Өңірдің туристік әлеуетін дамытудың жаңа кезеңі
Баянауылда «Сарыарқа сыры» заманауи визит-орталығы ашылды
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев
479
оқылды

Баянауыл Қазақстандағы жетекші туристік орталықтардың бірі ретіндегі мәртебесін нығайту үстінде. Туристік инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде биыл курорттық аймақ бір маусымда 300 мыңға дейін туристі қабылдай алады. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі - Vizit Bayanaul «Сарыарқа сыры» заманауи визит-орталығының ашылуы болды. Салтанатты рәсімге Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қатысты.

Жаңа нысанның ашылуында сөз сөйлеген өңір басшысы туризмді дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, біз Баянауылдың әлеуетін толық ашатын және оны Қазақстандағы туризмінің маңызды орталықтарының біріне айналдыратын заманауи туристік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен қалыптастырып келеміз. Бүгін біз жай ғана визит-орталықты емес, тарих, мәдениет және рухани мұраны заманауи технологиялармен ұштастыратын орталықты ашып отырмыз. Бұл - өңірдің болашағына салынған инвестиция. Біздің мақсатымыз - Баянауылды қайта-қайта келгің келетін мекенге айналдыру, - деді Асайын Байханов.

Жаңа визит-орталық Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің келушілеріне арналған негізгі ақпараттық және бағыт бағдар беретін орталыққа айналады. Мұнда туристер бағыттар, табиғи көрікті жерлер, киелі нысандар мен өңірдің мәдени мұрасы туралы жан-жақты ақпарат ала алады.

Аумағы 740 шаршы метрді құрайтын кешенде туристік бағыттардың цифрлық картасы бар интерактивті аймақ, музей кеңістігі, конференц-зал, коворкинг, трансформер-кітапхана, кофехана, ана мен бала бөлмелері, сондай-ақ жайлы демалыс аймақтары орналасқан.

Орталықтың басты ерекшеліктерінің бірі - жасанды интеллект технологияларының қолданылуы. Заманауи мультимедиялық шешімдердің көмегімен келушілер интерактивті форматта Баянауыл өңірінің табиғатымен, тарихымен және бай мәдени мұрасымен таныса алады. Жаңа нысан өңірдің туристік экожүйесін дамытудағы маңызды буынға айналып, келушілерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Жобаны іске асыруға қосқан үлесі үшін Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасымен «Еуразиялық топ» ЖШС-нің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі менеджері Балым Гаязова, YouthArt қалалық даму қорының құрылтайшысы, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Кристина Бекмурзаева және «СМУ-Астана LTD» ЖШС-нің директоры Еркін Қапаров марапатталды.

Сондай-ақ осы күні белгілі өлкетанушы, туризм саласының үздігі, «Елім-ай» сыйлығының лауреаты, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Алтынбек Құрмановтың «Көне Көктау оттары» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Алтынбек Жұматұлы 25 жылдан астам уақыт бойы архив құжаттарын зерттеп, тарихи-мәдени ескерткіштерді зерделеп, көнекөз қариялардың естеліктерін жинақтап келеді. Оның өмірінде қасиетті Қоңыр әулие үңгірінің орны ерекше. Ол осы киелі орынның ұзақ жылдардан бергі шырақшысы ретінде туристерге Баянауылдың тарихы мен аңыздарын, рухани мұрасын таныстырып жүр. Кітап бес бөлімнен тұрады және өңір тарихына, сондай-ақ Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Қаныш Сәтбаевтың, Әлкей Марғұланның және Ермұхан Бекмахановтың мұрасына қатысты бірегей материалдарды қамтиды.

Тұсаукесерге жиналған қауымға «Алтын домбыра» сыйлығының иегері, белгілі айтыскер Аспанбек Шұғатаев арнау айтты. Іс-шараға танымал өлкетанушылар, жазушылар және қоғам қайраткерлері Сайлау Байбосын, Қайыржан Ахметов, Болат Аманбаев, Серік Елікбай, Асыл Әбіш және Бейбіт Бөжен қатысты.

Жұмыс сапары барысында Асайын Байханов Баянауылдың кіреберіс жолында орналасқан жаңа стеламен де танысты. Енді аудан қонақтарын биіктігі 30 метр болатын, салт атты бейнесі, ұлттық ою-өрнек пен қазақ үйінің кереге элементтері бейнеленген заманауи сәулеттік нысан қарсы алады. Оның жанында табиғи тастан жасалған Baуanaul жазуы орнатылған. Аумағы толық абаттандырылып, кіреберіс жолдар, жаяу жүргіншілер жолдары салынды және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде Баянауыл соңғы жылдардағы туристік инфрақұрылымды жаңғыртудың ең ауқымды кезеңдерінің бірін бастан өткеруде. Сабындыкөл мен Жасыбай көлдерінің жағалауы кешенді түрде абаттандырылып, заманауи жағажайлар, жаңа қоғамдық кеңістіктер мен қызмет көрсету нысандары салынуда. Сабындыкөл жағасында ұзындығы бір шақырым болатын серуендеу аймағы бой көтерсе, Жасыбай көлінің орталық жағажайы спорт және балалар алаңдарымен, демалыс аймақтарымен, санитарлық модульдермен және фуд-корттармен жабдықталды.

Жүйелі жұмыстың нәтижесі бүгінде айқын көрініс табуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Баянауыл курорттық аймағына 270 мың турист келді. Ішкі туризм көрсеткіші 27%-ға, ал сырттан келу туризмі 25%-ға артты. Биыл туристер саны 300 мың адамға дейін жетеді деп күтілуде.

Жұмыс күнінің қорытындысы Сабындыкөл жағасында өткен Bayanaul FEST фестивалімен түйінделді. Спорттық жарыстар, отбасылық байқаулар мен жарқын концерттік бағдарлама көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жазғы мерекенің ерекше атмосферасын қалыптастырды. Бас сахнада Жұбаныш Жексенұлы, KeshYou тобы, Нұрболат Абдуллин және Kalifarniya өнер көрсетті.