Еуропалық одақта Ресейге қарсы жаңа экономикалық санкциялар енгізуге қарсылық күшейіп келеді. Financial Times басылымының келіссөздерге қатысып жүрген бес дипломатқа сілтеме жасап хабарлауынша, бірқатар мемлекет өз компанияларының мүддесін қорғау үшін санкциялардан арнайы жеңілдіктер мен ерекшеліктер талап ете бастаған.
Ең үлкен дау салалық шектеулерге байланысты туындады. Грекия ресейлік сұйытылған табиғи газды үшінші елдерге тасымалдауға рұқсат берілмесе, санкциялар пакетін қолдамайтынын мәлімдеген. Германия мен Португалия ресейлік балықты сатып алуға тыйым салуға қарсы болса, Франция мен Италия Украинадағы соғысқа қатысқан ресейлік әскери қызметшілерге ЕО визасын бермеу туралы ұсынысты жұмсартуға тырысып жатыр. Австрия Raiffeisen банкінің шығынын өтеу үшін Ресейдің шамамен 2 миллиард еуро көлеміндегі активін бұғаттан шығаруды сұраған.
Дипломаттардың айтуынша, санкциялардан ерекшелік сұраған елдердің саны бұрын-соңды мұндай деңгейге жетпеген. ЕО елдері ресми түрде қатаң ұстаным мен ынтымақтастық туралы айтқанымен, іс жүзінде өз бизнесіне зиян келтіретін шешімдерді қолдауға барған сайын құлықсыз болып отыр. Дипломаттардың бірі әр мемлекет өзіне жеңілдік талап ете берсе, санкциялардың мазмұны әлсіреп, кезекті пакет нәтижесіз құжатқа айналуы мүмкін екенін ескерткен.
