Көлік иесі полиция қызметкерлерінің кәсіби әрі жедел әрекетіне ризашылығын білдірді.
Түркістанда полиция журналистің ұрланған көлігін бірнеше сағат ішінде тауып берді
197
оқылды

Түркістан қаласында полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ұрланған автокөлікті бірнеше сағат ішінде тауып, күдіктіні анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Түркістан қалалық полиция басқармасына журналист жүгініп, жұмыс орнының алдында тұрған өзіне тиесілі автокөлікті белгісіз біреу заңсыз айдап кеткені туралы арызданды.

Аталған дерек бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Оқиға орны мұқият тексеріліп, қаладағы бейнебақылау камераларының жазбалары зерделенді.

Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде автокөлікті заңсыз айдап кеткен күдікті бірнеше сағат ішінде анықталды. Ол жұмыссыз, Түркістан қаласының тұрғыны болып шықты.

Қазір автокөлік айғақ ретінде тәркіленіп, арнайы айып тұрағына қойылды. Іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр. Көлік иесі полиция қызметкерлерінің кәсіби әрі жедел әрекетіне ризашылығын білдірді.

– Полиция қызметкерлерінің кәсіби жұмысына шынайы алғысымды білдіремін. Олардың жедел әрекетінің арқасында автокөлігім аз уақыттың ішінде табылды. Осы орайда Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаровқа және іздестіруге қатысқан барлық қызметкерлерге ерекше ризашылығымды жеткіземін, – деді Айгерім Айтаханова.