мәселе тек рұқсат қағазында емес. Ол – сол рұқсатқа жету жолындағы бақылаудың сапасында сияқты. 

Басқарма сонымен бірге биыл облыста 119 746 баланы жазғы де­малыспен қамту жоспарлан­ға­нын хабарлады. Осы орайда айта кететін бір жайт бар. Бұл санның ішіндегі басым бөлігі күмістей мөл­діреген көлдер мен табиғаты та­мылжыған ормандардың ара­сын­дағы лагерьлер емес, өздері оқыған мектептің жанындағы ла­герьлерге барады. Басқарма де­регінше, бұлардың ішінде 2 100 бала тегін лагерьлерде демалады. Бұл – үлкен көрсеткіш. Бірақ сан арт­қан сайын жауапкершілік те кү­шеюге тиіс. Өйткені бір ғана ол­қылық жүздеген баланың қауіп­сіздігіне тікелей әсер етуі мүмкін. 

Біз жолдаған сауалдардың тағы бірі – «лагерьлердегі қауіп­сіздік жүйесін кім нақты бақы­лайды?» деген сұрақ болды. Білім басқармасының жауабында бұл бағытта бірлескен мониторинг топтары жұмыс істейтіні айтыл­ған. Олардың құрамына Төтенше жағдайлар департаменті мен по­лиция қызметкерлері де кіріпті. Лагерьлерге барып, техникалық қауіпсіздік, санитариялық жағдай және кадрлық құрам тексерілген. Сонымен қатар полиция қызмет­керлері лагерь персоналының сот­тылығы жоқтығын тексерген. Қағаз жүзінде бұл – жүйелі жұмыс. Бірақ мұндай тексерулердің нақты нәтижесі туралы ашық дерек қоғамға әлі де толық ұсынылмай отыр.

Осы тұста облыстың Төтенше жағдайлар департаментіне де рес­ми сауал жолдаған едік. Онда аймақта өрт қауіпсіздігі бойынша қанша лагерь тексерілді, қан­шасында бұзушылық анықталған-анықталмағаны, қанша лагерьдің балаларды қабылдауға әзір болға­ны, су айдындарындағы қауіп­сіздіктің қаншалықты қамтамасыз етілгенін сұрадық. Алайда депар­тамент тарапынан бұл сұрақтарға нақты жауап ала алмадық. Депар­таменттің ресми өкілі тексерулер­дің әлі жүріп жатқанын айтып, ақпарат беруден бас тартты. Оның айтуынша, барлық дерек кейін прокуратураға жолданады. Ол ұзақ уақыт тексеріледі. Міне, дәл осы жерден негізгі қайшылық бас­талады. Балалар лагерьлерде демалып жатыр. Маусым бас­талып кеткен. Ата-аналар жолда­маларын сатып алған. Ал негізгі қауіпсіздік ақпараттары құзырлы органдармен «әлі тексеріліп» жатыр. Әр ведомство өз функция­сын орындайды. Бірақ олардың арасында ортақ ашық ақпараттық алаң жоқ. Бірі статистика береді, бірі жалпы түсіндірумен шек­теледі, бірі тексеру жүргізіп жатыр дейді, ал бірі ақпаратты кейінге қалдырады.

P.S.                              

Жалпы, саладағы дәл бүгінгі ахуал толғамды қорытын­ды­ға әке­леді. Балалар лагерьлеріндегі мәселе тек санитариялық қоры­тындымен немесе өрт қауіпсіздігі актісімен шешілмек емес. Бұл – ведомство­ара­лық үйлесім, ашық­тық және жауапкершіліктің нақты бөлінуі қажет ететін аса күрделі мәселе.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы