Мәжіліс Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімге 2006 жылғы 4 қыркүйектегі Хаттамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы құжатты ратификациялады. Оны депутаттарға Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев таныстырды.
Хаттама бойынша «Сырдария – Малик» және «Целинный – Ок олтин» өткізу пункттерінің мәртебесі мен жұмыс режимі «екіжақты» мәртебеден «халықаралық (көпжақты)» болып өзгереді. Сондай-ақ жұмыс режимі «күндізгі уақыттан» «тәулік бойы» режиміне ауысады. Бұл ретте «Сырдария – Малик» өткізу пункті жеңіл және бос жүк көлік құралдарының өтуі үшін, ал «Целинный – Ок олтин» өткізу пункті үлкен көлемді және ауыр салмақты жүктер мен тауарлар үшін де қызмет көрсететін болады.
Мәжілістегі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы, жұмыс тобының жетекшісі Нұртай Сабильянов қосымша баяндамасында енгізілген түзетулер өткізу пункттерінің өткізу қабілетін арттыруға және екі ел арасындағы көлік-транзит әлеуетін дамытуға септігін тигізетінін атап өтті.
Бұдан бөлек, Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экология және экономиканың жекелеген салаларын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға Сенат енгізген түзетулермен келісті.
Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы, жұмыс тобының жетекшісі Еділ Жаңбыршин атап өткендей, Сенат енгізген өзгеріс заңның тұжырымдамасы мен мазмұнын өзгертпейді. Түзету климаттың өзгеруіне жаһандық ден қоюға Қазақстанның ұлттық деңгейде айқындалатын үлесі есебінен мемлекет резервке қоятын көміртегі бірлігінің үлесін төмендетуге бағытталған.
Жалпы отырыс соңында Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Палатаның сегізінші сайланымының төртінші сессиясы барысындағы қызметін қорытындылады. Ол осы уақыт ішінде 40 жалпы отырыс өтіп, онда 334 мәселе қаралғанын айтты. 190 заң жобасы палата қарауында болды, оның әрбір үшіншісі депутаттардың бастамасымен әзірленді. Президент 110 заңға қол қойды.
– Сессияның ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алдағы жылдардағы еліміздің стратегиялық даму бағдарын айқындап берді. Мемлекетімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды өзгерістер мен түбегейлі жаңғыру жолы, әсіресе заң шығару процесіне тың серпін әкелді. Ал депутаттар сол тарихи бет-бұрыстың заманауи заңнамалық негізін қалауға атсалысты, – деді Ерлан Қошанов.
Бірінші кезекте депутаттар жаңа Конституцияны іске асыру мақсатымен бірқатар конституциялық заң қабылдады. «Президент туралы», «Астананың мәртебесі туралы», «Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» заңдар жаңарды, сондай-ақ мүлдем жаңа «Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы» және «Халық Кеңесі туралы» заңдар қабылданды. Ауқымды заң шығару жұмысы Президенттің цифрлық мемлекет құру жөніндегі тапсырмасын іске асыруға, Мемлекет басшысының «Заң мен Тәртіп» бастамасын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге, жаңа экономикалық саясатты қалыптастыруға, сондай-ақ әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіріп, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталды.
Бұдан бөлек, жеке кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мәселелері бойынша Жоғары аудиторлық палатаның есебі тыңдалды, сондай-ақ екі Үкімет сағаты өткізілді. Оған қоса, қалыптасқан дәстүр бойынша, депутаттардың өңірлердегі кездесулері кезінде сайлаушылар көтерген түйткілдерді шешу бойынша Үкіметтің ақпараты тыңдалды. Бірқатар өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның жеті отырысында қаралды. Азаматтарды мазалайтын проблемалар бойынша мемлекеттік органдарға 419 депутаттық сауал жолданды.
Ерлан Қошанов депутаттар мен Мәжіліс Аппаратының қызметкерлеріне атқарылған жұмыс үшін, Үкіметке жемісті ынтымақтастық үшін, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне палата қызметін насихаттауға атсалысқаны үшін алғыс айтып, баршаға мықты денсаулық және қуатты әрі прогрессивті ел құру жолындағы жауапты қызметтеріне табыс тіледі.
