Бүгін Қазақстанда 15 наурызда жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция күшіне енді. VIII шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты болған Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, жаңадан қолданысқа енген Ата Заң – мемлекеттің ұзақмерзімді дамуына серпін беретін маңызды құжат, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
– Жаңа Конституцияда Құрылтайдың құзыреті кеңейді. Сондықтан оның мүмкіндігі зор деп сенемін. Жалпы, жаңа Конституция алдымызда тұрған мақсаттарға жетуге жол ашып отыр. Бұл маңызды құжат бізге жасанды интеллект заманында бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді. Сондықтан оның ел болашағы үшін маңызы зор, – деді Асхат Аймағамбетов.
Депутат журналистердің сұрағына жауап беріп, алдағы жоспарына қысқаша тоқталып өтті.
– Елге қызмет етуді әрі қарай жалғастырамыз. Әділетті Қазақстанды құру және дамыту, халқымыздың әл-ауқатын арттыру жолындағы жұмысымыз жалғаса береді. Ол үшін міндетті түрде депутат болудың қажеті жоқ. Бұл жолды мұғалім де, дәрігер де болып жалғастыруға болады. Тіпті өз балаңды дұрыс тәрбиелесең, ол да халыққа қызмет ету саналады, – деді ол.
Айта кетейік, Қазақстанда 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енді. Ата Заңда адам құқығын қорғау кепілдіктері күшейіп, жаңа билік институттары пайда болды, бірегей құқықтық нормалармен қатар алғаш рет ғылым, білім және цифрлық технологияларды дамыту елдің стратегиялық бағдары ретінде бекітілді.
