Павлодарда шұғыл шақыртуға бара жатқан жедел жәрдем көлігі жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан әйелді қағып кетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жол апатының видеосы жергілікті Instagram-пабликтердің бірінде жарияланды.
Мәліметке сүйенсек, оқиға 7 шілде күні Павлодар қаласында Сәтбаев көшесіндегі реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде болған. Жедел жәрдем бригадасы бірінші санаттағы шұғыл шақыртуға бара жатқан. Ол уақытта жедел жәрдем көлігінің шамы мен сиренасы қосулы болған.
Көлік жауы жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқанда кенеттен келіншек шыға келген. Соның салдарынан жедел жәрдем көлігі әйелді қағып өткен. 103 қызметкерлері зардап шеккен әйелге бірден алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оны Павлодар қалалық №1 ауруханаға жеткізген. Ал жедел жәрдем бара жатқан шақырту басқа бригадаға берілген.
Оқиғаға қатысты Павлодар қалалық Полиция департаменті түсініктеме берді. Қазір тексеру жүргізіліп жатыр.
