Колумбияның Букараманга қаласында мектеп оқушылары арасында физикадан 56-шы Халықаралық олимпиада (International Physics Olympiad, IPhO 2026) өтіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олардың мәліметінше, әлемдегі ең беделді зияткерлік жарыстардың бірі саналатын олимпиада 4-12 шілде аралығында ұйымдастырылып жатыр. Биыл оған 90 елден 400-ден астам үздік жас физик қатысуда. Олимпиада аясында қатысушылар теориялық және эксперименттік кезеңдерден өтіп, күрделі физикалық есептерді шығарып, зертханалық жұмыстарды орындайды.
"Оқу-жаттығу жиындарының қорытындысы бойынша жасақталған Қазақстан ұлттық құрамасының сапына бес оқушы енді".
Олар: Әмірбек Азатбеков - Астана қаласы Нұра ауданындағы физика-математика бағытындағы NIS-тің 12-сынып оқушысы; Ілияс Қазымбек - Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 12-сынып оқушысы; Нұргүл Егенбергенова - Астана қаласындағы NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы; Роман Черемнов - Астана қаласы Нұра ауданындағы физика-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы; Дамир Құрман - Алматы қаласындағы «Мирас» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы.
Ұлттық құраманың жетекшілері – Самат Мақсұтов пен Әлішер Еркебаев.
Айта кетсек, физикадан халықаралық олимпиада 1967 жылдан бері өткізіліп келеді.
