Бұл оқулықтарының бұрынғылардан айырмашылығы неде? Осы және өзге де сауалдарды Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының директоры Сейфулла Смайловқа қойған едік.
– Сейфулла Шай-Ахметович, бұл жолы оқулықтардың сапасын жақсарту мақсатында сараптаманы кімдер жүргізді және жұмыс барысында нақты қандай міндеттер ескерілді?
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026-2027 оқу жылына ұсынылатын оқулықтарға қосымша зерделеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмысқа әр өңірден білікті мектеп педагогтары қатысты. Қазір мектеп оқулықтарының сапасы Үкіметтің ерекше бақылауында. Қосымша зерделеу барысында орфографиялық, грамматикалық, стилистикалық және техникалық қателер анықталды. Осыған байланысты оқулықтарды пайдалануға ұсынғанға дейін оларды қосымша зерделеуден өткізу және жетілдіру туралы шешім қабыланды. Соның негізінде баспалар/авторлар мен сарапшылар бірлесіп, анықталған ескертулерді жою жұмыстары жүргізілді.
Зерделеу барысында оқулықтардың үлгілік оқу бағдарламасына сәйкестігі, мазмұнының мемлекеттік саясатқа сәйкестігі, ономастикалық бірліктерді қолданудың өзектілігі және мазмұнның тілдік және психологиялық аспектілерге сәйкестігі қарастырылды.
– Әзірленіп жатқан оқулықтарға қандай талаптар қойылып отыр? Бұл жұмыстың сапасына кім жауап береді және оның орындалуы қалай бақыланады?
– Қазір әзірленіп жатқан оқулықтарға қойылатын талаптар жыл сайын жетілдіріліп келеді. Негізгі талаптардың қатарында мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты мен үлгілік оқу бағдарламаларына сәйкестігі, ғылыми дәлдігі, оқу материалының жүйелілігі мен логикалық құрылымы, жас ерекшеліктеріне сәйкестігі, тілдік сауаттылығы, терминдердің бірізді қолданылуы, тапсырмалар жүйесінің тиімділігі және функционалдық сауаттылықты дамытуға бағытталуы, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды қамтуы, инклюзивті білім беру талаптарына сәйкестігі жан-жақты қарастырылды.
Оқулықтың сапасына, ең алдымен, авторлар мен баспа жауапты болады. Министрлік тарапынан мемлекеттік сараптама ұйымдастырылып, оқулықтардың белгіленген талаптарға сәйкестігі бағаланады. Сараптамадан оң қорытынды алған оқу басылымдары Оқу-ағарту министрлігі бекітетін білім беру ұйымдарына пайдалануға ұсынылатын оқу әдебиеттерінің тізбесіне енгізіледі.
– Ал оқулық әзірлейтін авторлар мен баспаларға қандай талаптар жүктелген?
– Оқулық әзірлеуде және сараптамадан өткізуде оқулықтың құрылымы мен мазмұнына қойылатын «Орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтардың және мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендердің құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптар» негізге алынады, бұл құжат Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 5 сәурдегі №132 бұйрығымен бекітілген.
Оқулық әзірлеуге білім беру саласында тәжірибесі бар, тиісті ғылыми немесе педагогикалық біліктілігі жоғары мамандар тартылады. Авторлардың пән бойынша терең кәсіби құзыретке ие болуы, оқу бағдарламаларын жетік меңгеруі, оқушының жас ерекшелігін ескеруі және ғылыми дәлдік пен академиялық адалдық қағидаттарын сақтауға тиіс. Ал баспалар өз кезегінде сапалы редакциялық және ғылыми редакциялау жұмыстарын жүргізуге, техникалық, орфографиялық және стилистикалық қателердің болмауын қамтамасыз етуге, сапалы деңгейде баспаішілік сараптамадан өткізуге және сараптамада берілген ескертулер бойынша түзетулер енгізу жұмыстарын толық орындауға міндетті.
Әрбір оқулық бірнеше кезеңнен тұратын сараптамадан өтеді. Егер анықталған ескертулер толық жойылмаса, оқулық білім беру ұйымдарына пайдалануға ұсынылмайды.
– Жаңартылатын оқулықтардың мазмұны қаншалықты өзгереді, яғни бұрынғы оқулықтардан айырмашылығы қандай болмақ?
– Жаңарту жұмыстары тек қателерді түзетумен ғана шектелмейді. Оқулықтарды қайта басып шығару олардың мазмұнын өзектендіру мақсатында жүзеге асырылады. Бұл ескірген мәліметтер мен тапсырмалар жүйесін жаңартуды, ғылымның дамуымен, қоғамдық-саяси өмірдегі өзгерістермен байланысты толықтырулар мен түзетулер енгізуді, сондай-ақ статистикалық және өзге де нақты деректерді жаңартуды көздейді. Жоспар бойынша тек Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихынан басқа барлық пән бойынша оқулықтар жаңарады.
Сонымен қатар оқулықтардың мазмұны білім беру жүйесіндегі өзгерістерге, ғылым мен технологияның дамуына және жаңа Конституция қабылдануына сәйкес қайта қаралды.
– Жаңа оқу жылында мектептерге жеткізілетін оқулықтардың барлығы жаңартылған нұсқа бола ма әлде кейбір өңірлер ескі кітаптармен оқуды жалғастыра ма?
– Бүгінде 2026-2027 оқу жылына арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің тізбесін бекіту және білім беру ұйымдарын оқулықтармен әрі оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.
Оқулықтарды жаңарту кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. 2026 жылғы 30 тамызға дейін 3-сыныптарға арналған «Қазақ тілі», «Орыс тілі», «Математика», «Дүниетану», «Әдебиеттік оқу», «Музыка» пәндері бойынша, сондай-ақ 7-сыныпқа арналған «Дүниежүзі тарихы» пәні бойынша оқулықтар сатып алынады.
Ал қайта басылып жатқан және қолданыс мерзімі аяқталмаған оқулықтар нормативтік талаптарға сәйкес пайдаланылуын жалғастырады.
– Цифрлық оқулықтар дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр ма? Бұл бағытта қандай жоспар бар?
– Министрлікпен цифрлық білім беру ресурстарын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Қағаз оқулықтармен қатар электрондық оқулықтар мен цифрлық білім беру ресурстары әзірленіп, білім беру процесінде пайдаланылуда.
– Оқулықтарды таңдау Etandau.gov.kz электрондық платформасы арқылы жүргізіледі екен. Бұл таңдауға кімдер қатыса алады?
– Аталған пәндер бойынша оқулықтарды білім беру ұйымдарының педагогтары Etandau.gov.kz электрондық платформасы арқылы таңдады. Таңдау нәтижелері бойынша жергілікті атқарушы органдар қажетті өтінімдерді қалыптастырып, оқулықтарды жеткізуді ұйымдастыру үшін баспаларға жолдады. Сондай-ақ өңірлерде білім алушылар санының артуы мен кітапхана қорын толықтыру қажеттілігі ескеріле отырып, қалған сыныптарға арналған оқулықтарды қосымша сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Платформаға білім беру ұйымдарының педагогтары қатысады. Яғни пән мұғалімдері өз пәні бойынша сараптамадан өткен және министрлік бекіткен оқулықтардың арасынан таңдау жасайды.
Таңдау барысында педагогтар оқулықтың мазмұнын, әдістемелік ерекшеліктерін және білім беру процесіне сәйкестігін ескереді.
Платформада жасалған таңдау жергілікті білім басқармалары мен мектептердің оқулықтарға деген қажеттілігін қалыптастыруға негіз болады және білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз ету жұмыстарын жоспарлауға мүмкіндік береді.
– Оқулықтардың қайта жазылуы білім беру жүйесінің өзгеруіне қаншалықты әсер етеді деп ойлайсыз?
– Оқулықтарды қайта жазу – білім беру жүйесін жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі. Дегенмен білім беру сапасы тек оқулықпен ғана шектелмейді. Ол оқу бағдарламасының мазмұнына, мұғалімнің кәсіби даярлығына, оқыту әдістемесіне және бағалау жүйесіне де тікелей байланысты. Оқулықтарды жаңарту кезең-кезеңімен жүзеге асырылады деп жоғарыда атап өттік. Бұл бір жағынан оқу әдебиеттерінің сапасын арттыруға мүмкіндік берсе, екінші жағынан білім беру ұйымдарын оқулықтармен үздіксіз қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Сондықтан оқулықтарды қайта жазу білім беру жүйесінде оқыту сапасын жақсартуға, білім мазмұнын заманауи талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
– Рақмет!
Сұхбаттасқан Тілекгүл Есдәулет
