Бұл өзгеріс кездейсоқ емес. Өйткені интернет-алаяқтықтың басым бөлігінде қылмыскерлер ұрланған ақшаны өздерінің емес, қарапайым азаматтардың банк шоттары арқылы өткізіп, ізін жасырады. Сондықтан құқық қорғау органдары дропперлікпен күресті киберқылмысқа қарсы саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналдырды.
Дроппер деген кім?
Дроппер – өзіне тиесілі банк картасын, банктік шотын немесе интернет-банкингке қолжетімділікті бөтен адамдарға беріп, қылмыстық жолмен алынған қаражатты қабылдауға, аударуға немесе қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектесетін адам.
Көп жағдайда алаяқтар әлеуметтік желілер мен Telegram арналары арқылы «оңай жұмыс», «банк картасын жалға беру», «ақша аударғаныңыз үшін комиссия аласыз» деген мазмұндағы хабарландырулар таратады. Мұндай ұсыныстарға көбіне студенттер, жұмыссыздар, қосымша табыс іздеп жүрген азаматтар мен жастар алданып жатады. Ал шын мәнінде олар қылмыстық схеманың бір бөлігіне айналады.
Заң неге қатаңдатылды?
2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 232-1-бап енгізіліп, дропперлік үшін жеке қылмыстық жауапкершілік белгіленді.
Аталған бапқа сәйкес, егер азамат өзінің банк шотын, төлем картасын немесе интернет-банкингіне қолжетімділікті материалдық сыйақы немесе өзге де пайда табу мақсатында басқа адамға заңсыз пайдалануға берсе, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мұндай әрекет үшін мүлкі тәркіленіп, 160 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 50 тәулікке дейін қамаққа алу жазасы қарастырылған.
Ал егер адам басқа біреудің банктік шотын, төлем құралын немесе сәйкестендіру деректерін заңсыз иемденіп, сол арқылы төлемдер жүргізсе немесе ақша аударымдарын жүзеге асырса, жаза қатаңырақ болады. Мұндай жағдайда кінәлі тұлға 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеуге немесе дәл осы мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталуы мүмкін. Сонымен қатар оның мүлкі тәркіленеді.
Заңгерлердің айтуынша, бұған дейін мұндай адамдар көбіне куәгер ретінде ғана қарастырылып келген. Соның салдарынан интернет-алаяқтықтың ұйымдастырушыларын анықтау қиын болған. Енді банк картасын, есепшотты немесе төлем құралдарын заңсыз беру, сондай-ақ бөтен адамдардың тапсырмасы бойынша заңсыз ақша аударымдарын жасау қылмыс боп есептеледі.
Stop-Piramida.kz жобасының маманы Нұркен Шардарбековтің айтуынша, кез келген карта беру автоматты түрде қылмысқа жатпайды.
– Мысалы, ерлі-зайыптылардың бір-біріне немесе ата-ананың баласына банк картасын тұрмыстық қажеттілік үшін беруі заңбұзушылық болып саналмайды. Қылмыстық жауапкершілік азамат банк құралдарын үшінші тұлғаға ақшалай сыйақы алу үшін немесе материалдық пайда табу мақсатында берген кезде туындайды, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, тек банк картасын беру ғана емес, мобильді банкингке қолжетімділікті ұсыну, логин мен құпиясөздерді беру, бейтаныс адамдардың тапсырмасымен ақша аудару немесе өз шотына түскен қаражатты басқа адамдарға жіберу де Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы бойынша қарастырылатын әрекеттерге жатады.
Ал егер азамат ұрланған қаражатты өзі аударып, қылмыстық схеманың белсенді қатысушысына айналса, оның жауапкершілігі де ауырлай түседі.
«Мен білмедім» деген уәж қылмыстық жауапкершіліктен құтқара ма?
Дропперлердің басым бөлігі тергеу кезінде өздерінің қылмыстық схемаға қатысып отырғанын білмегенін айтады. Алайда Нұркен Шардарбековтің пікірінше, мұндай уәж әр іс бойынша жеке қаралады.
Тергеу органдары адамның ұйымдастырушылармен қалай танысқанын, оған сыйақы ұсынылған-ұсынылмағанын, әрекетінің заңсыз екенін түсіну мүмкіндігі болған-болмағанын, оның шоты арқылы қанша қаражат өткенін және қанша операция жасағанын анықтайды.
– Егер азамат банк картасын сататыны туралы хабарландыру жариялап, ол үшін ақша алып, логиндерін, құпиясөздері мен SMS-кодтарын берген болса немесе бірнеше мәрте ақша аударған болса, «мен ештеңе білмедім» деген уәж сенімді дәлел ретінде қабылданбайды, – дейді сарапшы.
Сонымен бірге заңда маңызды жеңілдік те қарастырылған. Егер адам мұндай құқықбұзушылықты алғаш рет жасап, өз еркімен құқық қорғау органдарына хабарлап, қылмыстың ашылуына белсенді көмектессе және оның әрекеттерінде басқа қылмыс құрамы болмаса, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
Статистика не дейді?
Бас прокуратураның мәліметіне сәйкес, дропперлік үшін қылмыстық жауаптылық енгізілген уақыттан бері Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы бойынша 700-ден астам қылмыстық іс тіркелген. Осы уақыт ішінде 216 адам жауапқа тартылып, олардың 202-сі сотталған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері: қылмыстық кірістерді заңдастырумен айналысқан 33 дропперлік топтың қызметі тоқтатылды; 40-тан астам ұйымдастырушы анықталды; 500-ден астам азамат қылмыстық схемаға тартылған; дропперлердің банк шоттары арқылы 112 млрд теңгеден астам күмәнді қаржы операциялары жүргізілген; соңғы екі айдың өзінде 1000-нан астам дроп-карта бұғатталған.
Ал Ішкі істер министрлігі соңғы бес айдың өзінде дропперлердің көмегімен интернет-алаяқтар азаматтардан жымқырылған 400 миллион теңгеге жуық қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырғанын хабарлады.
Алаяқтардың негізгі нысанасы кімдер?
Құқық қорғау органдарының тәжірибесі көрсеткендей, дропперлердің басым бөлігін студенттер, жұмыссыз азаматтар және интернет арқылы қосымша табыс іздеген жастар құрайды.
Мысалы, Батыс Қазақстан облысында банк шоттарын алаяқтарға пайдалануға берген жеті колледж студенті үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Ал Түркістан облысында Telegram арқылы басқарылған қылмыстық схемаға 20-дан астам жас тартылған. Жетісу облысында тұрғын әлеуметтік желідегі жұмыс туралы хабарландыруға сеніп, интернет-алаяқтықтан түскен қаражатты өз шоты арқылы өткізіп, кейін оны криптовалютаға айырбастап отырған.
Qazaq Expert Club эксперті, психолог Жадыра Сабыровадан қылмыстық топтардың неге көбіне жастарды таңдайтынын сұрағанымызда ол былайша жауап берді:
– Психологиялық тұрғыдан жастар жылдам табыс табуға көбірек ұмтылуы мүмкін, тәуекелді толық бағаламауы ықтимал және әлеуметтік желілер арқылы жасалатын ұсыныстарға сенім білдіруі оңайырақ. Кейбір жастар өз банк картасын немесе есепшотын қылмыстық схема үшін пайдалану қандай құқықтық салдарға әкелетінін толық түсінбейді.
Маман, сондай-ақ шетелдік тәжірибелерге сүйеніп, интернет-алаяқтықпен күресте тек жазалау шаралары жеткіліксіз екенін айтады. «Ең тиімді тәсіл – алдын алу, халықтың цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік органдар, банктер мен білім беру ұйымдарының бірлескен жұмысы. Мысалы, Қытайда азаматтарға алаяқтық схемалары туралы жедел ескертулер жіберіледі, халық арасында тұрақты ақпараттық науқандар жүргізіледі, ал жастарға цифрлық қауіпсіздік мектеп қабырғасынан түсіндіріледі.
Еуропаның бірқатар елінде банктер, полиция және телекоммуникация операторлары бірлесіп күмәнді операциялар туралы клиенттерге дереу хабарлап, қаржы алаяқтығының алдын алу бойынша ақпараттық кампанияларды тұрақты өткізеді. Сонымен қатар мектептерде қаржылық және цифрлық сауаттылыққа ерекше көңіл бөлінеді», – дейді Жадыра Сабырова.
Иә, көптеген адам өзінің банк картасын уақытша пайдалануға бергенін немесе біреудің өтінішімен ақша аударғанын қылмыс деп қабылдамайды. Алайда дәл осындай әрекеттер интернет-алаяқтық тізбегінде маңызды рөл ойнайды. Сондықтан ешқандай жағдайда банк картасын, есепшотты, мобильді банкингке қолжетімділікті, логиндерді, құпиясөздерді және SMS-кодтарды бөгде адамдарға бермеу қажет.
Бүгінде бір қарағанда «оңай табыс» болып көрінетін ұсыныс ертең қылмыстық іс, соттылық және қаржылық шектеулерге ұласуы әбден мүмкін. Ал құқық қорғау органдарының ескертуі қарапайым: өз банк шотыңызды ешкімге бермеңіз, өйткені оның салдары бірнеше жылға созылатын жауапкершілікке әкелуі ықтимал.
Айгүл Сейіл
