Ғұсман Қосановтың құрметіне арналған дәстүрлі турнир биыл 35-рет ұйымдастырылып отыр. Жарысқа 11 елден 250-ге жуық спортшы қатысуда.
Ғұсман Қосанов атындағы халықаралық турнирінің жеңімпазы анықталды
фото: баспасөз қызметінен алынды
323
оқылды

Шымкентте өтіп жатқан Ғұсман Қосанов атындағы халықаралық турнирінде Аделина Земс 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруде бірінші орын алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. сайты Жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Отандасымыз финалдық сында мәреге 55.69 секундта жетіп, Qosanov Memorial турнирінің жеңімпазы атанды.

Салтанатты ашылу рәсімінен кейін турнирдің алғашқы жарыс күніндегі финалдық сайыстар жалғасты. Жарыс бағдарламасы аясында спортшылар жүгіру, кедергілер арқылы жүгіру, секіру және лақтыру дисциплиналарында бақ сынады. Бірінші күннің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының спортшылары бірнеше дисциплинада жеңімпаз және жүлдегер атанды.

Әйелдер арасында 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Аделина Земс 55.69 секунд нәтижемен жеңімпаз атанды. Бұл сында жүлделі үш орынды да отандастарымыз иеленді: Анастасия Колода 59.66 секундпен екінші, Екатерина Колода 1:00.30 нәтижемен үшінші орын алды.

Ерлер арасында 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Вячеслав Земс 50.90 секунд көрсеткішпен бірінші орыннан көрінді. Ал 400 метрге жүгіруде Ефим Тарассов 47.43 секунд нәтижемен топ жарды. Бұл дисциплинада Эльнор Мухитдинов 47.52 секундпен қола жүлдегер атанды.

Әйелдер арасындағы 1500 метр қашықтықта Аяна Болатбекқызы 4:19.43 нәтижемен жеңіске жетсе, Ақбаян Нұрмамет 4:25.59 көрсеткішпен үздік үштікті түйіндеді. Ерлер арасындағы 1500 метрде Игорь Хрунин 3:48.03 нәтижемен қола медаль жеңіп алды.

Әйелдер арасындағы ұзындыққа секіруде қазақстандық спортшылар жүлделі үш орынды толық иеленді. Анастасия Рыпакова 5.91 метр нәтижемен бірінші орын алды. Мария Щипачева 5.77 метр көрсеткішпен екінші, Варвара Дмитриева 5.57 метр нәтижемен үшінші орыннан көрінді.

Сондай-ақ 100 метрге жүгіруде Виктория Ан 11.97 секунд нәтижемен күміс, Арина Мишеева 12.24 секундпен қола жүлде иеленді. Ерлер арасында Алмат Төлебаев 10.88 секунд нәтижемен үшінші орын алды. Ерлер арасындағы ядро итеруде Иван Иванов 18.67 метр нәтижемен қола медальға қол жеткізді.