Жәбірленушілердің айтуынша, автосалон қызметкерлері көлікті 14 күн ішінде сатып, ақшасын толық береміз деп уәде еткен.
«14 күнде ақшасын береміз»: Алматы облысында автосалон бірнеше адамды сан соқтырды
513
оқылды

Алматы облысында автосалон арқылы көлігін сатпақ болған 30-дан астам адам алаяқтықтың құрбаны болғанын айтып, полицияға жаппай шағымданды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жәбірленушілердің айтуынша, автосалон қызметкерлері көлікті 14 күн ішінде сатып, ақшасын толық береміз деп уәде еткен. Бірақ көліктер өз атына рәсімделгеннен кейін орталық өкілдері байланысқа шықпай қалған.

Зардап шеккендердің сөзінше, кейбір көліктер ломбардқа кепілге қойылған, енді бірі бірнеше адамның қолына өтіп кеткен. Соның салдарынан көлік иелері не темір тұлпарынан, не оның ақшасынан қағылған.

Телеарнаның мәліметінше, қазір автосалон кеңсесі жұмыс істемейді, ал компания басшысының қайда екені белгісіз. Байланыс нөмірлері де жауап бермейді.

Қарасай аудандық полициясына ондаған адам арыз түсірген. Олар автосалон қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғап, келтірілген шығынды толық өндіріп беруді талап етіп отыр. Әзірге құқық қорғау органдары оқиғаға байланысты ресми түсініктеме берген жоқ.