Мал шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніндегі негізгі көрсеткіштер жарияланды.
Қазақстанда ет өндірісі артып, мал басы көбейді
368
оқылды

Биылғы жылдың алғашқы төрт айында мал шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 1 триллион 158 миллиард теңгеден асып, нақты көлем индексі 103,5 пайызды құрады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жыл басынан бері елімізде 338 мың 200 тонна ет өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4 пайызға артты. Оның ішінде 126 мың 700 тонна құс еті, 112 мың 900 тонна сиыр еті, 41 мың 200 тонна жылқы еті, 34 мың 700 тонна қой еті және 16 мың 900 тонна шошқа еті өндірілген.

Сүт өндірісі де өсім көрсетіп, 986 мың 800 тоннаға жетті. Ал жұмыртқа өндірісі 1 миллиард 500 миллион данаға дейін ұлғайды.

Еліміздегі мал басы саны да артып келеді. Қазіргі таңда ірі қара мал саны 9 миллион 700 мың басқа, ұсақ мал саны 25 миллион 700 мың басқа, жылқы саны 5 миллион 100 мың басқа, ал құс саны 48 миллион 200 мың басқа жетті.

Құс шаруашылығы саланың негізгі қозғаушы күштерінің бірі болып отыр. Қазақстанда бүгінде 37 құс фабрикасы жұмыс істейді. Олардың жылдық өндірістік қуаты 4 миллиард 500 миллион жұмыртқаны құрайды. Сонымен қатар ет бағытындағы 32 кәсіпорын жылына 505 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы.

Импортты алмастыру және экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында жаңа құс фабрикалары іске қосылып, өндірістік қуат кезең-кезеңімен ұлғайтылуда. Алдағы жылдары құс еті өндірісінің қуатын қосымша 220 мың тоннаға арттыру жоспарланып отыр.

Сүт өндірісі бағытында да ірі жобалар жүзеге асырылуда. Қазір елімізде 373 сүт-тауарлы ферма жұмыс істейді. Олардың бірқатары цифрлық технологиялармен жабдықталған. 2030 жылға дейін жылына 600 мың тоннаға дейін өнім өндіретін жаңа фермалар салу көзделген.

Ет бағытындағы мал шаруашылығы инфрақұрылымы да кеңейіп келеді. Республика бойынша жалпы сыйымдылығы 575 мың басқа арналған 314 бордақылау алаңы жұмыс істейді. Оның ішінде Түркістан облысында Орталық Азиядағы ең ірі, 50 мың басқа арналған бордақылау кешені іске қосылған.

Саланы қолдау үшін 2026 жылы 117 миллиард 600 миллион теңге көлемінде субсидия қарастырылған. Сонымен қатар жеңілдетілген несие бағдарламалары мен жаңа қаржылық құралдар енгізілуде.

Мемлекеттік жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай Қазақстанда ірі қара мал саны 12 миллион басқа, ұсақ мал саны 28 миллион басқа жетеді деп күтілуде. Сонымен бірге ет экспортының көлемін 2,5 есеге арттыру көзделген.