АҚШ-тың Иллинойс штатында 24 жастағы Қазақстан азаматы Әсет Құралбай жұмбақ жағдайда із-түзсіз жоғалып кетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Threads платформасында жарияланған мәліметке сәйкес, Әсет 2 маусымнан бері туыстары және достарымен байланысқа шықпаған. Ал 7 маусымнан бастап оның ұялы телефоны мүлде сөнген.
Жақындарының айтуынша, жас жігіт үйінен шыққан кезде өзімен бірге жеке құжаттарын, банк карталарын және әмиянын алмаған. Барлық жеке заттары үйінде қалған.
10 маусым күні полиция Әсетке тиесілі Toyota Camry автокөлігін (мемлекеттік нөмірі DP 86722) тапқан. Бірақ оның өзі әлі күнге дейін табылған жоқ.
«Әсетті көрген немесе оның қайда болуы мүмкін екені туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтардан бізбен немесе оның отбасымен хабарласуды сұраймыз», – делінген әлеуметтік желіде жарияланған үндеуде.
Қазіргі уақытта жас қазақстандықты іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
