Алматы тауларында құтқарушылар теңіз деңгейінен 3680 метр биіктікте қалған екі туристі аман-есен төмен түсірді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 2003 және 2004 жылы туған екі жас 27 маусым күні таңертең Үлкен Алматы шыңына көтерілген. Олар сол күні кешке оралуы тиіс болғанымен, белгіленген уақытта байланысқа шықпаған. Ұялы телефондарының желісі болмаған, ал соңғы геолокациясы 27 маусым күні сағат 17:00 шамасында Үлкен Алматы шыңының солтүстік бөлігінде тіркелген.
Хабарлама түскеннен кейін құтқарушылар бірден іздестіру жұмыстарына кірісті. Нәтижесінде туристер табылып, қауіпсіз түрде төмен түсірілді. Құтқарушылар оларды экобекетке дейін жеткізді. Жастарға медициналық көмек қажет болмаған.
ТЖМ тауға шығатын азаматтарға маршрут туралы жақындарын алдын ала хабардар етіп, ауа райы жағдайын және бағыттың күрделілік деңгейін міндетті түрде ескеруге кеңес береді.
