Байқауды көруге келген жандар қымыздың әртүрлі түрінен дәм татып, оны дайындау дәстүрімен танысып, үздік өндірушілер анықталатын халықаралық байқауды тамашалай алады.
Астанада ауқымды халықаралық BaiQymyz-2026 гастрофестивалі басталды
фото: баспасөз қызметінен алынды
264
оқылды

Бүгін, 11 шілдеде Астанадағы «Қазанат» ипподромында екі күнге созылатын BaiQymyz-2026 халықаралық гастрофестивалі басталды, - деп хабарлайды Aikyn.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Фестиваль аясында қонақтарға ұлттық тағамдарды әзірлеуге арналған аспаздық шоулар мен шеберлік сабақтары, «Үздік қазы» байқауы, көкпар, бәйге, аударыспақ, қыз қуу, дәстүрлі садақ атудан жарыстар, сондай-ақ «Қой көтеру», «Жілік сындыру», шөген ойыны, ат үстіндегі квиддич, жауынгерлік жылқылардың көрсетілімі, ER QANATY жылқыларының шеруі және ат үсті өнері шеберлерінің қойылымдары ұсынылады.

Сонымен қатар фестиваль аясында ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді насихаттауға бағытталған «Дәстүр сәні: BaiQymyz-2026» байқауы өтіп жатыр. Оның қорытындысы 12 шілдеде жарияланады.

Бас сахнада Sadraddin, Қазыбек Құрайыш, Ғазизхан Шекербек, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі, Жұбаныш Жексен, Қайрат Бәкенов пен Format тобы, Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина және басқа да әншілер өнер көрсетеді.

Фестивальге кіру үшін бір күнге немесе екі күнге билет сатып алу қажет. Ал зейнеткерлер мен 16 жасқа дейінгі балалар үшін кіру тегін.