Ақмола облысының полицейлері үш аптаға жуық уақыт бұрын із-түзсіз жоғалған Көкшетау қаласының 47 жастағы тұрғыны Марал Әбуованы іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Полицияның мәліметінше, әйел 12 маусым күні үйінен белгісіз бағытқа шығып кеткеннен кейін қайта оралмаған және жақындарымен байланысқа шықпаған. Үйінде оны жұбайы мен кәмелетке толмаған екі баласы күтіп отыр.
Белгілері: бойы шамамен 170 см, дене бітімі арық, шашы қара, көзі қоңыр. Жоғалған күні үстінде қоңыр-сарғыш түсті көйлек болған.
Тәртіп сақшылары хабарлама түскен сәттен бастап жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Бейнебақылау камераларының жазбалары зерделеніп, туыстары, таныстары және ықтимал куәгерлерден жауап алынған. Келіп түскен барлық ақпарат тексеріліп жатыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, іздеудегі әйелге ұқсас азаматша Бурабай курорттық аймағында көрінуі мүмкін болған. Осыған байланысты полиция өңір тұрғындары мен демалушылардан әйелдің жүрген жері туралы қандай да бір ақпарат болса, дереу құқық қорғау органдарына хабарлауды сұрайды.

