Әрбір қатысушы 8 шілдеге дейін Business.enbek.kz порталында өтінім қалдырады. Ары қарай кімге беріп, кімге бермейтінін комиссия шешеді. Грант мөлшері – 400 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1 730 000 теңге. Мемлекет бұл ақшаны қайтарымсыз негізде береді және оны алған әрбір азамат жаңа бизнес-идеясын іске асыруы қажет.
Бұл бастаманың азаматтардың кәсіпкерлікке қадам басуына мүмкіндік беріп, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталғаны түсінікті. Алайда жыл сайын бөлінетін миллиардтаған қаржының тиімділігі мен нақты нәтижесі қандай?
Кәсіпкерлікті қолдауға арналған бұл гранттар 2018 жылдан бастап беріліп келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сәйкес, осы уақыт аралығында 164 671 адам мемлекеттік қолдауға ие болған. 2018 жылы – 3076, 2019 жылы – 40 066, ал 2020 жылы – 42 770 адам қайтарымсыз грант алған болса, соңғы үш жылда бұл сан 9 мың адамның шамасына тұрақтаған.
Гранттарға бөлінген қаражат көлемі де ауқымды. Мысалы, 2018-2025 жылдары бюджеттен 127,6 млрд теңге қарастырылған болса, оның 93,4 пайызы игерілген. Бұл қаржыландыру жағынан мәселе жоқ екенін көрсетеді.
Бақылау күшейтілді, талдау ше?
Бұған дейін грант алған азаматтардың бизнесі бір жыл ғана бақылауда болған еді. Енді 2026 жылдан бастап мониторинг мерзімі екі жылға ұзартылады. Бұл да маңызды қадамның бірі. Себебі көптеген жоба алғашқы жылы ғана жұмыс істеп, кейін тоқтап қалатыны жасырын емес.
Мониторингті еңбек мобильділігі орталықтары жүргізеді. Дегенмен сарапшылар бұл бақылаудың формалды сипатта қалу қаупін жоққа шығармайды. Себебі осы кезге дейін грант алған 164 671 адамның кәсібі мен табысына толық әрі ашық мониторинг жасалмаған. Сондай-ақ ол адамдардың барлығы бірдей жеке кәсіпкер болып, бизнесін дөңгелетіп отыр деп те сеніммен айта алмаймыз. Қазақта «құмнан қыл арқан еседі» дейтін бейнелі сөз бар. Дәл сондай, аз ақшаны ұқсата білетін адамдар болмаса, мына заманда 400 АЕК айналасындағы ақшамен кәсіп бастау да, дамыту да оңай емес екенін әркім де түсінетін шығар. Әйтсе де, ауызды қу шөппен сүртуге тағы болмайды. Өйткені ел ішінде дәл осы қайтарымсыз грант арқылы кәсіп ашып отырған азаматтар да бар.
Басты талаптар қандай?
Грант алу үшін міндетті талаптардың бірі – «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқу. Бұл курс болашақ кәсіпкерлерге бизнес жүргізудің негіздерін үйретуге бағытталған. Онда салық төлеу, кәсіпті тіркеу, нарыққа шығу жолдары түсіндіріледі.
Алайда тәжірибеде бұл курстың тиімділігі туралы пікір екіұшты. Кейбір қатысушылар оны пайдалы десе, енді бірі тек «грантқа жетудің формалды шарты» ретінде қабылдайды. Бұл бағдарламаның сапасын арттыру – өзекті мәселелердің бірі.
Ал енді грантты алу жолындағы ең негізгі өткелге келейік. Ол, әрине арнайы комиссия. Грант беру шешімін арнайы комиссия қабылдайды. Комиссия кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдар мен өңірлік кәсіпкерлер палатасының филиалдары өкілдерінен, қоғамдық бірлестіктер мен БАҚ өкілдерінен, сондай-ақ сарапшылардан жасақталады. Комиссия үміткердің бизнес-жобасын 5 негізгі өлшем бойынша бағалайды. Атап айтқанда, жоба бәсекеге қабілеттілік, нарықтың пысықталуы, қаржылық өміршеңдік, кәсіпкердің дағдысы және жұмыс орындарын құру мүмкіндігі секілді өлшемдерге сай келуі керек. Комиссия отырыстары тікелей эфирде көрсетіледі, бұл ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған. Дегенмен қоғамда «барлығы әділ өте ме?» деген сұрақ әлі де бар. Себебі шешім қабылдауда адами фактордың ықпалы толық жойылған жоқ.
Грантты жетілдіру жолдары
«Министрлік биыл қайтарымсыз грантты беру үшін бірқатар өзгеріс енгізді. Атап айтқанда, еңбек мобильділігі орталықтарына грант алушылар туралы ақпаратты ашық дереккөздерде жариялау туралы құзыреттілік беру, грант алуға үміткерлерге қойылатын талаптарды күшейту, конкурстық комиссиялардың ашықтығын қамтамасыз ету, грант алуға үміткерліктен кірісі бар немесе мемлекеттен өзге де қаржылай көмек алатын адамдар мен салық органдарында дара кәсіпкер ретінде бір жылдан астам есепте тұрған кәсіпкерлерді алып тастау, гранттардың нысаналы жұмсалуына мониторинг жүргізу тетіктерін күшейту, грант алушылардың есеп тапсыру мерзімін 1 жылдан 2 жылға дейін созу, грант алушыларға грант алған күннен бастап 18 ай ішінде кемінде 1 жаңа жұмыс орындарын ашуды міндеттеу секілді өзгерістер бар», – дейді ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаментінің басқарма басшысы Аяулым Берекенова.
Жалпы, сарапшылар арасында «грант алушылар санын азайтып, қаржы көлемін көбейту керек» деген пікір де бар. Бұл тәсіл әрбір жобаға тереңірек қолдау көрсетуге мүмкіндік берер еді. Алайда бұл әлеуметтік қамту ауқымын тарылтуы мүмкін.
Мемлекеттік бағдарлама 2029 жылға дейін жалғасады деп жоспарланып отыр. Яғни жыл сайын шамамен 9 мың адамға 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант беру көзделген.
Әлеуметтік осал санаттағы топты қолдау – әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты. Бірақ оның тиімділігі бөлінген қаржы көлемімен емес, нақты нәтижемен өлшенуге тиіс. Яғни қанша адам кәсіпкер атанды, қаншасы тұрақты табысқа шықты, қанша жұмыс орны ашылды – басты көрсеткіштер осы.
Грант – мүмкіндік. Бірақ ол тек қаржы беру емес, сапалы білім, нақты бақылау, нарыққа шығу тетігі сынды толыққанды жүйе құрауы керек. Әйтпесе, бұл бастама уақытша қолдау шарасынан әрі аспай қалуы мүмкін.
Бота ТҰРАРБАЕВА,
жеке кәсіпкер:
– Үйде декреттік демалыста отырғанда «Бастау Бизнес» сертификатын алып, қосымша фуд-флорист курсынан өттім. Балалардың жәрдемақысына жұмыс үшін қажет нәрсенің бәрін сатып алып, гүл шоқтары мен композициялар жинай бастадым. 2023 жылы гранттық конкурсқа қатысып, 400 АЕК грантын жеңіп алдым. Алынған қаржыландырудың арқасында мен жабдықты сатып алып, жобаны іске асыруға кірістім. Бастапқыда үйде жұмыс істедім және сыйлықтарды әлеуметтік желі арқылы саттым. Қазір өз бизнесімді кеңейтіп, Botadan syi студиясын аштым.
Өз дағдыларымды дамыту үшін кондитер, шоколад, үй зефирі және басқа да бизнесті дамыту курстарынан өттім. Қазір мен кәсіпкермін, қаржылық жағынан тәуелсізбін, тағы екі әйелді жұмыспен қамтамасыз еттім, сүйікті ісім фуд-флористикамен айналысамын және басқаларды оқытамын. Мемлекетке маған қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын.
Андрей ЗЕЛЕВСКИЙ,
жеке кәсіпкер:
– Маған полимер қалдықтарын қайта өңдеуді неліктен таңдағаным туралы жиі сұрақ қойылады, бәрі өте қарапайым – мен өмірді, айналамдағы әлемді жақсы көремін және қоқысқа сүрінгенде қатты қынжыламын. Осы орайда мен мүгедектігі бар жандарға арналған тактильді бағыттауыштарды шығаратын желіні іске қостым.
«Бастау Бизнес» бағдарламасына қатысу менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Мен кәсіпкер болдым, өзім армандаған кәсіппен айналысып жатырмын, қаржылық жағынан тәуелсіз және өзіме сенімді адаммын, болашаққа үлкен жоспарларым бар.
Саида ТІЛЕУЛЕНОВА,
Qazaq Expert Club қаржыгері:
– Бүгінде Қазақстанда 1 730 000 теңге – шағын бизнес бастауға жеткілікті бастапқы капитал. Әрине, мұндай қаражат ірі өндіріс ашуға немесе құрылыс жобасын жүзеге асыруға жетпейді. Бірақ шағын кәсіптің көптеген түрін артық қарызға батпай-ақ бастауға мүмкіндік береді.
Алайда бизнестің табысты болуы тек бастапқы капиталдың көлеміне байланысты емес. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) деректеріне сәйкес, шағын кәсіпорындардың жабылуына көбіне қаржының жетіспеуі емес, басқарудағы қателіктер, нарықты дұрыс бағаламау, қаржыны тиімді жоспарлай алмау және өнімге не қызметке сұраныстың төмен болуы себеп болады.
Яғни ақша кәсіп ашуға мүмкіндік бергенімен, оның табысты болатынына кепілдік бермейді. Егер кәсіпкер өнімнің өзіндік құнын есептей алмаса, ақша айналымын дұрыс басқармаса немесе клиентпен жұмыс жүргізе алмаса, бірнеше миллион теңгенің өзін қысқа уақыттың ішінде жоғалтып алуы мүмкін.
Керісінше, өз ісін жетік білетін кәсіпкер шағын капиталдың өзін біртіндеп еселей алады. Сондықтан кәсіп бастағанда қаражатты тек құрал-жабдыққа немесе ғимаратқа ғана емес, өз біліміңізді арттыруға да жұмсаған жөн. Маркетингті, қаржылық басқаруды, цифрлық технологияларды және сатудың заманауи тәсілдерін меңгеру – ұзақмерзімді табыстың басты кепілі.
Жалпы, Қазақстан экономикасы үшін шағын және орта бизнестің маңызы зор. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жалпы ішкі өнімнің шамамен 39 пайызын қалыптастырады және миллиондаған азаматты жұмыспен қамтып отыр. Сондықтан әрбір табысты кәсіп – тек оның иесіне емес, тұтас ел экономикасына, жұмыспен қамту деңгейінің артуына және бюджетке түсетін салық көлемінің өсуіне қосылған үлес.
Айгүл СЕЙІЛ
