Экспедиция барысында ежелгі тұрғын үйлердің едені астынан бір баланың және екі ересек адамның жерленген орындары анықталды.
Археологиялық сенсация: ғалымдар неолит дәуіріне жататын бірегей жерлеу орындарын анықтады
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі
272
оқылды

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің ғалымдары Қостанай облысы Әулиекөл ауданында жүргізілген археологиялық зерттеулер барысында б.з.д. VII-V мыңжылдықтарға жататын неолит дәуірінің үш қорымды анықтады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.     

Мамандардың алдын ала қорытындысына сәйкес бұл олжа Қазақстан аумағындағы тас дәуірі археологиясын зерттеу үшін маңызды ғылыми дерек болып саналады.

Экспедиция барысында ежелгі тұрғын үйлердің едені астынан бір баланың және екі ересек адамның жерленген орындары анықталды. Мұндай олжа неолит дәуірінің археологиялық ескерткіштері арасында өте сирек кездеседі.

ҚӨУ Археологиялық зертханасының аға ғылыми қызметкері, «Торғай ойпатының неолиті (хронология, көші-қон және трансмәдени өзара әрекеттесулер)» ғылыми жобасының жетекшісі Ирина Шевнинаның айтуынша, экспедиция барысында әдетте тас және сүйек құралдары, керамика сынықтары мен әшекей бұйымдар кездеседі. Ал тұрғын үйлердің едені астынан анықталған жерлеу орындары бұл ескерткіштердің ғылыми құндылығын едәуір арттырады.

Ғалымдардың айтуынша, тас дәуіріне жататын қорымдар Қостанай өңірінде ғана емес, жалпы Қазақстан аумағында да сирек кездеседі. Алдын ала зерттеу нәтижелері олардың неолит кезеңіне тиесілі екенін көрсетіп отыр.

Аталған жаңалық А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің Торғай археологиялық экспедициясы жүргізген зерттеулер барысында анықталды. Биыл экспедиция Әулиекөл ауданындағы Шилі, Сұлукөл және Бұрықтал археологиялық ескерткіштерінде кешенді ғылыми жұмыстар жүргізіп жатыр.

Экспедицияны Археологиялық зертхананың меңгерушісі Андрей Логвин басқарады. Зерттеу жұмыстары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруы аясында археологиялық зертхана қызметкерлерінің, тарих мамандығы студенттерінің және еріктілердің қатысуымен жүзеге асырылады.

Экспедицияның тағы бір маңызды нәтижесі – маханжар мәдениетіне тән ежелгі тұрғын үйлердің зерттелуі. Бұған дейін археологтар негізінен көне тұрақтарды зерттеп келген болса, Шилі ескерткішінен осы мәдениетке тән жартылай жертөле үлгісіндегі тұрғын үйлер алғаш рет анықталды. Қорымдардың дәл осы баспаналардың едені астынан табылуы олардың ғылыми маңызын арттыра түседі.

Мұндай жерлеу дәстүрі ежелгі кезеңде Орталық Азия мен оған іргелес өңірлердегі бірқатар мәдениеттерге тән болған. Тұрғын үйдің едені астына жерлеу сол кезеңдегі дүниетаным мен жерлеу ғұрыптарының ерекшеліктерін зерттеуге мүмкіндік береді. Бұл олжа ежелгі қауымдардың өмір салты, наным-сенімі және әлеуметтік-мәдени ерекшеліктері туралы жаңа ғылыми деректер алуға негіз болады.

Бүгінде зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Алдағы кезеңде антропологиялық сараптама, радиокөміртектік мерзімдеу және кешенді зертханалық талдаулар жүргізіледі. Олардың нәтижелері табылған жерлеу орындарының нақты мерзімін айқындап, Қазақстанның неолит дәуіріндегі тарихи-мәдени үдерістер туралы ғылыми білімді толықтыруға мүмкіндік береді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM   арнасынан табасыз.