Съездің пленарлық отырысы басталмас бұрын партия Саяси кеңесінің отырысы өтіп, оның алаңында күн тәртібіндегі мәселелер мен партия қызметінің негізгі бағыт-бағдары талқыланды.
III съезд делегаттары сайлауалды бағдарламаны, кандидаттардың партиялық тізімін бекітіп, партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізеді, мүшелік жарналардың мөлшерін айқындайды, сондай-ақ қорытынды Қаулы қабылдайды.

10 шілдеге дейін партия ұйымдық құрылымын толық жасақтап, өңірлік желісін құрды және басшылық органдарын бекітті. Өңірлік саяси кеңестердің құрамына 808 адам, Бақылау-тексеру комиссияларының құрамына 100 адам енді. Олардың қатарында шағын және орта бизнес, білім беру және ғылым, үкіметтік емес сектор мен кәсіподақтар, мәдениет және спорт, өнеркәсіп, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау, бұқаралық ақпарат құралдары, экономика, құқықтану, IT және креативті индустрия салаларының өкілдері бар.
«Әділет» партиясы түрлі кәсіби қауымдастықтар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілі саналатын қазақстандықтардың бастамасымен құрылды. 2026 жылғы 7 мамырда Астана қаласында партияның құрылтай съезі өтті. 2026 жылғы 1 маусымда заңнамаға сәйкес, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі «Әділет» саяси партиясын мемлекеттік тіркеуден өткізді.

Қазір «Әділет» партиясының кезектен тыс III съезі жұмысын жалғастырып жатыр.
Кезектен тыс III съезд жұмысы «Әділет» партиясының ресми YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетіледі.
