Жол апатына ұшырап, шұғыл операцияны қажет ететін науқас, ауыр босанған ана, өмір үшін күресіп жатқан бала... Бастан өтпеген соң біз елей бермейтін басқа да әртүрлі науқас... Олардың өмірін сақтап қалатын ортақ нәрсе бар. Ол – донор. Ересек адамның бірнеше минут қана уақытын алатын қан тапсыру рәсімі бір емес, бірнеше адамның өміріне араша болуы мүмкін. Соған қарамастан, елімізде донорлық мәдениет әлі де толық қалыптасты деуге ерте.
Донорлық мәдениетті дамытуға не кедергі?
257
оқылды

Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының мәліметінше, әлемде жыл сайын 120 мил­ли­он­нан астам рет қан тапсы­ры­­лады. Алайда бұл көрсеткіш барлық елде бірдей емес. Та­бысы жоғары мемлекеттерде қан тапсыру белсенділігі әлде­қайда жоғары болса, дамушы елдерде донор тапшылығы әлі де өзекті мәселе болып отыр. 

Қанға сұраныс азаймайды

Астанада бүгінде қан қоры жеткілікті болғанымен, қажет­тілік жыл сайын артып келеді. Бұған халық санының көбеюі, күрделі хирургиялық операция­лардың көбеюі және өңірлерден келетін пациенттер санының артуы әсер етіп отыр.

Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының бас­қарма төрағасы Сәния Әбдір­ахманованың айтуынша, қа­з­ір­гі уақытта барлық қан топта­рына тұрақты түрде сұраныс бар. Сондықтан донорлар қа­тарын үздіксіз толықтырып отыру маңызды. 

Маманның сөзінше, қан қоры көбіне жазғы демалыс кезінде, мереке күндері және Ра­мазан айында азайып кетеді. Себебі дәл осы уақытта тұрақты донорлардың келуі сирейді. Мұндай кезеңдерде қан орта­лығы бұрыннан қан тапсырып жүрген азаматтарды шақырып, ақпараттық жұмыстарды күш­ейтеді.

Ынталандыру жүйесі жаңартуды қажет етеді

Қазақстанда қан донорлығы ерікті әрі өтеусіз негізде жүзеге асырылады. Бұл – халықаралық тәжірибеге сай келетін қағидат. Алайда кейінгі жылдары ма­мандар мен қоғам белсенділері донорларды әлеуметтік тұрғы­дан қолдау тетіктерін жетілдіру қажеттігін жиі көтеріп жүр.

Қазір Қазақстанда ерікті түр­де қан тапсырған азамат­тар­ға ағзаның энергия шығынын өтеу үшін 0,25 АЕК, яғни 1081 теңге көлемінде өтемақы төле­неді. Бұл қаражат қанның өзі үшін емес, донордың тамақ­тануына және физиологиялық қалпына келуіне арналған. Ал­ай­да мамандар мұндай өтем­ақының символикалық сипатта екенін айтып, тұрақты донор­ларды әлеуметтік қолдау тетік­терін жетілдіру қажеттігін көтеріп келеді. Сөзіміз жалаң болмасын, биыл сәуір айында депутат Қарақат Әбден қан донорларына төленетін өтем­ақыны қазіргі 0,25 АЕК-тен 1-1,25 АЕК-ке дейін ұлғайтуды және «Құрметті донор» мәрте­бесін қайта енгізуді ұсынған болатын. Алайда Үкімет бұл бастама қосымша бюджет шы­ғынын талап ететінін айтып, қолдау білдірген жоқ.

Ал әлемнің бірқатар елінде, әсіресе Еуропада тұрақты және ерікті донорларды қолдау жүйе­сі әлдеқашан қалып­тас­қан. Мәселен, Италияда тұр­ақты донорларға ақылы дема­л­ыс күні берілсе, Испания мен Португалияда тегін меди­ци­налық тексерулер ұйымдас­ты­рылады. Польшада «Құрмет­ті донор» мәртебесін алған аза­маттарға әлеуметтік жеңіл­дік­тер қарастырылған. Ал Ұлы­британия, Швеция, Ирландия және Аустралияда донорларға олардың тапсырған қаны қай ауруханада пайдаланылғаны туралы SMS немесе мобильді қосымша арқылы хабарлама жіберіледі. Сарапшылардың пікірінше, мұндай қарапайым кері байланыс адамдардың дон­орлыққа деген ынтасын арт­тырып, олардың тұрақты донор болып қалуына оң әсер етеді. Сондай-ақ Еуропаның бірқатар елінде донорлар тегін медициналық тексеруден өтіп, қоғамдық көлік немесе мәдени нысандар қызметін жеңіл­дік­пен пайдалана алады. 

Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының бас­қарма төрағасы Сәния Әбді­рах­манова да Қазақстанда дон­ор­ларды қолдау тетіктерін жүйе­леу қажет деп санайды. Оның айтуынша, қазір тұрақты донорларға алғыс хаттар та­быс­­талып, серіктес ұйым­дардың қол­дауымен кинотеатр билет­тері мен түрлі жеңілдік ұсын­ыл­ғанымен, бұл мемле­кеттік қолдау жүйесіне кір­мейді. «Менің ойымша, ең бастысы, тұрақты және ерікті донор­лар­ды қолдау тетіктерін мемле­кеттік деңгейде күшейту керек. Донорлардың қоғамға қосып отырған үлесін ескере отырып, оларға арналған әлеу­меттік ынта­ландыру шара­ларын заң­на­малық тұрғыда қарастыру маңызды. Сонымен қатар жұ­мыс берушілердің до-

н­орлықты қолдауын арттыру және жастар арасында донор­лық мәдениетін қалыптастыру қажет. Осындай кешенді шара­лар ерікті және тұрақты донор­лар санын арт­тыруға мүмкіндік береді. Өз басым  донорларды қолдаудың бірыңғай ұлттық бағдарла­ма­сын енгізуді ұсынар едім. Бұл донорлардың қоғам­дағы мәр­те­бесін арттырып, жаңа донор­ларды тартуға мүмкіндік береді», – дейді ол.

Жастар – донорлық қозғалыстың тірегі

Қан қызметінің тұрақты­лығы, ең алдымен, жастардың белсенділігіне байланысты. Себебі 18 жастан бастап донор болған азамат денсаулығы мүм­кіндік берген жағдайда ұзақ жылдар бойы тұрақты түрде қан тапсыра алады. Маман­дардың айтуынша, жас ағза қан тапсыру рәсімінен кейін тезі­рек қалпына келеді. Сондықтан әлемнің көптеген елінде до­нор­лық мәдениетін қалыптас­тыру жұмысы, ең алдымен, студенттер мен жас мамандарға бағытталады.

Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы да осы бағытқа ерекше көңіл бөліп келеді. Жоғары оқу орын­да­рында көшпелі донорлық акция­лары өткізіліп, дәрістер ұйымдастырылады. Әлеу­меттік желілер арқылы ақпа­рат­тық-түсіндіру жұмыстары жүргізі­леді. Бір рет қан тап­сырған жас­тармен байланыс үзілмей, олардың тұрақты донорға айна­­л­уы­на жағдай жасалады.

Мәселен, Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы мен Назарбаев университеті бірлесіп өткізген акциялар нәтижесінде 2023-2025 жыл­дары университет қауымдасты­ғының 714 мүшесі қан тапсы­рып, 321 литрден астам қан жиналған. Тек 2025 жылдың ақпанындағы екі күндік акция барысында 200-ге жуық адам донор атанса, олардың 74-і студент болған. Бұл жоғары оқу орындарындағы ақпараттық жұмыстардың жастардың аза­мат­тық белсенділігін арттыру­дағы маңызын көрсетеді.

Қан ғана емес, сүйек кемігі де өмір сыйлайды

Көпшілік қан донорлығы туралы жақсы біледі. Ал гемо­поэздік дің жасушалары донор­лығы жөнінде ақпарат әлі де аз. Донорлықтың бұл түрі лейкоз, лимфома, апластикалық ане­мия секілді қан ауруларымен күресіп жүрген адамдар үшін кейде жалғыз емдеу тәсілі саналады.

Қазақстандағы Ұлттық сүйек кемігі донорларының тіркелімі 2011 жылдан бері жұмыс істейді. Биылғы шіл­де­дегі мәлімет бойынша тіркелім­де 15500-ден астам әлеуетті донор бар. Жыл сайын олардың қатары шамамен 1500-1700 адамға көбейеді. Ал биыл тағы екі мыңға жуық жаңа еріктіні тіркеу жоспарланып отыр.

Мамандардың айтуынша, бұл жерде басты мәселе донор­лар санында ғана емес. Ең маң­ыздысы – пациентпен тіндік сәйкестік анықталған кезде донордың өз шешімінен бас тарт­пауы. Сондықтан тіркел­імге қабылданатын әрбір аза­мат­пен алдын ала кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргіз­іледі.

Бір бөтелке қан – жанашырлықтың өлшемі

2025 жылдың қоры­тын­дысы бойынша Астанада 5830 тұрақ­ты қан доноры тіркелген. Бұл азаматтар мыңдаған адам­ның өміріне араша болып жүр. Өйткені бір адамның тап­сырған қаны компоненттерге бөлініп, бірнеше науқасқа құйылады.

Қазіргі әлемде донорлық медициналық қызмет қана емес, азаматтық мәдениеттің көрсеткішіне айналды. Дамы­ған елдерде адамдар қан тапсы­ру­ды қалыпты өмір салтының бір бөлігі ретінде қабылдайды. Қазақстан да осы бағытқа бет бұруы үшін донорларды мем­лекеттік деңгейде қолдау, жас­тар арасында ақпараттық жұ­мысты күшейту және қоғамда донорлықтың маңызын кеңі­нен насихаттау қажет. Өйткені донорлық – жай ғана бір бөтелке қан емес. Бір отбасы­ның үміті, бір ананың көз жасы, бір баланың болашағы дәл осы бір бөтелке қанға тікелей байланысты болуы мүмкін.

Айгүл Сейіл